Сенбі күні сауда, ойын-сауық орталықтары жұмыс істейтін болды
Сенбі күні сауда, ойын-сауық орталықтары жұмыс істейтін болды
191
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері Жанна Пірәлиеваның айтуынша, қаулыға сәйкес сауда, ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері, жабық және азық-түлік сатпайтын базарлар сенбі күндері де жұмыс істейді.

«20 қараша күні Нұр-Сұлтанда №248 карантиндік шаралар туралы жаңа қаулы шықты. Оған сәйкес маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, термометрия, антисептиктер мен санитайзерлердің болуы шарт. СОО, сауда үйлері мен орталықтарының, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілді. Енді аталған сауда нысандары сенбі күндері сағат 09:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Бірақ мониторингтік топтар карантин және шектеу шараларын бұзу фактілерін анықтаған жағдайда, сенбі күндері оларға жұмыс істеуге тыйым салынады. Жексенбі күндері бұрынғыша барлығы жабық болады. Жұмыс күндері сауда нысандары кесте бойынша 10:00-ден 23:00-ге дейін жұмыс істейді», – деді Жанна Пірәлиева. Сауда орындарында орналасқан сұлулық салондары, ателье, химиялық тазалау, шаштараз, аяқкиім жөндеу шеберханасы сияқты қосымша қызметтер үшін жаңа кесте енгізілді. Бұл бизнес субъектілері сенбі және жексенбі күндері 09:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істей алады.

«Егер демалыс күндері СОО-да тек супермаркеттер мен дәріханалар ашылса, енді оларға қосымша қызмет көрсететін шағын бизнес субъектілері де қосылады», – деді қаланың бас санитар дәрігері.

Сауда орындарына келушілер ғимараттың 30%-ын ғана толтыруы керек. Яғни бір адамға төрт шаршы метр тиесілі болуы тиіс.

Бұл норманы ғимарат әкімшілігі де, жалға алушылар да қадағалап отыруы қажет. Егер адамдар көп болса, оларды азайтуы тиіс. Клиенттер үшін маска тағу және қашықтық сақтау талабы сақталады. Оларды бұзған жағдайда, жеке тұлғалар жауапқа тартылады.