Кінәні кімнен іздейміз?
Кінәні кімнен іздейміз?
5,216
оқылды

Футболдан Қазақстан ұлттық құра­масының бас бапкері Михал Билек Ұлт­тар лигасы аясында Литваға қарсы ше­шуші ойынды сәтсіз өткізіп, сын астында қалды. Қазіргі кезде түрлі спорт басы­лымы чех маманының жақын арада қыз­метінен кететінін, федерация чехиялық маманмен келісімшарт мерзімін ары қарай ұзартпайтынын жарыса жазуда.

Қыркүйек айында Вильнюста өткен ойында біздің футболшылар Литвадан 2:0 есебімен басым түсіп, мерейімізді тасытып, топтан шығуға үмітті екенін байқатқан. Бірақ сол ойыннан кейін Қазақстан құрамасы білгенінен жаңылып, топта ұпай таратушыға айналды. Спорт журналисі Өмірбек Сан­сызбай өз алаңымызда өткен ойында фаворит саналған құрамамыздың үш ұпайды еншілей алмай қалғанына наразылығын білдірді. – Қазақстан ұлттық құрамасын 2019 жылы тізгіндегелі бері чех маманы айтулы жетістікке жете алмады. Тек Билектің жетекшілігімен ұлттық құрама Молдовадан, әсіресе жақында Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алған Шотландиядан басым түсіп, алғашқы ойындарын жақсы нотада бастады. Одан кейінгі ойындары ұнамады. Ұлттар лигасының С тобында  құрамамыз соңғы орын алды. Албаниядан басқасы деңгейлес құрамалар ғой. Ұпай алып, тым болмағанда 2-орын алуға да болатын еді. Екі дейміз-ау, үштің өзі арман болып қалды. Литвамен ойын бас бапкер үшін маңызды әрі шешуші матч болатын. Турнир барысында тактикалық жағынан да, басқа жағынан да Билек қатты қателесті, – дейді ол.  Расымен, осыған дейін чех маманының әр ойын сайын бес қорғаушыны алаңға жіберетіні жанкүйерлердің ашу-ызасын туғызып келді. «Астананың» негізгі қорғау­шысы, ұлттық құраманың ойыншысы Дмит­рий Шомконың оқу-жаттығу жиынына шақырылмауы да біз үшін жұмбақ күйінде қалды. Ол туралы Билектің өзі жарытып еш­теңе айта қоймады. Оның үстіне, бас бап­кер деңгейлес құрамалармен кездесуде де шабуылдан гөрі қорғанысқа көбірек иек артып, ойыншы алмастырғанда да сәтті таңдау жасай алмады. «Астананы» да жаттықтырған тұста сол ойын жүйесін клубқа әкелгісі келді. Әкелді де. Алайда чех маманының мұны­сынан түк шықпады. Қорыта айтқанда, Билек жаттықтырған Қазақстан құрамасы мен «Ас­тана» командасы спорт сахнасында сәтті өнер көрсете алмады. Спорт сарапшысы Мадияр Қазыбек бар кінә федерация басшылығында деп есептейді. Федерация ауыспай құрамадан нәтиже күтудің өзі дұрыс емес деп қалды бір сөзінде. – УЕФА-ға өткенімізге 18 жылды бол­ды, 18 жылда ресми ойындарда 18 рет же­ңіске жете алмадық. Кешегі ойын біздің фут­болдың шынайы бет-бейнесін ашып бер­ді. Жастарымыз да Фарер аралдарының жет­кіншектерінен 2:3 есебімен масқара болып жеңілді. Біздің футболдың қаншалықты былық­қа белшесінен батқанын осыдан-ақ ба­ғам­дай беруге болады, – дейді Мадияр.  Бір қызығы, Литвамен ойыннан кейін Билек баспасөз конференциясында Албания мен Беларусь құрамаларының Қазақстаннан әлдеқайда мықты екенін, топта 3-орынға таласқанын ашық айтты. Осыдан кейін федерация басшылығы кімге сенім артқан деген ойға қалғанымыз рас. Егер бапкер командасымен алдына жоғары мақсат қоя алмаса, ойыншыларын жеңіске жетелей алмаса, қол астындағы футболшыларының өнеріне күмәнмен қараса, одан қандай нәтиже күтуге болады? Алған айлығын ақ­тамаса, шетелдік бапкерден не қайыр? Бұл ретте федерацияның да бапкер таңдауда қа­телескенін анық байқауға болады. Қош, сонымен Михал Билек 2 жыл ішінде қандай жетістігімен есте қалды? Осыған тоқ­талайық. Құрамадағы алғашқы ойынын (жолдастық кездесу) Молдоваға қарсы өт­кізіп, 1:0 есебімен жеңді. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ретіндегі ең үздік ойыны Қазақстан – Шотландия арасындағы кездесу болды. Сол матчта біздің құрама 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Артынша Сан-Мариноны 4:0-мен жеңіп, Ресейден дәл осы есеппен жеңілді. Михал Билектің баптауымен ұлттық құрама жалпы саны 17 ойын өткізген екен. Соның төртеуінде жеңіп, үшеуінде тең түстік, он ойында жеңілістің ащы дәмін таттық. Билектің келісімшарты қаңтар айында аяқталады. Бұл туралы бас бапкердің өзі мәлімдеді. Алайда федерация басшылығы чех маманымен ертерек қош айтысуды құп көріп отырған сыңайлы. Оның орнына кім келері әзірге белгісіз. Спорт сарапшылары Владимир Вайссты, Владимир Чебурин, Григорий Бабаянды құраманы баптауға басты кандидат санап отыр. Жаттықтырушыға жарымаған Қазақстан ұлттық құрамасы үшін 18-бапкер құт әкелсе екен дейміз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