Бүгін әлемнің бірнеше елінде Black friday – акциялар күні басталды. Қазақстанның сауда орталықтары мен интернет-дүкендерінде 10-90%-ке дейін жеңілдіктер ұсынылады. АҚШ-тан бастау алған Black friday акциясы бүгінде әлем елдерінде кең қанат жайған. Ал қазақстандықтар бұл акцияға қатыса ма? Жеңілдіктерге сене ме? Тауары мен қызметін бірер күнге арзандатқан компаниялар пайдаға кенеле ме?
«Қара жұма» қайдан шыққан?
«Қара жұма» тіркесіне қазақстандықтардың басым бөлігі үрке қарайды. Сондықтан акция атауын «Жомарт жұма» немесе «Жасыл жұма» деп атауды жылына бір рет ұсынып қоятындар бар. Айтқандай, жекелеген компаниялар жеңілдіктер жариялағанда «Жасыл жұма» атауын қолданып та жүр. Ал біз бүкіл әлем сауда жасауға дайындалып отыратын «Қара жұма» туралы айтамыз. Бұл атау қалай пайда болып еді? АҚШ-та қараша айының соңғы бейсенбісінде «Алғыс айту» күні атап өтіледі. Міне, осы мерекеден кейін рождестволық сату маусымын өткізу дәстүрі бар. Бұл дәстүрдің негізін қалаған Фрэнк Вулворт 1873 жылы Пенсильваниядағы Ланкастер қаласында алғашқы жаппай сатылымды ұйымдастырған. Ол кезде «Қара жұма» деген атау болды ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ New York Times басылымы 1996 жылы Американың бухгалтерлік есебінде пайда, яғни таза табыс қара түспен, ал шығын қызыл түспен жазылғандықтан «Қара жұма» деп аталғанын жазыпты. Қысқасы, ол елде «Қара жұма» табысты, кірісі мол жұма деген мағынаны береді.Қазақстанда «Қара жұманың» талабы бұзыла береді
Сонымен, биыл кірісті жұма 27 қарашаға дөп келді. Үлкен жеңілдіктер акциясы 1 желтоқсан сағат 23.59-да аяқталады. Алайда кейінгі кезде компаниялар арасында жаппай сатылымды мерзімінен бұрын бастап кету әдеті пайда болды. Мысалы, бірқатар cауда желілері «Қара жұманы» қарашаның 23-інде бастады. Маркетологтар бұл сатып алушылар сеніміне селкеу түсіреді, екінші жағынан компанияның қатаң бәсекеге төзе алмайтынын мойындауы болып саналады дейді. Қалай дегенмен де, компаниялар әлемдік ережені сақтауы керек екенін айтады. Ал 27 қараша күні «Қара жұма» сатылымына қатысатын интернет-дүкендердің тізімімен blackfriday-kazakhstan.kz сайтында танысуға болады. Бұл тізімнен Ресей, Еуропа және Азия елдері нарығында жұмыс істейтін, сапасына кепілдік берілген дүкендер желісі іріктеліп алынған. Сонымен, «Қара жұманы» ертерек бастап қойған Technodom-нан бұл акциядан қаншалықты пайда табатынын сұрап едік. Бізге берген жауабында жеңілдіктер туралы ғана жауап жазылыпты. Сол дерекке сүйенсек, бұл компаниядан теледидарлар мен акустикалық жүйелер, кір жуғыш машиналар, тоңазытқыштар, пештер, микротолқынды пештер, IT өнімдер (компьютерлер және ноутбуктар), шағын тұрмыстық техника, смартфондарды 30-40 пайыз жеңілдікпен алуға болады. Мұнда жеңілдіктен басқа Technodom клиенттеріне 24 айға дейін тиімді төлем жоспарын ұсынып отыр. Айтқандай, «Қара жұмада» 80-90 пайыздық жеңілдік аламын деп дәмеленбеңіз. Себебі ондай жеңілдік телефонды қуаттандырғыш құрал мен телефон қабына ғана жасалады.Қараша – кірісі көп ай
Қай елдің сауда айналымын алсаңыз, қараша кірісті ай саналады. Бұл «Қара жұмаға» байланысты дейді сарапшылар. Black-Friday.Global компаниясы 2018 жылғы акцияға жасаған сараптамасында Қазақстандағы сатылымның қалыпты күнмен салыстырғанда 1604% өскенін анықтаған. Мұндай көрсеткіш Канада (1886%) , Ұлыбритания (1708%), Ресей (527%), Бразилия (819%), Австрия (3000%) елдерінде байқалыпты. «Форбс» журналының жазуынша, Қазақстандағы «Қара жұмада» орташа жеңілдік төмендеп барады. Нақтыласақ, 2017 жылы орташа жеңілдік көлемі 56% болса, 2018 жылы 51% болған.«Қара жұма» халыққа пайдалы ма?
