Мәскеуге аттансаң «Шереметьевоға» емес, «Домодедовоға» дөп түсесің
Мәскеуге аттансаң «Шереметьевоға» емес, «Домодедовоға» дөп түсесің
286
оқылды
Әуежайға қонуға жақындаған ұшағымыз алдымен шассиін түсіретінін сырттай көрмесек те, борт ішінде отырып жақсы естиміз. Аяғыңның астындағы еден қытырлай бастағанда – ішің қылп етіп, тақыр-тұқырдан дөңгелектері шығып жатқан болар деп болжайсың. Бұл уақытта ұшағың жерді аман-есен «иіскеп», түзу қонса екен деген тілек әрбір жолаушының көкейінде сайрап тұрады. Арынымен келіп қонған ұшақ біразға дейін жылдамдығын баяулата алмай, салдыр-гүлдірлетіп «ентігін» әрең басатын. Осы уақытқа дейін еліміздегі көп ұшақ осындай болатын, несіне жасырамыз?! Бірақ бұл жолы мүлдем басқаша болды... Қазан айының соңында «Эйр Астана» ұлттық әуекомпаниясы Мәскеу қаласына жаңа маршрутпен жетіп, жаңа әуежайға қонды. Тіпті, біз мінген ұшақтың өзі су жаңа Airbus A321LR болатын. Алдымен ұшақты айтайын. Мақтайын демейсің, бірақ реті келіп тұрғанда неге жазбасқа? ТМД елдерінің үздік әуекомпаниялары бұл ұшаққа енді тапсырыс беріп жатқанда, біздің әуекомпания біреуіне алғашқылардың бірі болып қол жеткізді. Содан болар, біз мінген жаңа ұшақ Мәскеудің «Домодедовасына» қонған бойда, жүз шақты споттердің назарына ілінді. Ұшақ көрсе телміре кететін споттерлер сымға қонған торғайдай жағалай тұрып шытырлатып түсіріп жатты. Сырт келбеті Airbus A321 neo-ға ұқсағанымен мұның ұшу қашықтығында артықшылық бар. Салон толықтай Recaro орындықтарымен жабдықталған. Ол дегеніңіз – жайлы әрі жұмсақ. Барлық орындықтың алдында ойын-сауық жүктелген led-экран орнатылған. Бұл ұзақ қашықтыққа ұшатындарға уақытты тиімді өткізуге мүмкіндік сыйлайды. Бизнес санатта 16 орын қарастырылған. Аяқ­киіміңді шешіп, демалып жатуға да болады.
Ұшақ 16.jpg
© Асқар Бек
Әуеде 4 сағаттан аса қалықтағанда, бірде-бір рет турбулентті аймаққа түсіп көрмедік. Аэродинамикасының жақсарғанын ұшқыштар біле жатар, бізге көкке көтерілген ұшақтың селкілдемегені ұнады. Ұшу кезінде де, қонарда да артық діріл мен дыбысты сезбедік. Аэрофобиясы бар жақыныңыз болса, Airbus A321LR ұшағына отырғызып, «үшкіртіп» алсаңыз болады. Борттағы қызмет сапасы мен ұсынылған тағам түрлерінде мін жоқ. Халал тағамдар да, «залал» сусындар да – бәрі бар. Тек ет аспады деп ренжімесеңіз болғаны. Айтпақшы, ұшар алдында әуекомпанияның ресми сайтына кіріп, өзіңізге ұнайтын тағам түрін алдын ала тапсырыс беріп алсаңыз да болады.
Ұшақ 6 - fotografersha.livejournal.jpg
© fotografersha.livejournal
Ал енді жаңа бағытқа келейік. Жаңа дегенде, Қазақстаннан ұшып жету сол баяғы дәстүрлі әуежолдармен жүзеге асады. Сіз тек бұрынғыша «Шереметьевоға» емес, «Домодедово» әуежайына қонасыз. Бұл – Мәскеудегі үлкен 3 әуежайдың бірі, әрі Орталық Азияға ең жақын орналасқан аэродром. Демек, 10 минут болса да тез жетуге мүмкіндік береді. Әрі жанар-жағармай үнемделеді. Тиын болса да билет бағасына оң ықпалын тигізетіні тағы бар. – «Домодедово», – дейді журналистерді жинап алған «Эйр Астана» президенті Питер Фостер, – Ресей астанасындағы үздік инфрақұрылымға ие, көлік қатынасы жүйелі ойластырылған әуежайдың бірі. Бұл әуежайды таңдауымызды стратегиялық тұрғыдан маңызды қадам деп есептеймін. Себебі бізбен код-шеринг келісіміне келген S7 әуекомпаниясы «Домодедовоны» өзінің негізгі хабы деп есептейді. Демек, S7 жолаушылары «Эйр Астананың» 60-тан астам бағытын пайдалана алады. Сол сияқты біздің жолаушылар да S7-нің 200-ден астам ішкі және халықаралық бағыттарына билетті арзан бағаға алу мүмкіндігіне ие.
