Шымкентте «Nur Otan» партиясы филиалы жанындағы Miras аймақтық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Кеңес мүшелері мен зиялы қауым өкілдері, қалалық «Jas Otan» Жастар қанатының мүшелері қатысқан жиында Шымкент қаласының тарихындағы ескерткіштердің сақталуы мен қорғалуы мәселелері талқыланды.
Miras аймақтық қоғамдық кеңесінің төрағасы Момбек Әбдіқайымұлы осы уақытқа дейін ғалымдардың арасында қазіргі Шымкент қаласының аумағындағы қоныс мекендер XI-XII ғасырларда болған деген гипотеза болатынын атап өтті. Сонымен қатар Шымкенттің бұдан да ертеректе пайда болғаны жөнінде болжам бар. Бұған дәлел – археологиялық қазбалар мен құрылыс барысында табылған қабырлардың жерленуі. Мамандардың болжамы бойынша, ол біздің заманымызға дейінгі V-VІ ғасырларға тән. «Өткен ғасырдың басындағы қала қамалы болған жерде жақында бір еркек пен әйелдің мәйіті табылды және ол зороастрлық салтпен жерленгені анықталып отыр, олай болса, бұл мәйітке – 1500 жыл. Бірқатар археолог-ғалымдардың пікірі бойынша, бұл жерде үлкен қорым болған, егер бұл расталса, онда қаланың пайда болған мерзімі қайта қаралуы мүмкін. Біздің заманымызға жеткен жазба деректерде Шымкент алғаш рет елді мекен ретінде парсы тарихшысы Шараф ад-Дин Әли Йаздидің (1425 ж.) біздің жыл санауымыз бойынша 1365-1366 жылдардағы Әмір Темірдің әскери жорықтары туралы жазған «Зафар Наме» атты («Жеңіс кітабы») кітабында кездеседі. Қалай болғанда да, қала ескі заманнан-ақ адамдардың өмір сүруіне қолайлы мекен болған. Оған ежелгі қоныстарға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған мәдениет мұралары дәлел бола алады. Тау етегінде өзен бойындағы алқаптарда егіншілік пен жүзімдік, ал көгалды таулы жайылымдарда – мал шаруашылығы дамыған», – деп қала тарихының пайда болуы жайлы тың деректер айтты ол. Жиында «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенов, Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Зауре Оралбаева және М.Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлнар Жанысбекова сөз алып, тақырып төңірегінде пікірлерін ортаға салды.Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы