Ораз-Мұхаммед ханның орыс даласындағы беделі шаң басқан архивтерден аршылуы тиіс
Ораз-Мұхаммед ханның орыс даласындағы беделі шаң басқан архивтерден аршылуы тиіс
383
оқылды

Мәскеуде Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің ұйықты болуымен екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың негізін қалаушы Ораз-Мұхаммед Онданұлының тұлғасы мен қызметі туралы халықаралық конференция өтті.

«Қазіргі тарихтағы Ораз-Мұхаммед Онданұлының рөлі» атты ғылыми конференцияны ашқан Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов XVII ғасырдың басында Ораз-Мұхаммед Онданұлы қазақ мемлекеті мен Мәскеу мемлекеті арасында дипломатиялық негіз қалауға ат салысып, айрықша мирас қалдырғанын атап өтті. Оны араға үш жарым ғасыр салып қазақ халқымен қайта қауыштырған жазушы Мұхтар Мағауинның «Аласапыран» романы екенін еске салды.

– Барша Алаш жұрты үшін байрақты бабамыздың жат елде жарты патшалық құруы аңызға бергісіз ақиқат! Ал оның ел мен елді табыстырған қызметі – мәртебелі абырой. Өйткені Ораз-Мұхаммед орыс жеріне жеке дара келген жоқ. Ол бүкіл ел аманатын, ұлы даланың дос пейілі мен бейбіт ықыласын ала келді. Содан болар табиғи тәкаппарлығы мен батылдығының, зеректігі мен әділдігінің арқасында үлкен беделге ие болды. Осы елдің тағдыршешті сын сағатына араласты. Атқа қонып, еңселі ертеңі үшін күресті. Адамдар тарихи процестердің логикасын ұғынуға тырысып қана қоймайды, сонымен қатар процесстің инерциясына әсер етіп, оқиғалардың барысына бетбұрыс жасаған қаһарман тұлғалар туралы ақиқатты да білгісі келеді. Ұлы Далада ғана емес, жат жұртта, орыс жерінде даңқты істерімен танымал болған Сұлтан Ораз-Мұхаммедті осындай тұлғалардың шоғырына жатқызуға болады, – деді елші өз сөзінде.

   

ораз мхамед.jpg
Рязан облысы, Қасымов қаласы

Ораз-Мұхаммед Онданұлы сұлтанның екі елдің тарихында қалдырған ерекше рөлін зерттеп, зерделеу және насихаттауды мақсат еткен конференцияда алты қатысушы баяндама жасады, оның ішінде Ресей ғылым академиясының Әлеуметтік ғылымдар туралы ғылыми ақпарат институтының Өркениеттерді салыстырмалы зерттеу орталығының жетекшісі Илья Зайцев: «Ораз-Мұхаммед Ресейді азаматтық соғыс алауы шарпыған бұлғақ кезеңіндегі оқиғаларда маңызды рөл атқарды. Ол осы кезеңдегі белсенді мемлекет қайраткерлерінің бірі болды. Оның тарихи рөлі әлі де бағаланбаған болуы мүмкін», – деді. Ғалым қазақ сұлтанының тарихи орны ғана емес саяси қызметі турасында да жалғасты зерттеудің қажеттілігін айтты.

 Халықаралық бизнес университетінің әлеуметтік ғылымдар және гуманитарлық ғылымдар кафедрасының профессоры Мұрат Әбдіров тегі түркі үш билеушінің: Сібір ханы Көшім, қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед және Петр Урусов атымен тарихта қалған ноғай ханзадасы Орақтың – кейіннен үлкен еуразиялық державаға айналған сол тұстағы Мәскеу патшалығы кезеңінде тәлкекке түскен тоғысқан тағдырлары туралы сөз сөйледі.

«Ораз-Мұхаммед сұлтан қазақтың ханы болуы мүмкін еді. Ол Шығай ханның өмірден ерте озған үлкен ұлы Онданның баласы ретінде мүмкін қазақ хандығының тағына отырар ма еді? Тіпті, Борис Годунов патшаның ең сенімді серіктерінің бірі болған Шыңғыс тұқымы Ораз-Мұхаммед өмірінің соңғы беттері құпияға толы. Ресей жеріндегі қазақ ханы мезгілсіз ажал құшпағанда, Ресейдегі аласапыранның қалың тұманынан аман шыққанда Мәскеу патшалығы тағында отырар ма еді? Тарихи дерек Ораз-Мұхаммедтің баласы жалған Дмитрий II-ге әкесі оған қарсы жоспар құрып жатқанын айтты деп жазады. Бұл факт пе, жоқ па, дәп басып айту қиын. Біз бұл нұсқаның тамыры қайдан шыққанын білмейміз. Неліктен ұлы бұлай істеді? Тарих үнсіз, және біз бұл туралы ешқашан білмейтін шығармыз», - деді профессор.

    конференция.JPG

© Фотоны Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасы Елшілігі ұсынды

Ресей ғылым академиясының Орыс тарихы институтының аға ғылыми қызметкері Андрей Беляков Ораз-Мұхаммед екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстарды жай ғана бастаушысы емес, екі елдің ықпалдасуына әсер еткен тұлға деп қарайды.

