GGG мен Канело 18 және 19 желтоқсан күні Шеремета мен Смитпен қолғап түйістіреді
GGG мен Канело 18 және 19 желтоқсан күні Шеремета мен Смитпен қолғап түйістіреді
221
оқылды

Биыл жыл соңына таман бокс әлем­інде бірқатар айтулы жекпе-жек өтеді. Олардың ішіндегі ең таңдаулыларының бірі – мексикалық  жұлдыз Сауль Аль­варес пен британдық боксшы Каллум Смит арасындағы кездесу. 19 желтоқсан күні 2-ші орта салмақтағы WBA Super тұ­жырымы бойынша чемпиондық белбеу үшін қос мықты шаршы алаңда кім мықты екенін анықтайды. Аталған кездесуді DAZN стримингтік қызметі ұйымдас­тыратынын айта кеткен жөн.  Ал 18 жел­тоқсанда отандасымыз Геннадий Голов­кин орта салмақтағы IBF тұжырымы бо­йынша чемпиондық белбеуін қорғау үшін польшалық Камил Шереметамен жекпе-жекке шығады.

Бір қызығы, С.Альварес пен К.Смит жек­пе-жегінің өтетін орны әлі толық нақты­ланбаған. Бірақ инсайдер Майк Коппинджер мен Boxrec порталының хабарлауынша, жекпе-жек Техаста өтеді деп жоспарланып отыр екен. Күні кеше WBA нұсқасы бойынша әлем чем­пионы Каллум Смит (27-0, 19 КО) Сау­ль Альвареспен болатын жекпе-жек ту­ралы ойын айтып, пікірін бөлісті. Ол «Ка­неломен» жекпе-жек өткізетініне соңына дейін сенбегенін де тілге тиек етті. – Біздің жекпе-жегіміз жарияланғанын білгенде мен қатты таңғалдым. Өйткені біз бұл кездесуге келісімшарт жасасқан жоқпыз. Біздің жекпе-жегіміз жарияланғаннан кейін ғана олар бізге ұсыныс жасады. Алғашқыда бас тартқанбыз. Бірақ кейінірек, бақытымызға орай, бәрімен келісімге келе алдық, – деді Каллум Daily Mail басылымына берген сұхбатында. Сондай-ақ британиялық боксшы сөз соңында Альваресті орта салмақтағы, ал өзін супер орта салмақтағы ең мықты боксшы санайтынын да айтып қалды. Ал спорт журналисі Әли Битөре бұл кез­де­суде Канело сөзсіз фаворит екенін, мек­сикалық боксшының жекпе-жекті уақытынан бұрын, яғни алғашқы бес раундтың ішінде ақтайтынын болжады. – Сауль Альварестің рингке шықпағанына бір жылдан асты. Ол алдыңғы жекпе-жегін 2019 жылы 2 қарашада Лас-Вегаста ресейлік Сергей Ковалевке қарсы өткізген еді. Сол жек­пе-жекте ол 11-раундта нокаутпен же­ңіске жетіп, жартылай ауыр салмақта WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атанғанын көпшілік жақсы біледі. Ендігі кездесуін де жеңіспен аяқтайтынына еш күмән жоқ, – дейді Әли. Бұл кездесуден бірер күн бұрын отан­дасымыз Геннадий Головкин орта салмақтағы IBF тұжырымы бойынша чемпиондық бел­беуін қорғау үшін польшалық Камил Шереметамен шаршы алаңға шығады. Қос боксшы жекпе-жегі бұған дейін 7 рет кейінге шегерілген болатын. Сегізінші ұмтылыс сәтті аяқталды. Бүгінде кездесудің афишасы да жарияланып, көрермендер назарына ұсы­нылды. Енді 18 желтоқсанды барша қазақ­стандық пен GGG жанкүйерлері тағатсыздана күтетіні сөзсіз. Айта кетейік, 2019 жылы Головкин DAZN-мен алты жекпе-жекке келісімшартқа отырған. Содан бері ол тек екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. Алдымен Головкин Стив Роллсты жеңді, содан кейін тартысты шайқаста украиналық Сергей Деревянченкодан мықты екенін дәлелдеді. Бұл, отандасымыздың үшінші жекпе-жегі. Шереметаға қарсы айқаста IBF титулын қорғайды. Бір қызығы, әлемдегі пандемияға қарамастан жанкүйерлердің бокс кешіне қатысуына рұқсат етілген. Сол себепті кездесуді алаң жиегінен тамашалағысы ке­летіндер саны да арта түскен. Қос жекпе-жек жайында спорт сарапшысы Жандарбек Жұмағұлов пікір білдіріп, DAZN-ның жұмысына бағасын берді.

– Жақсы таңдау жасалды. Хирн Канелоны DAZN-ге қайтаруға шебер-ақ. Уақыт бойынша, Канело мен Смит 19 желтоқсанда өнер көрсететініне байланысты кездесу Техаста немесе Флоридада өтуі мүмкін. Ал GGG мен Шеремета рингке 18 желтоқсанда шығатын болды. Гарсия мен Кэмпбелл арасындағы жекпе-жек 26 желтоқсанға ауыстырылуы мүмкін. Сонымен, егер бәрі жоспар бойынша жүзеге асса, DAZN биыл үш ірі жекпе-жек өткізіп, жылды әдемі қорытындылайын деп тұр. Ал 2021 жылдың көктемінде DAZN Канело мен Головкин арасында үшінші жекпе-жекті ұйымдастыруға тырысады, – дейді ол.

Иә, барлығын боксшылардың жыл соңына жоспарланған кездесулері шешеді. Бокс күні сенсация тіркелмесе, Головкин де, Канело да жеңісті қарсыласына бере қоймас. Егер бәрі сәтімен болса, келер жылы қос мықтының үшінші кездесуі ұйымдастырылады.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