14 қараша күні, сағат 15.00-де Зарина Алтынбаеваның «Абай» операсындағы «Ажардың» ариясына музыкалық бейнебаянының алдын-ала көрсетілімі болады. Клиптің режиссері Заринаның әпкесі – Мадина Алтынбаева. Іс-шара Зарина Алтынбаева жетекші опера солисі болып қызмет ететін Абай атындағы ҚМАОБТ-да өтеді.
Аты аңызға айналған операның алғашқы қойылымынан бері 75 жыл өтті. Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған бұл шығармаға композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди бар жан дүниесін салған.
Зарина Алтынбаева Абай атындағы ҚМАОБТ сахнасында Ажар рөлінде театр маусымын бірнеше рет ашқан, сондай-ақ аталған партиямен Палиашвили атындағы Тбилиси опера және балет театрында (Грузия) өнер көрсеткен.
«Л.Хамиди мен А.Жұбановтың ұлы қазақ музыкасына құрмет көрсету, өскелең ұрпаққа Мұхтар Әуезов, Абай Құнанбаев сынды ұлы тұлғаларды еске салу – опера театры әртісінің борышы осы емес пе? Мен классикалық өнердің үлкен табынушысымын, оны сүйемін, және көпшіліктің мінсіз музыка тыңдап, Ажар мен Айдардың мәңгілік махаббатының тарихын ұғынғанын қалаймын»,– дейді Зарина Алтынбаева.
Естеріңізге сала кетейік, Зарина биыл жазда Италиядан жүлдемен оралды. Ол «Montecatini Opera Competition 2019» халықаралық опера байқауында 2 орынға ие болды және Италияның «Parma Opera» опера театрымен 2020 жылға келісімшартқа отырды.
Бұдан бөлек, Заринаның көптеген жетістігі бар: Tokyo Music байқауындағы жеңісі, Универсиаданың ашылуында Димаш Құдайбергенмен дуэті, Star of Asia марапаттары, «Жыл адамы», тіпті классикалық музыкалық жеке альбомы шыққан.