Мақала жазу барысында Facebook-те шағын сауалнама жүргіздік. Пікірлер түрліше өрбіді. «Қара жұманы» күтіп отырғандар аса көп емес болып шықты. Біздің назарымыз журналист Жібек Досайдың пікіріне ауды. «2016 жылы 135 мың теңгеге кір жуғыш машина сатып алдым. Сыйлыққа 28 мың теңге тұратын микротолқынды пеш берді. Екі аптадан соң «Қара жұмаға» барған жеңгем мен алған кір жуғыш манинаны 146 мың теңгеге алды. Сыйлық түгілі тас та жоқ. Содан бері бұл акцияға сенбеймін», – дейді. Осы пікірден кейін маркетолог Нұржан Әбдіразаққа «Қара жұма» халыққа тиімді ме?» деген сұрақ қойдық. Оның айтуынша, акцияның халыққа тиімді екенін сатушылардың әрекетіне қарап бағалау керек. «Маркетингте Sales promotion деген термин бар, бұл тауарлар мен қызметтерді жылжытуға арналған қысқамерзімдік шаралар, яғни сатуды ынталандыру деген мағына береді. Оған жеңілдіктер, бонус, кэшбэк, 1+1 сияқты акциялар жатады. «Қара жұма» да сондай. «Қара жұма» жеңілдіктер шынайы жасалса ғана тиімді. Егер шынымен де сол күні өнімнің бұрынғы құнына 70-80 пайыз жеңілдік жасалса, ол – тиімді. Екінші бір мәселе бар, кей дүкендер қулыққа баруы мүмкін. «Қара жұмаға» үш күн немесе бір ай қалғанда өнімнің негізгі бағасын екі есе көтеріп, «Қара жұма» күні сол бағаның үстін сызып тастап, өз бағасымен сатуы мүмкін. Бір қарағанда бағаны түсіріп тұрған сияқты көрінеді. Мұндайда, әрине тиімсіз», – дейді ол. Егер жаппай сатылым кезінде қоймадағы заттарды сатып жіберу үшін жеңілдіктер жасайтын болса, ол халыққа белгілі бір деңгейде пайдалы болуы мүмкін. Себебі сатушы қойманы босату үшін бағаны түсіруге мәжбүр болады. Ал экономист Мақсат Халық біздің елде жарнамада айтылғандай, 80-90 пайыздық жеңілдік жасалмайды деп санайды. «Еуропалықтар «Қара жұманы» асыға күтеді, сауда жасау үшін ұзын-сонар кезекке тұруға қарсы емес. Себебі олар тұрмыстық техника мен киім-кешекті төмен бағамен сатып алатынына сенімді. Ал біздің елдегі компаниялар «Қара жұмада» айтарлықтай жеңілдік жасайды деп ойламаймын. Себебі көп өнім өзімізден шықпағаннан кейін, үлкен жеңілдікпен сату біздегі дүкендерге пайда әкелмейді. Олар әлемдік деңгейдегі акциядан қалып қоймай, осы дүрмек кезінде фирмасын жарнамалап қалуды көздейді», – дейді. Оның айтуынша, нағыз жеңілдік қыстық киімдерге ақпанда, жаздық киімдерге күзге салым болады. «Қара жұмада» өз басым сауда жасамаймын. Жалпы, бұл акцияға қазақстандықтар жаппай қатысады деп те ойламаймын, себебі атауы менталитетімізге келмейді. Шетел көргендер үшін қалыпты болғанымен, қарапайым халық үшін «Қара жұма» деген сөз құлаққа түрпідей тиеді», – дейді ол. «Қара жұма» атауы дегеннен шығады, былтыр 450 киім маркасы тұтынушыларды «Қара жұма» науқанында сауда жасамауға шақырып, оның орнына «Жасыл жұма» шарасына атсалысуға үндеді. Экологиялық таза тігін компаниясының негізін қалаған Николас Рораның жетекшілігімен Make Friday Green Again (Жұманы жасылға айналдырайық) деп аталатын қозғалыс ұйымдастырылды. «Қара жұмадағы» жаппай сату науқанына қарсы белсенділер басы артық қажетсіз тұтынудан бас тартып, онсыз да сын көтермейтін экологиялық ахуалды асқындырмауға үндеді. Басы артық тұтыну шығын мен ысырапқа жол беру қоршаған ортаға зиянын тигізеді деп мәлімдеді. Бұл, әрине, экологиялық мақсаттағы қозғалыс еді. Ал біздің сауалнамаға жауап бергендердің 70 пайызы бірден акцияның атауына шүйлікті. Білкім, маркетологтар бұл акция нәтижелі болсын десе, атауына да мән беруі керек шығар...