Алматы облысында 4 жігіт ауылдасының 36 ірі қара малын ұрлап, базарда сатып тұрған жерінен ұсталды.
ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұрылар ірі қараны мал базарға апарып сатпақ болған. «Ескі қораның есігі сымтемірмен байланған. Оны ұрылар оңай ашқан. Малшы түнейтін вагон қорадан 100 метр қашықтықта болған. Сол себепті, малшы ұрыларды естімей қалған болуы керек. Жедел іздеу нәтижесінде, ұры ұсталды. Қылмыстық топтың барлық мүшесі анықталып, ұсталды. Ұрланған мал Талғар ауданындағы базардан - қылмыс орнынан 300 шақырым жерден табылды. Қабылданған шаралар бойынша ұрланған 36 бас малдың 32-і тәркіленіп, жәбірленушіге қайтарылды. Қылмыскерлер 4 басты сойып, сатып үлгерген» делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, күзде Президент мал ұрлығын қатаң бақылау керегін тапсырған болатын.