Нарықты шетелдік банктер жаулай ма?
Нарықты шетелдік банктер жаулай ма?
192
оқылды

Қазақстанның қаржы әлемін желтоқсанда жаңалықтар тосып тұруы мүмкін. Себебі 16 желтоқсаннан бастап елімізге шетелдік банктердің емін-еркін кіруіне рұқсат беріледі. Еліміздің резиденті емес банктердің филиал ашуына бұрын тыйым салынған еді. Бәсекелестердің кіруіне бес қаруын сайлауға жергілікті қаржы институттарына бес жыл мерзім берілген. Уақыт өтті. Бұл біздің экономикаға қалай әсер етеді? Қазақ­стан шетелдіктерді қызықтыратындай тартымды ма? Шетелдіктер келіп, комиссия мен пайыздық мөлшерлеме төмендей ме?

Шетелдік банктерге қандай талап қойылады?

Қаржы нарығын реттеу және да­мыту агенттігі басқармасының 2020 жыл­­ғы 21 қыркүйектегі №86 қау­лы­сын­да бейрезидент банк филиалын ашу­­ға рұқсат беру қағидалары, сондай-ақ филиал қызметін жүзеге асыру шарт­­тары бекітілген еді. Қаулыға агент­­­тік төрағасы Мәдина Әбілқа­сы­мова қол қойған. Енді бір айдан аз уа­қыттан соң, қаулы күшіне енеді. Қы­зық­­тың көкесі содан кейін басталатын сыңайлы. Аталған құжаттағы ережелер мен та­лап­тар бейрезидент ислам банктеріне де ортақ. Демек, әлемнің кез келген ба­ғыттағы банкі бізден орталық ашып, ісін жүргізуге рұқсат алады деген сөз. Ал енді филиал ашу үшін не керегін де ай­­та кетсек. Бейрезидент банк өкілетті ор­­ганға «бір қап құжат» өткізуі тиіс. Қы­с­қаша айтқанда, банк туралы ақ­па­рат, Қазақстанда ашылатын филиалдың биз­­нес-жоспары, ол жерді кім бас­қара­тыны ту­ралы мәлімет, аймақтағы жеке орын­ның бар екенін растайтын құжат, қай жерде орналасатыны сияқты де­рек­терді келтіруі тиіс. Сонымен бірге шетелдік банктің біз­де ашылатын филиалының бизнес-жос­парында алдағы 5 жылға арналған  жыл­дық қаржы жоспары болуы да мін­детті. Бұл дегеніміз – негізгі қаржылай көр­сеткіштер есебі, бюджет, бухгал­тер­лік баланс, кіріс пен шығын туралы есеп, қаржыландыру көлемін,  бәрін жайып салуды міндеттейді деген сөз.

Қазақстанда бәсеке бар ма?

Дүниежүзілік сауда ұйымы ел­дерінің қа­тарына кіру туралы ке­лісімшарт аясында Қа­зақстан шетелдік банктерге құшақ ашуы тиіс екенін айттық. Ендеше 16 жел­тоқсаннан соң ел есігін қағып, кі­руге рұқсат сұрайтын банк көп пе? Жалпы, бізге деген қызығушылық қандай? Осы сауалдардың туын­дауы – заңды. Қарап отырсақ, бү­гінде қандай да бір банктің жемісті жұмыс істеуі үшін бірінші кезекте операциялық қызметті жақсы көр­сете білу маңызды. Бұл тұрғыдан ал­ғанда, шетелдік банктердің қандай жаңалықпен келетіні қызық. Себебі жергілікті банктер қызметтің бұл түрін көрсетуге ысылып үлгерген. Тіпті, Halyk Bank пен Kaspi ха­лық­аралық нарыққа шығып жатыр. Яғни, қазақстандық нарықта қазіргі таңда бәсеке бар десек бо­лады. Енді банктерге бизнес-про­­цестерді қайта құрып, пайда­ла­нушыларға қажет ақпаратты жыл­дам әрі оңай табуға, тың ұсыныс пен өнім дайындауға мүм­кіндік сыйлайтын клиенттермен жұмыс істеу тәжірибесіне ден қойған жөн. Әдетте шетел банктері біраз уақыттан бері жұмыс істеп келе жат­қан корпоративтік клиенттердің соңынан еріп келеді. Себебі бұл – банкке де, клиентке де оңтайлы тәсіл. Осыдан кейін ба­рып банктер бөлшек бизнесті де біртіндеп қол­ға ала бастайды. Ендеше шетелдік банктер онлайн қызмет енгізіп, қар­жылай техникалық компаниялар ретінде инновациялық тартымды ұсыныстармен келуі мүмкін. Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің айтуынша, кейбір шетелдік банк­тер елімізге көз салып отырған кө­рінеді. «Жалпы, нарыққа келген кез келген ойыншы жергілікті банк­­тердің да­муына көмектеседі. Яғни, шетелдіктердің келуі біздің банктердің белсендірек жұмыс істеп, бәсекелесуіне мүмкіндік береді. Егер 2-3 бейрезидент келетін болса, олар жергілікті менеджерлерді жалдап, оларға жаһандық тәжірибелерді үйретеді. Мысалы, бүгінгі таң­­дағы ең мықты банкирлер – кезінде шетелдік қаржы институтында жұ­мыс істегендер», – дейді сарапшы.

Шетелдіктер келсе, не болады?