Ұшақ 13.jpg
"Домодедово" әуежайының терминалы
Қазақстан мен Ресейдің тарихи байланысы тым тереңде. Екі ел арасындағы барыс-келіс пен алыс-беріс жылдар бойы бір үзілген емес. Экономикалық тұрғыдан біздің ең сенімді серіктесіміз де – Ресей. Сондықтан код-шеринг келісімінің қызығын қос елдің тұрғындары бірдей көреді. Сол қызықты алғашқылардың бірі болып бізбен сапарлас болған журналистер сезінді. Астраханда болатын семинар тренингке ұшып бара жатқан әріптестеріміз, жаңа әуежайда бірер сағат аялдап, S7-ге тиесілі ақшыл жасылды ұшаққа мініп, ары қарай сапарлап кетті. Код-шерингтің тиімді тұсы – билет қаржысын бір компанияға ғана төлеп әрі үнемдеп алуға болады. Енді «Домодедово» әуежайын таныстарайын. Бұл өзі қазақтар үшін арнайы құрастырылған әуежайға ұқсады. Тарих парақтарында да Домодедовоны әу баста Орта Азия елдерімен қатынас орнату үшін ашқан екен. Бұл жердің басты артықшылығы, терминал – біреу. Ішкі және халықаралық рейстерге отырғызу бір ғимараттың ішінде жүзеге асады. Тоқетері – адаспайсың. Былтыр бұл терминал арқылы 29 миллион жолаушы өткен. Екіншіден, мұндағы кедендік бақылауда Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің азаматтарын тексеру жылдам әрі жеңілдетілген жүйемен жүргізіледі. Біле білсеңіз, Ресейге сіз жеке куәлікпен де ене аласыз. Үшіншіден, Мәскеуге арнайы келген жолаушы Аэроэкспреске отырып, 45 минутта қаланың ортасынан табыла алады. Билет құны – 500 рубль. Егер сіз «Эйр Астанамен» ұшып келсеңіз, онда сізге Аэроэкспреске тегін билет қоса беріледі.
Ұшақ 3.jpeg
Терминалдағы ретро-көліктер көрмесі
Терминалдың өзі ат шаптырым жерді алып жатыр. Алдағы жылы тағы кеңеймек. Мұнда ресторандармен қоса фаст фудтың ондаған түрі бар. Қалтаңызға қарай бургер мен сусынның кез келген түріне тапсырыс бере аласыз. Ұшақ кешіккен жағдайда тынығып алатын орындықтар мен телефоныңызды қуаттап алатын құрылғылар да жеткілікті. Ал ең ғажабы, мұнда ретро көліктердің көрмесі бар. Оны тамашалау – тегін. Мәскеу арқылы басқа елге ұшатын азаматтарға уақытын тиімді өткізуге таптырмас орын. 24 автокөлік пен көнерсе де жақсы сақталған 2 мотоцикл көлік тарихына қызығатын әуесқоймен қатар қарапайым жолаушының өзін тәнті етпей қоймайды. Мұнда немістің, француздың, италиялық және америкалық көлік құрастырушылардың үздік ретромодельдері қойылған. Көліктердің арасынан орыс ақыны Владимир Маяковскийдің Renault NN автомобилін кезіктіруге болады.
Ұшақ 12.jpg
Аэроэкспресспен қалаға жету 3000 теңге
Көрмені көріп, терминалды аралаған соң Аэроэкспреспен Мәскеу қаласына, Кремль қабырғаларын тамашалауға аттандық. Қызыл алаңның қызығын ұзақ жырласам да болар еді, бірақ ол туралы сіз бұған дейін жүз оқыған боларсыз. Мәскеу – баяғыша үлкен, шулы, қарбалас. Айлап жатып араламасаң, алақандай уақытта ештеңеге үлгермейсің. Десе де, Кремльдің ауласындағы шіркеулер мен Ресей президентінің резиденциясын көрдік. «ГУМ-ды» аралап, Никольский көшесімен серуендедік. «Москва-Ситидің» ең биік ғимаратының 89 қабатына көтеріліп, ондағы тегін балмұздақтан дәм таттық. Тіпті, Зарядье саябағында виртуалды тікұшақпен тұтас Ресейді де аралап тастадық. Орыстардың бұл технологиялық ноу-хауы ерекше әсер сыйлады.
Ұшақ 9.jpg
© Асқар Бек
Айта кетейік, «Эйр Астана» Қазақстанның бас қалаларынан Мәскеуге 2002 жылдың қыркүйегінен ұша бастады. Бүгіндері «Нұр-Сұлтан – Мәскеу – Нұр-Сұлтан» бағытында апта сайын 11 рейс және «Алматы – Мәскеу – Алматы» бағытында апта сайын 14 рейс орындалады.
Ұшақ 7.jpeg
Қызыл алаң
 

Алматы – Мәскеу – Алматы