Ел ертеңі – жас сарбаз
Ел ертеңі – жас сарбаз
283
оқылды

Әскерилер адам психоло­гия­сын жете танып, сақ қи­мыл­дай білуі қажет. Осы мақсатта Қорғаныс министрлігінің офи­церлерімен кешенді ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстарын жүр­гізді. Бұл жолы олар Аягөз гар­низоны әскери бөлімінің бас­шылығына әдістемелік және тәжірибелік көмек көр­сетті.

Гарнизонда мерзімді әскери қыз­мет әскери қызметшілермен, жас офицерлер мен сержанттар құра­мымен, әскерге шақырушылардың ата-аналарымен кездесу өткізді. Жеке құрамға «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қа­зақстан Президенті Жолдауының негізгі ережелерін түсіндіріп, тұрғын үй және зейнетақымен қамтамасыз ету заңнамасына қатысты заңды кеңес берілді.

Министрліктің офицерлері мен жеке құрамның әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайы, бөлімшелердегі мораль­дық-психологиялық ахуал қа­рас­тырылды. Әскери ұжым­дағы салауатты моральдық-психо­ло­гиялық жағдай жасауға бағыт­тал­ған ақпараттық тәрбие және идеоло­гия­лық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелеріне қатысты әдістемелік және тәжірибелік көмек көрсетілді.

«Ел тірегі» республикалық әс­кери-патриоттық акция аясында ақпараттық түсіндіру тобы әскери қызметке қабылдау тәртібі мен шарт­тарына, жастардың әскери-патриот­тық тәрбиесін жандандыруға басты назар аударды. Осыған байланысты бүгін үздік әскери қызметшілерді запасқа шығарылатын салтанатты шығарып салу рәсімі өткізілді. Қол­басшылық олардың үлгілі қызмет­терін атап өтіп, ата-аналары мен жақындарына алғысын білдірді.


Шығарып салу рәсіміндегі ең әсерлі сәт – ата-анаңның жаныңда болғаны. Ұлының әскери өмірін кө­руге келген ата-аналардың бірі – Орал Қожабаев. Ол 1982-1984 жылдары әскерде болған. Өзі сапта тұрған танк бригадасында бүгін ұлы қызмет атқарады. Орал Қазжанұлы өзінің әскердегі кезін еске алып, қайтадан танкист киімін киіп қана қоймай, жауынгерлік машинасына да отырды.

«Қарулы Күштер басшылығының арқасында ұйымдастырылған ша­ра кезінде балаларымыздың әс­кери қыз­метті қалай атқарып жүр­ге­нін кө­руге мүмкіндік болды. Тура 35 жыл бұрын мен, осы танк рота­сын­­да зеңбірек дәлдеушісі, танк ко­ман­­дирі, кейін рота старшинасы бо­лып қызмет еттім. Казармаға барып, қыз­мет жолымды еске алдым. Бұл жерге келгеніме қуаныштымын. Бүгінгі күні мен үшін ыстық болған бөлімде, енді ұлым қызмет атқарады. Олардың әскери қатарда сап түзегенін көр­геніме өте қуаныштымын және ризамын», – деп ойымен бөлісті.

Сонымен қатар мерзімді әскери қызметі енді ғана басталатын, күзгі әскерге шақырушыларды шығарып салу рәсімі өтті. Жас сарбаздар әскердегі алғашқы күндері, саптағы қызықтарымен бөлісті. Сержанттар мен командирлер білгенін үй­ретіп, тәжірибесімен бөліскенін мақтанышпен жеткізді.


«Мен Талдықорған қаласынан әскерге шақырылдым. Енді осында, Аягөзде қызметімді өтейтін боламын. Бөлімде қажетті жағдайлармен толықтай қамтамасыз етілдік, бізбен сержанттар және командирлер тығыз жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда ант қабылдауға, сапта қадам басып, қару ұстауды үйреніп жатырмыз. Мен әскерде қызмет ететінімді мақтан тұтамын», – деді қатардағы сарбаз Асылбек Баукенов.

«Ел тірегі» акциясы аясында маңызды оқиғаның бірі жергілікті оқушылар арасында да өтті. Жас патриоттар «Жас Сарбаз» респуб­ликалық әскери-патриоттық қозға­лысының қатарын толықтырды. Тәрбиеленушілер компьютерлік сынып пен робото­техникадан жеке әзірлемелерін көрсетті.

Айта кетейік, ақпараттық-тү­сіндіру тобының құрамында Қа­зақ­стан ҚК Ұлттық әскери-па­триот­тық орталығы Орталық ан­сам­­­блінің артистері, әскери спорт­­шылар, отбасы мүшелері мен жұ­мыс бө­лімінің өкілдері де Аягөз гар­низонына барды. Шығармашылық ұжым өнер көрсетсе, әскери спорт­шылар балаларға мастер-класс өткізді.