«Мал ашуы – жан ашуы» дейді қазақ. Күнкөрісінің өзегіне айналған төрт түлік малын белгісіз біреулер айдап кетсе, кім ашуланбасын?! Қаншама зая еңбек пен уақыт, қарайған шығын мен қағылған табыс емес пе бұл? Соңғы 5 жылда мал ұрлығы азайып келеді. Бірақ оларды ашу мен иелеріне шығынын қайтаруда түйткілді мәселелер әлі де шешімін таппай тұр. Бұл проблема таяуда Парламент Сенатының деңгейінде көтерілген болатын.
Қайтқан малда қайыр бар
Қараша айының 14-нен 15-іне қараған түні Павлодар облысы Ольгинка ауылындағы «Рыжов» шаруа қожалығының 24 бас жылқысы өрісте жүрген жерінен жоғалып кетеді. Иелері бірден мал ұрлығы бойынша полицияға хабарласады. Учаскелік инспектор, капитан Дәулет Балғин мен оның көмекшісі, аға лейтенант Руслан Мұсәділов дереу тергеу-іздестіру жұмыстарын жүргізіп, 5 күн дегенде бір үйір жылқыны Аққулы ауданының аумағынан тауып, иесіне қайтарады. Қожалық иесі Владимир Рыжовтың қуанышында шек жоқ. 2006 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл шаруашылық тек қана ірі қара малмен ет өндірісі бағытында кәсіп етеді. Бүгінгі таңда мұнда 357 жылқы, 136 сиыр бар. «Мүйізді ірі қара – қазақтың ақбас сиырлары. Оларды бақташы бағады. Ал жылқылардың қасында күн-түн демей өзім жүремін. Ешкімге сенбеймін. Сол күні боран болды да, бір үйірімді біреулер айдап кеткенін байқадым. Бірден полицияға хабарластым. Жігіттерге рақмет. Үлкен көмек көрсетті. Жылқылардың ізіне түсіп, ауылдарды, қораларды аралап сұрау салды. Содан сескенді ме, ұрылар жылқыларымды қайтадан жібере салыпты. Қылмыскерлер табылды ма, білмеймін, бірақ жылқыларым табылмағанда 8 миллион теңгедей шығынға бататын едім», – дейді Владимир Васильевич.Ұрлық азайды, жаза қатайды
Статистикаға жүгінсек, соңғы 5 жылда мал ұрлығы 42 пайызға азайған екен. 2015 жылы 8 004 дерек анықталған болса, 2019 жылы 4 709 қылмыстық іс тіркелген. Соған сәйкес ұрланған мал саны да 25 мыңнан 16 мыңға, 38 пайызға кем. Биыл 10 айда да бұл динамика жалғасып келе жатыр. Былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда деректер саны 41 пайызға, яғни 3 789-дан 2 248-ге және мал басы, ширегіне дейін 11 276-дан 8 888-ге кеміген. Биылғы көрсеткіштерге пандемияға байланысты енгізілген карантин шараларының үлкен әсері болғаны анық «Жыл басынан бері 1 024 мал ұрысы қолға түссе, оның 145-і топ болып әрекет еткендер. Мәселен, Түркістан облысы ПД қызметкерлері үш адамнан тұратын топты құрықтады. Олардың Кентау ауданындағы 19 мал ұрлығы дерегіне қатысы бар екені анықталды. Ал БҚО-да сәуір айында ағайынды Ешовтар ұсталды. Олар 52 рет ұрлыққа шығып, бас-аяғы 170 малды айдап кеткен», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Думан Таев. Полиция қызметкерлері мал көбіне өрісте жайылып жүрген жерінен ұрланатынын айтады. Айлап, апталап қараусыз жүретін мал ұрылардың оңай олжасына айналады екен. Биылғы 2 248 деректің 1 529-ы, яғни 60 пайызы далалық жерде тіркелген. Ал қылмыс саны бойынша Алматы (408) мен Түркістан (214) облысы көш бастап тұр.1 миллиард шығын – 17 пайыз өтем
