Қазақстан халқы Ассамблеясының IV «БАҚ және қоғамдық келісім» халықаралық медиа форумы өтті.
Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген халықаралық сарапшылар, депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, Ассамблея мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты.
Жансейіт Түймебаев бірлік пен ынтымақты нығайтуда БАҚ-тың атқаратын міндеті зор деген пікірін айтты.
– Бүгінгі басты мәселе – қоғамдағы тұрақтылық пен этносаралық келісім, әлеуметтік бірлікті нығайтуда журналистер алдында тұрған міндетті талқылау.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ассамблеяның қызметін тұрақты түрде ақпараттық қолдау туралы арнайы тапсырмасы бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісімді нығайтуды басты назарда ұстайды. Осы орайда, отандық журналистика үшін қоғамдық келісімді дамыту, арандатушы ақпараттарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және қоғам бірлігін сақтау тақырыптары өте маңызды. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мәселесінде де қолына қалам ұстаған ағайынның атқаратын рөлі айрықша, – деді Жансейіт Түймебаев.
Қарақалпақ мемлекеттiк университеті профессоры, филология ғылымының докторы Шамшетдин Абдиназимов көрші елдегі қазақ тіліндегі басылымдардың маңызды рөлі жайында айтты.
– Қазақстан мен Өзбекстан – қиын-қыстау сәттерде бір-бірін қолдап-қуаттап, бір-біріне демеу болып, қол жеткен табыстарына шын пейілмен қуанып, достық қарым-қатынасын сақтап келе жатқан көрші мемлекеттер. Екі ел арасындағы мәдени, рухани байланыс үзілген емес. Өзбекстанда қазақ тілінде «Нұрлы жол» газеті шығады. Бұл басылым арқылы халық қаулы, жарлық, үкімдерді қазақ тілінде оқып отыр. Еліміздегі бірінші арнада «Дидар» бағдарламасы жүргізіледі. Қарақалпақстанда «Алтын аймақ» ұлттық арнасы мен «Атамекен» телерадиосы таза қазақ тілінде хабар таратады, – деді ол.
Медиа форум аясында «Ассамблеяның бір жылы» атты фотокөрме және мемлекет саясатын ақпараттық тұрғыдан қолдау, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, Ассамблеяның жұмысын насихаттауға үлес қосқан журналистерді қолдау үшін ұйымдастырылған дәстүрлі «Шаңырақ» республикалық байқауының жүлдегерлері марапатталды.
М.БАҚЫТ