Келесі жылы Орал қаласында қоқыс полигоны жабылады. Ал қазан айында Қызылжарда қаладан шыққан қалдықты төгетін орын есігін тарс жапты. Айта кетерлігі, қоқысты қабылдайтын орындар жеке кәсіпкерлер қолында. Олар тек қабылдауды біледі де, қайта өндеуге бас қатырмайды. Неге? Сұрақ көп...
Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтардың көп жиналғаны сонша билік 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрыптаусыз көмуге тыйым салды. Міне, осы тыйым салу іске асқан бетте қазан айында Қызылжарда қоқыс полигоны жабылып, тұрмыстық қалдықтарды тасымалдайтын көліктер полигонның алдында кептеліп қалған болатын. Өйткені полигон қоқысты қабылдаудан бас тартқан. Сөйтсек, мәселе мәнісі мынада екен. astana телеарнасының тілшісіне жауап берген «Мюль-Сервис» ЖШС қызметкері Лариса Пономарева: «Полигон бізге «сұрыпталған қоқысты әкеліңдер» деген талап қойды. Біз тұрғын үйлердің ауласында пластик пен шыныға арналған бөлек жәшіктер қойдық. Бірақ тұрғындардың барлығы бірдей қалдықтарды бөліп-бөліп салмайды. Жұрт бұл жүйеге бірте-бірте үйренеді. Бұл бір күнде шешілетін жайт емес. Полигонда қоқыс сұрыпталмай жатқандықтан құзырлы орган оларға айыппұл салған. Ал цех әлі жұмыс істеп жатқан жоқ. Демек, ол іске қосылмай полигонды ашуға тыйым салынған» дейді. Солтүстік Қазақстан облысы Экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Азамат Бектасов: «Экология кодексінде бекітілген 301-бапқа екі жыл болды. Барлықтарына белгілі болды. Қалдықтарды рәсімдеу бойынша инфрақұрылым дұрыс құрылуы керек. Олардың бәрін жергілікті билік органдары қарастыруы керек. Ал қоқыс шығарушы компаниялары бір күнде тұрмыстық қалдықтың 120 тоннасын жинап отырады» деп ашынды.
Ал жаз шықса болды өртеніп, тұрғындарды көк түтінге «қарық» қылған Оралдағы қоқыс полигоны келесі жылы жабылады. Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев осындай шешімге келген. «Тұрмыстық қоқыс полигоны жергілікті кәсіпкерлердің меншігінде. Жазда және күзде болған өрт мәселелері қазір шешіліп жатыр. Полигон иелері өрттің алдын алу мақсатында қосымша техника алды», – дейді әкім. Сонымен бірге тұрмыстық қалдықтар полигонын көшіру мүмкін емес екенін де айтты.
«Оны көшіру мүмкін емес, тек жабу керек. Жақында келесі жылдың бюджетін талқылаған кезде қаражат бөлу жағын қарастырып, жылдың бірінші жартыжылдығында, яғни жаз мезгілінде полигонды жабамыз», – дейді ол.
Бұл тығырықтан шығу жолын әр өңір өзінше таппақ болса да, бәрінің түпкі ойы бір: ол – қоқыс өңдеу зауытын салу. Негізінде әлемде бұл проблеманы шешіп тастаған мемлекеттер жетерлік. Солардан үлгі алсақ болар еді. Мысалы, Франция қоқысты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан алғашқы орында тұр. Онда қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Париж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқысты парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіреді, сонда улы заттар жану кезінде толық ыдырап, күл болады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бөлінбейді. Франция қоқысты селекциялық жинау әдісімен қоқысты қайта өңдеу арқылы 30% алюминий, 50% әйнек, сонша газет қағазын өңдіреді. Ал Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Бейжің іспетті ірі қалаларында қоқысты түрлі әдіспен сұрыптайды, заманауи технологиялар мен адам күші қатар қолданылады. Қоқыс жинаушыларға төлемақы күнбе-күн төленгендіктен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмысшылар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орындарында 2,5 миллионнан астам жұмысшы еңбек етеді. Жапония қоқысты іріктеу, реттеу жұмыстарына аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын ел. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Айтар болсақ, көк пакетте қағаз қалдықтары болса, жасыл түсті пакетте пластик болады, егер қоқыстарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Түрік елінде қоқыс тазалаушы – беделді әрі жалақысы жоғары мамандық болып есептеледі. Қоқыс тазалаушы орта буынды банк менеджеріне қарағанда жақсы табыс табады. Тазалыққа жауапты қызметкерлер үшін әлеуметтік қолдау жолға қойылған: медициналық сақтандыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор.
Өзімізге келсек, бұл жұмыстар әр қалада әрқилы атқарылып жатыр. Энергетика министрлігінің 2018 жылғы дерегі бойынша, 3,5 мыңнан астам полигонның ешбірі санитарлық-экологиялық нормаға сай келмеген. Қоқыс орындарының көбі құжатпен заңдастырылмаған. Дегенмен де салалық ведомстволар жағдайдың өзгеріп жатқанын, кейбір қалаларда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау жүйесінің енгізілгенін, ал 130-дан астам кәсіпорынның қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдейтінін айтады. Мәселе жоқ емес, бар. Бәріне де қаржы қолбайлау болып тұрғаны анық. Мысалы, 2012 жылы ашылған астаналық қоқыс өңдеу кешені екі жылдай ғана жұмыс істеді. Одан кейін қаражаттан қиындық көріп, жұмыскерлеріне еңбекақы төлей алмай, ақыры жабылып тынды. Қарағанды облысында осы бағытта бірнеше жыл бұрын қолға алынған жобалар сәтсіз болып, ақыры қоқыс өңдеу тақырыбы мүлде қозғаусыз қалған еді. Қазір қайта жанданды.
Қазіргі күні әр қалада қатты тұрмыс қалдықтарын бөлек тастау үшін арнайы контейнерлер қойылған. Алайда халықтың басым бөлігі соған мән берместен, қоқыс толы қалтасын ортақ үйіндіге лақтырып тастайды. Сұрыпталмаған қалдық қоқыс қабылдайтын жерге барады. Оның арты белгілі: сасыған иіс пен жаз, күз айларында жанған қоқыс түтініне тұншығу. Бір елдер қоқыстан пайда тауып отырса, бізде қайта өндеу тұрмақ, оны сұрыптауды да жөнге қоя алмай отырмыз. Ол үшін халыққа ішкі мәдениет керек-ау!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