«Мүмкін, Ораз-Мұхаммед Қазақстанның Ресейдегі тұңғыш елшісі, ізгі ниетті дипломаты болған шығар. Ораз-Мұхаммедтің және XVI ғасырдың 90-жылдарының ортасындағы дипломатиялық байланыстардың арқасында Ораз-Мұхаммедтің тәлімгері болған Қадырғали Жалайырдың әйгілі «Шежірелер жинағы» туындысы пайда болды. Алайда, бұл қазақ сұлтаны туралы жауапсыз сұрақ көп. Әкесі Ондан сұлтан қайтыс болғанда ол қайда болды, кімнің жанында болды, Ораз-Мұхаммед Сібір хандығына қандай себеппен барды – бұлар түсініксіз?! Онымен бірге әжесі, анасы, жары сияқты хандық әулеттің әйелдері де тұтқынға түсті. Олардың да соңғы тағдыры белгісіз. XVI-XVII ғасыр тарихы туралы Ресей жазбаларында Шыңғыс тұқымдарының барлық әйелдері, қыздары патшайым аталған», - дейді Андрей Беляков.

Ал, «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы» қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының бас сарапшысы Радик Темірғалиев қазақ пен орыс қатынастарының ресми дипломатиялық қатынасы Ораз-Мұхаммед тұсында орнады деп санайды. «Мәскеу билігі Тәуекел ханға дейінгі қазақ хандарын одақтас ретінде пайдалануға талпынған шақтары болмаса қою барыс-келіс жасаған жоқ. Тұтқынға түскен қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед сияқты Қазан, Қырым, Сібір, Астраханды билеген төрелер де орыс патшалығында аманатта болды. Соған қарамастан қазақ сұлтанын көтермеледі. Әрине, Ораз-Мұхаммедтің қолбасшы, саясаткер, дипломат ретіндегі өз қайраткерлігі де айрықша сапаға ие. Дегенмен, ол өзіне назар аударту арқылы Мәскеу билеушілерін қазақ хандығымен санасуы тиіс екенін ұғындырды», - деді тарихшы.

ҚазҰАУ «Рухани жаңғыру» гуманитарлық зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Нұрлан Атығаев Ораз-Мұхаммедтің мүлде зерттелмей жатпағанын, оның қайраткерлігі туралы диссертациялар қорғалып жатқанын айта келе, қазақ сұлтаны туралы кейбір сауалдарға тоқталды. «Бірінші, біз Ораз-Мұхаммедті Ондан сұлтанның ұлы ретінде білеміз. Архивтерде кездесетін татар тарихшысы Шиһабаддин Маржанидың мына дерегін қараңыз. «Наср ад-Дин Абуль-Фатх Ораз-Мұхаммед хан ибн Ондан, ибн Шығай, ибн Жәдік, ибн Жәнібек, ибн Барақ хан, ибн Құйыршық, ибн Орыс, ибн Бату» деп береді. Жаулаушы мәніндегі осы Наср ад-Дин Абуль-Фатх мен үшін сұрақ. Бұл қайдан шықты? Татар әріптестерімнен сұрап көрдім. Мүмкін Маржани бізге толық жетпеген бір дерекке сүйенген шығар. Бұл қосымша зерттеуді қажет етеді», деп сауалдар көтерді ғалым.

Конференцияға модераторлық еткен қазақ ғылымның қара шаңырағы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директоры Зиябек Қабылдинов қорытынды сөз сөйлеп, конференцияны түйіндеді.

«Ораз-Мұхаммед қазақ мемлекеті мен Ресейдің ғана емес басқа елдердің де тарихында із қалдырған ұлы тұлға. Оның ішінде Иранның, Литваның, Польшаның мұрағаттарында да есімі алтын әріппен жазылған.

Біріншіден, Ораз-Мұхаммед тұтқынға түсіп, бөтен елде, жат жерде Мәскеу мемлекетінде жүрсе де өзін мықты екенін, Ұлы даланың ұлы тұлғалары қандай батыл болғанын дәлелдеп кетті. Ол Шыңғыс ханның үлкен баласы Жошының тікелей ұрпағы. Ресейлік әріптестерімнің естеріне сала кетейін, Жошы ханның жатқан жері Қазақстанның Қарағанды облысы, Ұлытау ауданында.

Екінші, Ораз-Мұхаммед тұтқында болса да Мәскеу мемлекетінің ең жоғары сатысындағы билік элитасында ойып орын алып, олардың құрметіне бөленген дара тұлға. Мысалы, қазақ сұлтаны Федор патшаның тағының сол жағына отырған. Оң жағында басқа төрелер, Көшім ханның ұрпақтары отырды. Оны ешқашанда ұмытпауымыз керек. Бұл оның төре тұқымы болғанынан да шығар. Дегенмен өзінің мінезінің ерекшелігін, 16 жасына дейін Ұлы далада жүріп алған тәрбиесін жат жерде жүргенде көрсетті.

