Бұрынғының балалары өрмекші мен тышқаннан, қараңғыдан қорқатын. Қазір қолынан смартфонын тартып алсаң, жылайды. Мұның ересектерге де қатысы бар. Ғылым бұған арнайы атау берген – номофобия.
Біз смартфонға қаншалықты тәуелді екенімізді байқамаймыз. Кейде телефонды үйде ұмытып кетеміз. Көпшілігіміз жұмысқа кешігетінімізге қарамастан смартфонды алуға үйге жүгіреміз. Жанымыздан тастамаймыз. Номофобия – кеңістікте телефонсыз қалудан қорқу. Қазіргі зерттеулерге сүйенсек, әрбір жас – номофоб. Ұлыбританияда жүргізілген зерттеуге қарасақ, Британия халқының 53%-ы телефонын жоғалтса, қуаты бітсе және желісіз қалса, беймаза күй кешетінін айтқан. 9%-ы смартфоны өшіп қалса, қатты уайымдайтынын жеткізген. Әрбір оныншы қатысушы жұмысына байланысты телефонды үздіксіз қолданады екен. Респонденттердің жартысынан көбі «телефонымызды мүлде сөндірмейміз» деп жауап берген.
«Номофоб екенімді қалай білуге болады?» Жиі қойылатын сұрақ. Телефоныңызды үнемі жаныңызда ұстайсыз ба? Тіпті, жуынатын бөлмеге алып кіресіз бе? Кез келген жұмысты гаджетпен атқарған ұнай ма? Онда сіз – номофобсыз. Уайымдамаңыз, одан арылуға мүмкіндік бар. Әзірге номофобия халықаралық аурулар классификациясына кірген жоқ. Бірақ әлемдік психологиялық қоғамдастық аталған тақырыпқа мән беріп отыр.
Номофобия – психологиялық мәселе. Оның себебі мен салдарын бейсанадан іздеу керек. Психолог Балабек Сақтағановтың айтуынша, номофобтар – көбінесе әлеуметтік байланыс орната алмайтын, қалыпты ортада қарым-қатынас жасай алмайтын адамдар. Олар жиі күйзеліске ұшырайды, мазасызданады. Ал гаджетті жаңа кеңістікке қарайтын «терезе» ретінде қабылдайды. Олар телефон арқылы сөйлесе алады, оқи алады, фильм көреді. Бір сөзбен айтқанда, өзінің ішкі бос кеңістігін толтырады.
Психолог сөзінің жаны бар. Ортамен қарым-қатынас жасауға тіксінетіндер смартфонда «өз әлемін» құрады. Мұны эскапизм деп атайды. Яғни, оффлайн өмірден онлайнды жөн көру. Өйткені номофобтар кейде тәулік бойы телефонға «байланып» отырады. Әлеуметтік желі мен поштасын тоқтаусыз тексеріп, бір белгінің келерін күтеді. Хабарлама келсе, қоңырау шалса, елегізіп отырады. Телефонын түгелдей бақылайды. Таңертең тұра сала, экранға қарап, кім не жазғанын тексереді. Бұл денсаулыққа кері әсерін тигізеді. Тіпті, кейбір номофобтар ұйықтар алдында гаджеттегі интернетті өшірмейді. Хабарлама келсе, жауап бере алмаудан қорқады. Түні бойы миы демалмай, ертеңіне дел-сал болып жүреді. Байланыс жоқ жерде өзін қоярға жер таппайды. Оларға уақытын достарымен емес, смартфонмен өткізген қызық.
Адамның телефонсыз қалудан қорқуының бірнеше себебі бар. Мысал ретінде телефонда жеке, құпия ақпаратты сақтауды қарастырайық. Мұндайда адам смартфонын қадағалаусыз қалдыруға қорқады. Шамадан тыс үрейленеді. Егер мұндай қорқыныш басым болса, арты фобияға айналады. Жалпы, номофобтарды екі түрге жіктеуге болады. Біріншісінде фобияның бастапқы белгілері білінеді. Олар телефонға қарсы күрес жүргізсе, нәтиже көрсете алады. Ал келесілері өмірді ұмытып, смартфондағы әлемге еніп кеткендер. Бұлармен психологтар кешенді жұмыс жүргізеді. Ішкі әлеміндегі бос орынды смартфонмен емес, басқа пайдалы затпен алмастыруды үйретеді.
Психологтың айтуынша, номофобиямен әркім күресе алады. Алайда маман кеңесін алу артық етпейді. Әсіресе, телефонды екінші әлемге теңейтіндер үшін.
«Номофобия белгілерінің санаңызда бар екенін мойындасаңыз, ол сіздің психикаңызды толық жаулап үлгермегенін білдіреді. Тәуелділер жалғыздық пен түрлі комплекс сезімін қалай жояды? Ең дұрысы – басқа нәрсеге тәуелділік. Тар шеңберден шығу үшін жеке қақтығыстармен күресу керек» дейді психология ғылымдарының докторы Балабек Кеніштайұлы.
Номофобияны жеңу үшін ішкі күресті біртіндеп жүргізген дұрыс. Бәрін бір мезгілде орындаймын деп асықпаңыз.
Таңертең бірден экранға қарамау үшін түнде телефонды жатар орыннан алшақ қойыңыз. Смартфонды жуынатын бөлмеге алып кірмеңіз. Өзіңізге арнайы шарт қойыңыз, әрі үнемі орындаңыз. Кейіннен тапсырманы күрделендіріп, асүйде қарамауға тырысыңыз. Ақырында, смартфонды өзіңізбен бірге бөлмеден-бөлмеге тасуды тоқтатыңыз. Гаджетті бөлмеде немесе арнайы орынға қоюды ойластырыңыз. Жұмыс уақытында керегіңізді компьютерден іздеңіз. Достармен кездесуде, киноға барғанда, сапарға шыққанда смартфонды жадыңыздан шығарыңыз.
Келе-келе телефонды бір мезгіл өшіруді үйреніңіз. Мысалы, демалыс күні смартфоннан жарты сағатқа алыстаңыз. Біртіндеп осы уақытты ұлғайтыңыз. Әлеуметтік желіні жиі сүзгіден өткізуді кейінге қалдырыңыз. Осылайша, біраз уақыт өткен соң телефонның аса қажет құралдардың қатарында емес екенін түсінесіз.
Оффлайн өмірді көңілді өткізуге болады. Бәрі өзіңізге байланысты. Достарыңызды серуендеуге шақырыңыз немесе саябаққа барыңыз. Дыбысын өшіріп және қоршаған ортамен байланыста болыңыз. Смартфондағы қолжетімді ақпаратты басқа дүниемен алмастырып үйреніңіз. Мысалы, кітап оқып, компьютерде қажетті ақпаратты іздеп, ал фильмді теледидардан қараңыз. Мұның бәрі өмірдің ұялы телефонда емесін көрсетеді. Кішкентай гаджетке күллі дүниені сыйдырдық дейтіндер бар. Бірақ әлем оффлайнда қызығырақ.
Өткенге қарасақ, адамзат телефонсыз да тіршілік еткен. Той не ас берсе, бір жыл бұрын сауын айтқан. Алыс жерден хабар алып, байланыс орнатқан. Аталған мысалдар телефонсыз өмір сүріңіз демейді. Тәуелділікпен күресе білуге үндейді. Айналаны тануға шақырады. Номофобияны жеңумен қатар мүмкіндігіңізді сынаңыз. Мүмкін сіз өзіңіз ойлағаннан да байқампаз шығарсыз?
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