Қазақстанда тегін таратылатын онкодәрілер Ресейде сатылған
Қазақстанда тегін таратылатын онкодәрілер Ресейде сатылған
5,160
оқылды

Ресейде қазақстандық онкологиялық науқастарға тегін берілетін дәрі-дәрмектер сатылғаны анықталды. Дәрі-дәрмектің бір қорабының бағасы миллион теңгеден асады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

«Қазіргі уақытта біздің онкологиялық өнімдеріміз шетелде, атап айтқанда Ресейде сатылатыны туралы ақпарат алдық, оларды СК-Фармацияның бір дистрибьюторы сатып алады және құны өте жоғары – қорабы миллион теңгеден асады»,– деді арнайы брифингте Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова.

Оның айтуынша, әңгіме меланоманы емдеуге арналған екі препарат – пембролизумаб (pembrolizumab) және дабрафениб (Dabrafenibum) туралы болып отыр.

«Бізге дәрі-дәрмектеріміздің Ресей нарығында сатылып жатқаны туралы пациенттеріміз хабарлады. Енді біз құқық қорғау органдарымен бірге тексеріс жүргіземіз. Егер ақпарат шын болса, біз оларды тез арада Бас прокуратураға жібереміз», – деді Л.Бюрабекова.

Комитет төрағасы аталған дәрі-дәрмектер қазақстандықтарға тегін берілетінін айтты.