Үшінші, Ораз-Мұхаммед екі ел – Мәскеу мемлекеті мен Қазақ хандығы арасында тұрақты түрде дипломатиялық байланыстың ең бірінші үлгілерін көрсетті, өзі соның себепкері болды. Мысалы, 1594 жылы Тәуекел хан Мәскеуге Құл-Мұхаммед атты мықты елшіні жібергендегі үш тапсырмасының бірі осы Ораз-Мұхаммедті алып келу еді.

Төртіншіден, Ораз-Мұхаммедтің Ресей жерінде жүрген кездегі әр ізі мұрағаттарда жақсы сақталған. Шынын айту керек, XVI-XVII кезеңіндегі қазақ хандығы туралы деректер аз. Осы кезең үшін құнды деректер Мәскеуге келген елші Құл-Мұхаммедтің Ораз-Мұхаммедпен әңгімесі арқылы сақталып қалды. Жай ғана сақталмай, болған оқиғаларды ғана айтпай, Қазақ хандығының ішкі-сыртқы жағдайын, басқа мемлекеттермен қарым-қатынасын әдемі суреттейді.

Бесінші, Ораз-Мұхаммедтің тарихы Ресей мемлекетінің дамуына әсер етті. II Лжедмитрий 1610 жылы Ораз-Мұхаммедті қастандықпен өлтірген соң, оның досы Петр Урусов аңшылыққа шыққанда II Лжедмитрийді өлтіріп, қарулас серігінің кегін алып, I Петр кезінде алып империяға айналған Мәскеу патшалығы билігіне 1613 жылы Романовтар әулеті келуіне алғышарт жасады.

Алтыншыдан, ол жай ғана қарапайым сұлтан болып, Борис Годуновтың төрінде отырмай Касимов хандығының билеушісі болды. Халықтың тұрмысын жақсартып, бір-бірімен араздығын тоқтатып, көпұлтты өкілдердің өзара татулығын сақтаған, ерекше әдіспен өз хандығын билеген саясаткерлігі орыс тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Ораз-Мұхаммед 1812-1845 жылдардың ортасында Еділ мен Жайық арасында құрылған ішкі орда Бөкей ордасын, Жәңгір ханды есептемегенде, Ресейдің ішкі жағында жүріп, хан болған жалғыз тұлға. Ол Мәскеудің түбінде отырса да қазақтың мемлекет басқару үлгісін көрсетіп кетті. Өзінің тарихи отаны қазақ хандығының мүддесін де ойлап отырды.  

Жетіншіден, 16 жасқа дейін мықты білім, жақсы әскери тәлім алған қазақ сұлтаны Мәскеу мемлекетінде қызметке барғанда өзін жақсы сардар, үлгілі қолбасшы ретінде көрсете білді. Мысалы шведтермен шайқаста, Қырым татарларының Мәскеуге шабуылын тоқтатуға көптен көп еңбек етті.

Сегізінші, Ораз-Мұхаммед екі елге ортақ тарихи тұлға. 22 жылын Ресейде өткізген ол ант берген Мәскеу мемлекетіне адал қызмет етті.

Осындай тұлғаның есімін қалай насихаттау керек? Қазір Қазақстанда,  Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 3 томдық тарихи энциклопедия жасалып жатыр. Соның ішінде Ораз-Мұхаммедке ойып орын беріп, кеңінен дәріптеуіміз керек.

Қазақстанда 1 жыл бұрын жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясындағы «Ұлы дала есімдері» жобасына енетін 100 тұлғаның арасында Ораз-Мұхаммед ойып орын алатынына сенімдіміз.

Осы тұлғаға Қазақстандағы мектеп оқулықтарының, Орта ғасырдағы Қазақстан тарихын баяндайтын 7 сыныптағы тарих оқулығына, жоғары оқу орындарында оқытылатын тарих кітаптарында да жеке параграф арнау керек.

Шынын айтқанда, Қазақстанда дайындалып жатқан тарих мамандары арасында орта ғасыр тарихымен айналысатын мамандар өте аз. Тарихшыларды осы кезеңге бағыттау қажет. Оның ішінде Сібір хандығын, Қасым хандығын, Ораз-Мұхаммед сияқты тұлғаларды зерттеуіміз тиіс. Сондай-ақ жеңіл тілде жазылған монографияларды дайындап, қазақ, орыс, ағылшын және басқа да тілдерде аударып тарату керек. Әрі, басқа да елдердің мұрағаттарын тереңдей зерттеп қосымша хрестоматиялар әзірлеу артық емес.

Конференцияда қатысушылар тек білім мен пікір алмасып қана қоймай, бір-біріне қазақ-орыс қарым-қатынасы туралы соңғы монографияларын ұсынып, конференция ұйымдастырған елшілік жұмысына ризашылық білдірді.

Иманғали.jpg
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Иманғали Тасмағамбетов

Айта кететін болсақ, Ресей Федерациясының Рязань облысы, Қасымов қаласында Ескі татар зиратында Жошы ұлысынан, қазақты билеген Шыңғыс тұқымынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға (ханға) мемориалды тақта орнатылды.