Дала да, қала да қоқыс астында қала ма?

Дала да, қала да қоқыс астында қала ма?

Келесі жылы Орал қала­сында қоқыс полигоны жабы­­лады. Ал қазан айында Қы­зыл­жарда қаладан шыққан қал­дықты төгетін орын есігін тарс жапты. Айта кетерлігі, қо­қысты қабылдайтын орын­дар жеке кәсіпкерлер қолында. Олар тек қабылдауды біле­ді де, қайта өндеуге бас қа­тыр­майды. Неге? Сұрақ көп...

Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтардың көп жиналғаны сонша билік 2019 жылдан бастап қоқыс полигондарына пластмасса, қағаз бен әйнекті алдын ала сұрып­тау­сыз көмуге тыйым салды. Міне, осы тыйым салу іске асқан бетте қазан айында Қызылжарда қоқыс полигоны жабылып, тұрмыстық қал­­дықтарды тасымалдайтын кө­лік­тер полигонның алдында кеп­те­ліп қалған болатын. Өйткені поли­гон қоқысты қабылдаудан бас тарт­­қан. Сөйтсек, мәселе мәнісі мы­на­да екен. astana телеарнасының тілшісіне жауап берген «Мюль-Сервис» ЖШС қызметкері Лариса Поно­марева: «Полигон бізге «сұ­рып­­талған қоқысты әкеліңдер» де­ген талап қойды. Біз тұрғын үй­лер­дің ауласында пластик пен шы­ны­ға арналған бөлек жәшіктер қойдық. Бірақ тұрғындардың бар­лы­ғы бірдей қалдықтарды бөліп-бөліп салмайды. Жұрт бұл жүйеге бірте-бірте үйренеді. Бұл бір күнде ше­ші­ле­тін жайт емес. Полигонда қоқыс сұрыпталмай жатқандықтан құзыр­лы орган оларға айыппұл салған. Ал цех әлі жұмыс істеп жат­қан жоқ. Демек, ол іске қосылмай поли­гонды ашуға тыйым салынған» дейді. Сол­түстік Қазақстан облысы Экология департаменті басшысы­ның міндетін атқарушы Азамат Бектасов: «Эко­ло­гия кодексінде бекітілген 301-бап­қа екі жыл болды. Барлық­та­рына белгілі болды. Қал­дық­тарды рәсімдеу бойынша инфрақұрылым дұрыс құрылуы ке­рек. Олардың бәрін жергілікті би­лік органдары қарастыруы керек. Ал қоқыс шы­ға­рушы компаниялары бір күнде тұр­мыс­тық қалдықтың 120 тон­­насын жи­нап отырады» деп ашын­ды.

Ал жаз шықса болды өртеніп, тұр­ғындарды көк түтінге «қарық» қыл­ған Оралдағы қоқыс полигоны келесі жылы жабылады. Батыс Қа­зақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев осындай шешімге келген. «Тұр­мыстық қоқыс полигоны жер­гі­лікті кәсіпкерлердің менші­гінде. Жазда және күзде болған өрт мәсе­ле­лері қазір шешіліп жатыр. Поли­гон иелері өрттің алдын алу мақ­са­тында қосымша техника алды», – дейді әкім. Сонымен бірге тұрмыс­тық қалдықтар полигонын көшіру мүмкін емес екенін де айтты.

«Оны көшіру мүмкін емес, тек жабу керек. Жақында келесі жыл­дың бюджетін талқылаған кезде қара­жат бөлу жағын қарастырып, жылдың бірінші жартыжылдығында, яғни жаз мезгілінде полигонды жаба­мыз», – дейді ол.