Иә, банктеріміз заман көшіне ілесуге ты­рысып-ақ жатыр. Жұ­мыс істеу, клиенттерге қыз­мет көр­сету сапасына көптің көңілі толмаса да, ТМД елдері ішінде бізде сапа әлдеқайда жоғары. Де­генмен мәселе экономика, ши­­кізатқа тәуелділік, мемлекеттің ара­ласуынан туындайды. Себебі бізде тегін бюджетің қа­ра­жа­тынан несие беріледі. Бұл банктерге біршама соққы болып тиетіні бар. Центркредит банкінің бас­­қар­ма төрағасы Ғалым Құ­сайын Қазақстанға шетелдік бәсе­келес­тердің келуіне қатысты мынадай пікірде: «Жаһандық ойыншылардан бізге соншалықты келіп-кетер пайда бола қоймас деген ойдамын. Ресейлік банктер келуі мүмкін. Бірақ бізде бұл елдің барлық дерлік банкі жұмыс істеп жатыр. Қазақстанда бәсеке жоғары, ал өткен жылдардың тәжірибесі екінші деңгейдегі шет­елдік банктер үшін Қазақстан – тәуекелді басқару тұрғысынан ал­­ғанда, түсініксіздеу ел болып тұр. Мүмкін, олар жеке жаһандық жобаларды жүзеге асыруға келер, бірақ отандық нарықта шет­елдік банктердің даму трендін көріп тұр­ған жоқпын». Шетелдік банктердің келуі клиент­­тердің жан-жаққа сабылуын да білдіруі мүмкін. Себебі тиімді ұсыныстар құлаққа жетсе, сол ба­ғытқа қарай ығысуға көпшіліктің бейім екені бел­гілі. Дегенмен бірден ат құйрығын кесісе қоймас. Себебі шетелдік банктерде жергілікті қаржы институттары ұсынатын қыз­меттің бәрі бірдей бола бермейді. Бәлкім, оларға нарықтан орын алу үшін уақыт керек болар. Ал енді корпоративті клиенттердің мәселесі сәл бөлектеу. Себебі бірінші кезекте ауысуға дайын тұратын да – солар. Мәселен, кезінде Сбербанк келгенде осыған ұқсас жағдай болған. Жалпы алғанда, жаңа банктер жеңілдетілген бағамен жабдықтар, тауарлар әкелсе, клиенттердің кетуі ықтимал.

Төмен пайызбен несие алар күн туа ма?

 Осы ретте шетелдік банктер тара­пынан берілетін несиелерге тоқталсақ. Көпшілік ба­тыс ел­деріндегідей төмен пайызбен бе­рі­летін несиені «армандайды». «Біз­ге қашан сол күн туар екен?» деп жүргені де жасырын емес. Не­гізі, шетелдік банктерге теңгелей депозиттік база қажет. Ал база жа­сақтау үшін теңге жинау керек. Со­дан кейін барып несие бере алады. Ал доллармен несие беру мәселесі қалай болары әлі белгісіз. Расул Рыс­мамбетов доллармен берілетін несиелер бизнес үшін жақсы әсер етуі мүмкін дейді. «Бизнесті дамытуға бағытталған долларлық несиелерді алар болсақ, шетелдік банктердің келуі мөлшерлемені азайтуы мүмкін. Олардың ақша алатын қор базалары тәуекелдерді ескерген күннің өзін­де әлдеқайда арзандау болады. Сон­дықтан кәсіпкерлерге арналған арзан несиелердің пайда болуы әбден мүмкін», – дейді экономист. «Қарыз берушінің жүйелі жә­не специ­фикалық тәуекелдері өтім­­ді әрі табысты көп әкелетін әлем­­дік құнды қағаздарға қа­тысты тәуекелдерден асып түседі. Соған байланысты шетелдік банктер жо­ғары несие мөлшерлемесін ұстанады деп ойлаймын. Болмаса, қазіргі мөлшерлемелермен ша­малас бо­лады. Тіпті несие бермеуі де мүм­­­­­­кін. Екіншіден, отандық де­по­­зиторлардың қаражатын белсенді алса, салымдардың мөл­­шерлемесі қазіргіге жуықтау болатын бол­са керек. Қазақстан аумағында шет­елдік ойыншылар реттеуші ортаға тап болатынын ескерсек, отандық банктермен теңеседі», – дейді эко­номист Владислав Туркин. Соңғы он жылда бізге келген шетелдік банктердің көбі нарықтан шығып кетті. Мы­салы, күні кеше лицензиясынан айырылған Tengri банкті алайық. Иесі – үндістандық Pundjab National Bank. Былай қарасаңыз, шетелдік акционердің шағын қаржы институтын сақтап қалуға ақшасы жетпеуі мүмкін емес. Себебі активінің көлемі – 120 млрд доллар. Қолынан келсе де, тырыспады. Осындай жағ­дайларға қарасақ, Қазақстанға шетелдік банктер қызықпайтын секілді деп те ойлауға болады. Бүгінде шетелдік банктердің біздегі «балалары» аз емес. Бірақ оларды бәсекеге ай­тарлықтай қабілетті деуге келмейді. Де­генмен сервис сапасы, дамыған технологияларды ұсынуға келгенде мықты екенін мойындау ке­рек. Бәлкім, сол «бала банктер» сатылып, кейіннен филиал ретінде ашылуы да мүмкін. Бұл тақырыпқа қатысты болжамды сценарий көп. Қайсысы орындалары алда белгілі болады.

Жадыра АҚҚАЙЫР