Тоғыз жасар вундеркинд диплом алады
Тоғыз жасар вундеркинд диплом алады
163
оқылды

Таяуда нидерландылық 9 жасар Лоран Симонс жоғары білім дипломының ең жас иегері атанады, ол бірнеше айдан кейін Эйндховен техникалық университетін бітіреді,–деп жазады bbc.com.

Әзірге жоғары білім дипломының ең жас иегері – 10 жасында Алабама университетінің түлегі атанған америкалық Майкл Карни.

Лоран Симонс электротехника факультетінде оқып жатыр. Дарынды бала Университетке бір жыл бұрын ғана түскен.

Вундеркинд оқушы алты жылдық орта сынып бағдарламасын 1,5 жылдың ішінде игеріпті, осылайша сегіз жасында орта білім туралы аттестатқа ие болады.

Жазғы каникулдан кейін ол университетке түсіп, жоғарғы оқу орнының бағдарламасын курстастарынан бұрын тез арада игеріп алыпты.

Баланың IQ деңгейі 145-ке тең, ол сонымен қатар, фотографиялық есте сақтау қабілетіне ие. Лоранның айтуынша, оның сүйікті пәні – математика. Десе де ол болашақта кардиохирург болуды армандайды. Дарынды баланың мақсаты – адамдардың өмір сүру жасын ұзарту.

Лоран Симонстың анасы – голландиялық, әкесі – бельгиялық. Бала Бельгияда дүние келген, кейіннен отбасы Нидерландыға қоныс аударыпты. Ата-анасының айтуынша, олар отбасында вундеркинд өсіп келе жатқанын ерте байқаған. Әкесі ұлының кішкене кезінде де ойыншыққа аса қызықпағанын айтады. Лореннің ата-анасы баласы болашақта қандай кәсіпті таңдаса да оның шешімін қолдаймыз деп отыр.