Таяуда Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде Владимир Волковтың төрағалық етуімен өткен отырыста еліміздің шекаралас аймақтарында мал ұрлығының алдын алу мәселесі талқыланды. Отырысқа Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, Бас прокуратураның, Қазақстан фермерлер қауымдастығының және шекара маңындағы өңірлердің жергілікті атқарушы органдарының өкілдері қатысты. Сенаторлардың айтуынша, мал иесінің қараусыз қалдырғанын сылтау етіп, полиция қызметкерлерінің арыздарды тіркеуден бас тарту дерегі де кездеседі екен. Сөйтіп, қылмысты жасырудың теріс тәжірибесі жалғасып келеді. Мәселен, жыл басынан бері прокурорлар мал ұрлығы бойынша 18 жасырын қылмысты анықтап, қайтадан сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне қосқан. «Ішкі істер органдарының мүліктік қылмыстарды ашу бойынша жедел жұмыстарының әлсіздігіне байланысты мал ұрлығының ашылуы төмен деңгейде қалып отыр. Полиция бөлімшелерінің өзара тиісті қарым-қатынастарының болмауы, әсіресе тергеудің бастапқы кезеңінде бір-бірімен хабар алмаспауы қылмыстың ашылмауына әкеліп соғуда. Қылмыстық қудалау органдарының мал ұрлығын жою жөніндегі қызметінің тағы бір кемшілігі – қылмыстың ұйымдасқан түрімен күрестің мардымсыздығы. Шекара маңындағы өңірлерде жасалған мал ұрлығы, оларды шектес мемлекеттерге айдап әкету үлкен проблема болып отыр», – дейді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.Ветеринарлар ұрлықшымен сыбайлас па?
Шекара маңындағы аумақтарда мал ұрлығымен тиімді күресу үшін жергілікті атқарушы органдардың, полицияның және шекара қызметінің, оның ішінде екі шекаралас мемлекет тараптарының дұрыс жолға қойылған өзара іс-қимылы талап етіледі. Алайда мал ұрлығының алдын алу үшін бұл шаралар да жеткіліксіз. Сенаторлар кешенді ықпал ету шараларын қабылдау қажеттігін, әсіресе шекара, кеден, ветеринарлық қадағалау қызметінде жұмысты күшейту, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды қолға алу керек екенін айтады. «Жедел-профилактикалық іс-шаралар ұрланған малдың өңірден-өңірге, сондай-ақ елден тыс жерлерге ауыр жүк көліктерімен ілеспе құжаттарсыз немесе қатаң есептілік құжаттары болып табылмайтын жалған ветеринарлық анықтамалар бойынша тасымалданатынын көрсетті. Мал дәрігерлерінің жалған анықтамаларды беру практикасы мал ұрлығына қолайлы фактор болып отыр. Олардың заңсыз сыйақы үшін күмәнді ет өнімдерін сатуға рұқсат беретінін жоққа шығаруға болмайды», – дейді Нұрлан Құдиярұлы. Қазіргі кезде мал ұрлығының жасалуына ықпал ететін басты проблемалық мәселенің бірі – малдың ұзақ уақыт иелерінің қараусыз, бақылаусыз жайылуы. Осы орайда, жергілікті атқарушы органдар ауылдық жерлерде қоғамдық мал жаю мәселесін тиісті түрде шешпейді. Өз кезегінде меншік иелері малдың сақталуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдамайды. «Мал ұрлығын жасауға ықпал ететін себептің тағы бірі – иелерінің мал басын тиісті түрде есепке алмауы. Сырғалап, таңбалап, чиптап инвентаризация жүргізбейді. Бұл табылған малдың (ұрланған, алынған, қараусыз қалған және т.б.) иесін дәл анықтауда қиындық тудырады. Оның үстіне шалғай ауылдарда интернет байланысының төмендігі немесе тіпті болмауына байланысты малды электронды түрде есепке алып, оларды анықтау да қиынға соғуда. Сол себепті малды сатып алу және сату процесін олардың бір өңірден келесі өңірге тасымалдау барысын бақылау мүмкін емес болып отыр», – дейді Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров.Нұрлан ҚОСАЙ