Бұл тығырықтан шығу жолын әр өңір өзінше таппақ болса да, бәрінің түп­кі ойы бір: ол – қоқыс өңдеу зауы­тын салу. Негізінде әлемде бұл проб­леманы шешіп тастаған мемле­кет­тер жетерлік. Солардан үлгі алсақ болар еді. Мысалы, Франция қоқысты қайта кәдеге жаратудан, сұрыптаудан алғашқы орында тұр. Онда қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Па­риж түбіндегі Иври-сюр-Сен зауы­ты жылына шамамен 600 мың тонна қоқыс өртейді. Қоқысты парализ әдісімен өте жоғары температурада күйдіреді, сонда улы заттар жану кезін­де толық ыдырап, күл болады, есесіне атмосфераға зиянды газдар бө­лінбейді. Франция қоқысты се­лек­циялық жинау әдісімен қоқысты қайта өңдеу арқылы 30% алюминий, 50% әйнек, сонша газет қағазын өң­діреді. Ал Қытайда қоқыс сұрып­тау, қайта өңдеу үлкен бизнес сала­сына айналған. Бейжің іспетті ірі қалаларында қоқысты түрлі әдіс­пен сұрыптайды, заманауи технология­лар мен адам күші қатар қолданы­лады. Қоқыс жинаушы­лар­ға тө­лема­қы күнбе-күн төленген­дік­тен, қолма-қол ақшаға мұқтаж жұмыс­шы­лар бұл іске үйір. Бір Шанхайдың өзінде мыңдаған қоқыс қабылдау орынд­арында 2,5 миллионнан ас­там жұмысшы еңбек етеді. Жапо­ния қоқысты іріктеу, реттеу жұмыс­та­ры­на аса үлкен жауапкершілікпен қарайтын ел. Токио мен ірі қалалар­да қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жан­байтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. Айтар болсақ, көк пакетте қағаз қал­­дықтары болса, жасыл түсті па­кет­те пластик болады, егер қоқыс­тарды шатастырып, әлде аралас тасталса, сол үшін «шатасқан» тұрғын қомақты айыппұл төлейді. Түрік елінде қоқыс тазалаушы – беделді әрі жалақысы жоғары мамандық болып есептеледі. Қоқыс тазалаушы орта буынды банк менед­же­ріне қарағанда жақсы табыс таба­ды. Тазалыққа жауапты қызмет­кер­лер үшін әлеуметтік қолдау жолға қойылған: медициналық сақтан­дыру, жоғары зейнетақы, қолжетімді баспана алуға мүмкіндіктері зор.

Өзімізге келсек, бұл жұмыстар әр қалада әрқилы атқарылып жа­тыр. Энергетика министрлігінің 2018 жылғы дерегі бойынша, 3,5 мыңнан астам полигонның ешбірі санитарлық-экологиялық нормаға сай келмеген. Қоқыс орындарының көбі құжатпен заңдастырылмаған. Дегенмен де салалық ведомстволар жағдайдың өзгеріп жатқанын, кей­бір қалаларда тұрмыстық қал­дық­­тарды сұрыптап жинау жүйесінің енгізілгенін, ал 130-дан астам кәсіп­орын­ның қатты тұрмыстық қал­дық­тарды сұрыптап, қайта өңдейтінін айтады. Мәселе жоқ емес, бар. Бәрі­не де қаржы қолбайлау болып тұрғаны анық. Мысалы, 2012 жылы ашылған астаналық қоқыс өңдеу ке­шені екі жылдай ғана жұмыс істе­ді. Одан кейін қаражаттан қиындық көріп, жұмыскерлеріне еңбекақы төлей алмай, ақыры жабылып тын­ды. Қарағанды облысында осы ба­ғыт­та бірнеше жыл бұрын қолға алын­ған жобалар сәтсіз болып, ақы­­ры қоқыс өңдеу тақырыбы мүл­де қозғаусыз қалған еді. Қазір қайта жанданды.

Қазіргі күні әр қалада қатты тұрмыс қалдықтарын бөлек тастау үшін арнайы контейнерлер қойыл­ған. Алайда халықтың басым бөлігі соған мән берместен, қоқыс толы қалтасын ортақ үйіндіге лақтырып тастайды. Сұрыпталмаған қалдық қоқыс қабылдайтын жерге барады. Оның арты белгілі: сасыған иіс пен жаз, күз айларында жанған қоқыс түті­ніне тұншығу. Бір елдер қоқыс­тан пайда тауып отырса, бізде қайта өндеу тұрмақ, оны сұрыптауды да жөнге қоя алмай отырмыз. Ол үшін халыққа ішкі мәдениет керек-ау!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