Қызылорда өңірінде атадан балаға мирас болған жырдың қоңыраулы көші Нұртуған, Нартай, Жиенбай жыр мектептері арқылы дамып, өркендеп отыр. Бүгінгі жыр көшінің бастаушысы Алмас Алматов «Көрғұлы» музыкалық-эпостық жинағына Жиенбай әулетінен ғана 36 мақамның енгенін айтады. Осының өзіақ Жиенбай жыр мектебінің рухты қуатын көрсетіп тұр.
Дәл осы жәдігерліктің тінін жалғап келе жатқан өнер тұлғасы, жырау Арнұр Көшенеев туралы айтпау мүмкін емес. Арнұрдың біз дерегін білетін төртінші атасы Дүзбенбет дуалы ауызды кісі болған деседі. Дүзбенбет баласы Жиенбай – өз заманының дарабоз жыршысы, жыраулықтың жампозы атанған өнер иесі. Рүстембек әке жолымен жүріп, өзін барша жұртқа жыраулық өнерімен мойындатады. Рүстембек баласы Көшенейдің де өмірі тым келте болған. «Азырақ жүріп ортаңда, көңіліңде қалсам көбірек» демекші, Мәскеуде оқып жүрген өнерпаз қапыда қаза болғанда бар-жоғы 27 жаста еді. Көшеней – дидарын көрмеген мыңдаған адамды дүр өнеріне тәнті қылып, қаза қайғысына жылатқан жан. Көшенейдің бірге туған бауыры Бидас – әкесі Рүстембек жыраудан тәлім алған ізбасар. Көп жыл білім ордаларында ұстаздық етті. Мәдениет саласының үздігі атанып, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.Оның жыр қоржынында «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты алып эпостардан бөлек бірнеше Сыр сүлейінің көлемді терме-толғаулары бар.Көшенейден 4 перзент тараған. Бәрі де жыр айтады. «Домбыраңды қолға ал» десе, тартынатын бірі жоқ. Атадан аманат болып келе жатқан жыраулықтың байрағын түсірмей, байламын босатпай келе жатқан қас жүйрік – Арнұр. Бұл – халықтың бағасы. Арнұр Көшенеев өнер жолындағы оқуын Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда бастап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін бітірген. Жыршы-жыраулардың көптеген байқауында жүлдегер болған жүйрік. 2007 жылы Тұрмағамбет шайырдың 125 жылдығына арналған республикалық жыраулар байқауында бас жүлде «Джип» автокөлігін иеленген. Бұл еліміз бойынша жыраулар байқауына тігілген ең алғашқы қомақты жүлде болатын. Міне, осыдан кейін жыраулар байқауы жиіледі, құзыретті орындар тарапынан көзқарас кеңейді. Арнұр бүгінде Шәмшат Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйінің директоры болып қызмет етеді. Өнер жанашыры осы қызметке барғалы біраз игі істің ұйытқысы болды. «Аймақтар аламанын» ұйымдастырып, танылмай жүрген қанша жас өнерпаздың тұсауын кесті. Аудандық мәдениет және клуб үйлерінде қазір 1200-ге тарта тұрақты мүшесі бар 90 үйірме жұмыс істейді. Егер біз осы үйірмелер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар мен олар жеңіп алған жүлделерді атап-түстесек, соның басында жампоз жырау, іскер ұйымдастырушы Арнұр Көшенеевтің тұрғанын айтуға тиіспіз. Жас мамандар арасындағы «Жас маман – 2019» атты облыстық байқауда Халық театрының режиссері Мадияр Махамбетұлы топ жарып, бас жүлдені иемденді. «Үздік үйірме жетекшісі – 2019» облыстық байқауында МДК меңгерушісі Ғалымжан Шакизада бас жүлде алды. Облыстық «ХХІ Бозторғай» балалар шығармашылығына арналған байқауында көркемсөз оқудан Ақсұңқар Айдынұлы бас жүлдеге лайық болды. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Ұлағат болсын ұлыңа, ғибрат болсын қызыңа!» атты әжелер ансамбльдерінің облыстық байқауында «Әжелер» ансамблі арнайы жүлдемен марапатталды. Облыстық мәдени-үгіт бригадалары арасындағы «Жастары белсенді елдің – ертеңі жарқын» атты байқауында «Өрлеу» үгіт бригадасы бас жүлдемен оралды. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Айқаракөз» би тобы Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Нұрлы жастар» атты республикалық өнер фестивалінде І орын, Шымкентте өткен «Таңғы шұғыла» республикалық байқауында І орын, Алматыда өткен Emotion Dance KZ республикалық би байқауында Гран-при жеңіп алды. Осылай санамалай беруге болады. Елге пайдасы тиген ер жігіттің ертеңі жарқын болары анық. Арнұрдың алар асуы да, атқарар жұмыстары да әлі талай игі сөздің жүйесіне айналар.Мәдениет саласының үздігі, жауһар жырдың асыл арқауы Арнұр Көшенеевтің жыр қорында эпостық жырлармен бірге Сыр сүлейлерінің көлемді шығармалары да бар. Баяғы таңды таңға ұрып жырлайтын жыраулардың көзі ортамызда жүргенін білмейміз кейде. Алайда алтынның сынығы да алтын, ол – жарқырамай тұра алмайтын бір сиқыр.Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы