Биыл — ақын Фариза Оңғарсынованың туғанына 80 жыл!
Соған орай ақынның меретойын республика бойынша атап өтіп жатыр. Атырауда 80 жылдыққа арналған апталық қорытындыланды.
Ал Нұр-Сұлтандағы Есіл ауданында жаңа көшеге есімі берілді. Салтанатты шараға қоғам қайраткерлері, депутаттар, оқырман, БАҚ өкілдері жиналды.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен жиында ақын есімін ұлықтау жалғасатынын айтты.
— Қазақтың ұлы ақыны, дара қызы Фариза апамыздың көшесіне келгендеріңіз үшін рақмет. Өткенді ұмытпай, еске алып, жаңа көшелердің біріне Фариза апамыздың есімін беріп отырмыз. Апамыз Парламент қабырғасында да халықтың мұңын жоқтап, көп еңбек сіңірді. Сондықтан, қазақтың осындай ұлы қызының есімін көшеге беру келесі ұрпаққа да тәрбиелік маңызын береді деп ойлаймын. Апамыздың аты мәңгі өшпесін. Бүгін түсте Фаризаның рухына ас береміз, қазір зиратына барып құран бағыштаймыз. Осы көше апамыздың есімімен даңғыл жолға айналсын», — деді Бақтияр Мәкен.