Кейінгі кезде ғаламторда «АУЕ» деп аталатын әртүрлі топ көбейіп кетті. Ірілі-ұсақты қалалардың қалтарыс көшелерінен де ара-тұра сондай жазуларды көзіміз шалып жүр. Бір қарағанда, ешкімге зияны жоқтай көрінетін үш әріп нендей мағына білдіреді? Жасөспірімдерге түрме заңын дәріптеп, қылмыс әлемінің ережесін ежіктеп түсіндіретін сайттар кімнің мүддесін көздейді? Ресейде экстремистік ұйым деп танылған қозғалысқа Қазақстан неге тыйым салмайды?
АУЕ – қысқарған сөз. Мамандар оның мағынасын «Арестантский уклад един» («Түрме тәртібі ортақ») немесе «Арестантское уголовное единство («Түрмелестердің қылмыстық бірлестігі») деп тарқатады. Қозғалыстың әуел бастағы мақсаты – абақтыдағы ішкі ережелерге бағынып, ұрыс-керістерді пышақ қолданбай, қан төкпей, бейбіт жолмен шешу еді. АУЕ идеологтары «сотталғандар – бір әлемнің адамы» деген қағиданы ұқтыруға талпынғанға ұқсайды. Алайда қазір АУЕ түрме қабырғасынан шығып, жастар арасында етек жайып барады. Әсіресе, көрші Ресейде өзінше бір субмәдениетке айналған. Бастапқы принциптері де біршама өзгеріске ұшыраған. Қозғалыстың ендігі мақсаты – түрме дегенді өңі түгіл түсінде көрмеген балаларға ұрылардың ұғымын (воровское понятие – ред.) сіңіру, зорлық-зомбылықты насихаттау, құқық қорғау органдарын жеккөрінішті қылу. Ресейдегі атышулы қылмыстарға, түзеу мекемелеріндегі көтерілістерге, түрмеден қашу оқиғаларына, жаппай тәртіпсіздіктерге, желіде экстремистік материалдар таратуға АУЕ-нің тікелей қатысы бар. Тіпті, бұл туралы мәлімет Путиннің де құлағына жеткен. Мәселен, биыл Ресейде 14 және 12 жастағы АУЕ мүшелері 8 жасар баланы аяусыз ұрып-соғып, артынша зорлап тастаған. Олардың пікірінше, жәбірленген бала ұрылардың ұғымына сәйкес түрме кодексін бұзған. Амал қанша, екі жасөспірімнің кішісі кәмелетке толмағандықтан, жазадан құтылып кетті. Былтыр Чита облысында АУЕ бандасы бүтін бір ауылға салық салып, жергілікті тұрғындардың төбесіне әңгіртаяқ ойнатқан. 2011 жылы Забайкальск аймағында 20 адамнан құралған қылмыстық топ жекеменшік фирмаға шабуыл жасағанда АУЕ туралы алғашқы ақпараттар там-тұмдап жариялана бастады. Қарақшылардың барлығы дерлік толық отбасында өскен, бірақ АУЕ идеясымен уланған жастар екен. Көшедегі көлденең көк аттыларға себепсіз соқтығу, дүкен тонау, полиция қызметкерлерін сабау – АУЕ-нің үйреншікті әдеті. 2018 жылы Свердлов облысында Дмитрий Рудаков деген 20 жастағы мүгедек жігіт АУЕ мүшелерінің қолынан қаза тапқанда орыс қоғамы ерекше шулады. Алдын ала сөз байласқан 14-16 жастағы төрт бозбала Дмитрийден темекі сұрап, гаражға ертіп апарып, асқан қатыгездікпен тепкілеп өлтірген. Қысқасы, Ресейде соңғы үш жылда АУЕ идеологиясын ұстанатын 31 ұйымның жолы кесіліп, 470 адам жауапқа тартылған. Тамыз айында Ресейдің жоғарғы соты АУЕ-ні экстремистік ұйым деп таныды. Бұдан былай қозғалыс идеясын насихаттағаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе 700 мың рубль айыппұл салу жазасы қарастырылған. Былайша айтқанда, заң АУЕ мүшелерін фашистермен, радикал-исламистермен теңестіріп қойды. Интернеттегі цифрлар жаға ұстатады. Жалпы, «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде АУЕ қозғалысын дәріптейтін мыңдаған топ құрылыпты. 4 231-і Ресейде анықталған, оған 9 млн 160 мың адам жазылған. Украинаға тиесілі 1 631 топты 13 млн қолданушы оқиды екен. Әзербайжанда 40 топ, Арменияда 22 топ, Грузияда жеті топ, Беларусьте 515 топ, Молдовада 21 топ ашылыпты. Қазақстанда 539 топ, 142 мың қолданушы тіркелген. Ал Lenta.ru сайтының дерегіне сенсек, біздің елде АУЕ 60 мың азамат АУЕ идеясымен әуестенеді екен. Басылымның мұндай ақпаратты қайдан алғаны белгісіз, бірақ жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайтыны бесенеден белгілі. Бір жақсысы, 2011-2017 жылдар аралығында Үкімет орындары арнайы заңсыз-ақ әлеуметтік желіде осы қозғалыстың біршама контентін бұғаттапты. Бірнешеуіне кіруге тырысып едік, «Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитетінің талабына орай бұл материал ҚР аумағында бұғатталған» деген мәтінге тірелдік. Бұған да шүкір дестік. Рас, АУЕ деп ат қойып, айдар тақпаса да, ұрылардың ұғымы сонау Ресей империясында пайда болып, Кеңес Одағында жалғасып, өткен ғасырдың 90-жылдары бүкіл ТМД көлемінде өрттей өршігені мәлім. Осы бір өлермен құбылыс үлкеннен кішіге, ағадан ініге, сыныптан сыныпқа жұққан. Қазақстанда 1991-1995 жылдары түрлі дәрежедегі миллионға жуық қылмыс тіркелсе, басым көпшілігін көшеде «тәрбиеленген» жасөспірімдер жасапты. Әлі де өзгерген нәрсе шамалы. Статистика төмендегенімен, сана сол қалпында қалған сияқты. АУЕ заңын ту еткендер ұрылардың ұғымын өз тұрғыластарына күштеп таңады. Әлсіздерден ақша бопсалап, оны түрмедегі «общакқа» жібереміз дейді. Бағынбаған балаларды қорқытады, мазақтайды, ортадан шеттетеді. Кім топтан бөлінгісі келеді дейсіз. Бірен-сараны болмаса, көбі «авторитетін» қызғыштай қорып, соның жолында бәрін істеуге дайын тұрады. Жасөспірімдер қылмысының бір себебі осында жатқаны анық. Құқық қорғау органдары үнсіз. Қазақстанда әлі күнге дейін АУЕ-нің қатысы бар дейтін бірде-бір қылмыс тіркелмепті. Бірақ Ақтөбе мен Өскемендегі өңірлік басылымдардың осы мәселені қозғап, дабыл қаққаны есімізде. Өз басымыз Алматы мен астананың қағаберістегі қуыс-қуыстарынан «АУЕ. Жизнь ворам» деген жазуларды талай көрдік. Осы мақаланы жазуға түрткі болған да сол.Айдар ДӘУІТҰЛЫ