Алматыда жаңбырдың суына жуынып, қарды ерітіп ішіп отырған ауылға таза су беріле ме?
Алматыда жаңбырдың суына жуынып, қарды ерітіп ішіп отырған ауылға таза су беріле ме?
107
оқылды

Алматы іргесіндегі Байтөбе ауылының тұрғындары судың азабын тартып отыр.

Су жүргізетін компания халықтан ақшаны жинап алып, бастаған істерін тастап кеткен. Амалы таусылған жұрт енді ауызсуды сатып ішіп, үнемдеп, кір-қоңын құдық суына жууға мәжбүр. Телеарнаның мәліметінше, қара суды үнемдеу Айсұлу Қантаева үшін үйреншікті жайт. Көпбалалы ана бала-шағаның кір-қоңын қыста қардың, күзде жаңбырдың суына жууға мәжбүр. Себебі, суды сатып алуға жас отбасының қалтасы көтермейді.

Байтөбе ауылының тұрғыны Айсұлу Қантаева: «Айына 15-20 мың теңге кетеді. Өте қиын. Күйеуім ғана табыс табады. Үйді салған несиеміз бар. Осы төрт баланың ақшасының жартысына су алып отырамыз. Ішкенге ғана қолдануға тырысамыз. Қардың суын жылытып, кір, ыдыс жуғанға қолданамыз», –­­ дейді. Байтөбе халқына ауызсу алтыннан да қымбат. Тіршілік нәрінен тарыққан тұрғындар аптасына бір рет келетін су таситын көлікке кезекке тұрады. Көпшілік асыға күтетін бұл көлік келмей қалса жұрттың көрген күні қараң.

Айта кетейік, ауылға су құбырын тарту үшін бұқара бір жыл бұрын «Бек-Су» компаниясына 5 миллион теңгеге жуық ақшаны санап беріпті. Алайда жауапты мекеме бастаған жұмысын аяқтауға құлықсыз дейді жиналғандар.

Ахат Ережепов, Байтөбе ауылының тұрғыны: «Бір аптада қосып беремін деп әлі созып жүр. Алдында хабарласқанбыз. Сол кезде де бір апта деген. Содан кейін телефонын алмайды. Көрші ауылдан да барып аламыз. Су таситын көлік кей кезде бұзылып қалады. Техниканың аты техника ғой», ­– дейді.

Көгілдір отын тарту да халықтың бас ауруына айналған. Себебі, газды үйге кіргізу құны аяқасты қымбаттап кетіпті. Үлкен Алматы айналма жолы ауылдың дәл іргесінен салынып жатыр. Тұрғындар Еуропа мен Азия арасын жалғайтын осы автокөлік дәлізі пайдалануға берілсе қалаға шыға алмай, қамауда қаламыз ба деп қорқады. Тіпті, болашақта елді мекенге не жедел жәрдем қызметі, не құтқарушылар кіріп-шыға алмауы да мүмкін. Берік Балтабаев, Байтөбе ауылының тұрғыны: «Жоба жасалған кезде үйлер тұрды ғой. Ауыл Алматыға барады ғой деген жол болу керек қой. Сұрайтынымыз айналма жолдан өтетін жол керек. Бала-шағамызды мектепке апарып, жедел жәрдем келетіндей», – деп жол проблемасын айтты, Іргелі ауылдық округінің әкімі айналма жолдың айналасындағы кезінде сатылған жерлер ешқандай елді мекеннің шекарасына кірмейтінін жеткізді. Тиісінше, ондай ауылға қазынадан қаржы қарастырылмайды дейді шенеунік.

Іргелі ауылдық округінің әкімі Абылай Ысқақов: «Қазір біз ол жерге ауызсу, жол сала алмаймыз. Себебі, ол елді мекеннен тыс жерлер. Ауылдың іші болса аудандық бюджеттен қаржы сұрауға болатын еді. Бас жоспар бекітілу керек. Содан кейін айналма жолдың бойында мектеп, саябақ та болады. Жоспар бойынша 30 мыңға жуық халық тұру керек», – деп жауап берді.

Жұрттың жанайқайын кабинетінде отырып тыңдаған атқамінер көмек қолын созуға дайын екенін айтады. Ол үшін тұрғындар су тартып беруі тиіс мекеменің үстінен арыз жазу керек. Ал әзірге тұрғындарға ауызсуды сатып ішіп, үнемдеп пайдаланудан басқа амал жоқ.