Еуразияға төнген 10 қауіп
Еуразияға төнген 10 қауіп
146
оқылды

Осы аптада Астана клу­бы­на жиылған отстав­ка­да­ғы әлемнің экс-беделді сая­сат­керлері Еуразия құр­­лығына ке­лер жылы төне­­тін негізгі қатерлер жайлы өздерінің дол­барын жасағандай бол­ды. Былтыр жасаған болжам­да­рының тек жартысы биыл іске асқанын ескерсек, бұл саяси пікірлерге назар аудару дұрыс па?

Сонымен, кезінде президент, премьер-министр, халықаралық ұйымның жетекшісі және тағы басқа лауазымды қызметті атқарған азаматтар Еуразияны 2020 жылы келесідей қиындықтар күтіп тұр деген қорытындыға келіпті.

1. 2020 жылы АҚШ-тағы пре­зиденттік сайлаудан кейінгі ахуал. АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп жаңа мерзімге қай­та сайлану кампаниясын бас­тап кетті. Алайда қарсыластары оны импичментпен қорқытуда. Әлемнің жетекші державасының саяси дамуындағы белгісіздік бүкіл Еуразия үшін елеулі сын-қатерге ұласуы мүмкін екен. Жақсы бол­жам. Дегенмен бұл сценарийдің жү­зеге асуы күмәнді. Неге? Себебі АҚШ заңы бойынша президентке импичментті Конгрестің жоғарғы палатасы – Сенат жариялайды. Ал қазіргі күні онда Республикалық партияның өкілдері басым. Украи­наға заңсыз қысым жасады деп айыпталған Д.Трамп сол партия мүшесі екенін ескерсек, онда республикалық сенаторлар Трампты жыға қоюы екіталай.

2. Жаһандық экономикалық құл­дырау. Дүниежүзіне ықпал ете­тін кезекті экономикалық дағ­дарыс дамушы елдердегі эко­но­микалық мәселелердің салда­ры­нан туындауы мүмкін. Бұл бол­жамның шындыққа жанасуы, меніңше, 50:50. Өйткені соңғы жыл­дары дамушы мемлекеттердің экономикасынан шетелдік валюта дамыған елдерге ағыла бастады. Соның жарқын мысалы – Түркия. Бұл процесс жергілікті ақшаның құнсыздануына әкелді. Бәлкім, Қазақстан да сондай мысалдың бірі шығар. Алайда осыған қарамай, кезекті әлемдік қаржылық дағ­дарыс орнай қояды деуге негіз аз. Себебі 2008 жылғы қаржылық дағдарыстан соң көптеген елдер экономикасын сақтандырудың шараларын қабылдап тастады.

3. АҚШ пен Қытай теке­ті­ре­сінің ушығуы. АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің күшею қаупі былтырғы рейтингтің ал­дың­ғы қатарында еді. Мәселе 2020 жылы да өзектілігін жой­ған жоқ. Вашингтон мен Бей­жің шиеленісін толыққанды стра­те­гиялық қарсылық деп атауға бо­лады. Астана клубына жи­нал­ған сарапшылардың бұл болжа­мы­на нық сену қиын. Себебі кикіл­жіңнің өршу әлде өршімеуі 2020 жылғы АҚШ-тағы президент сайлануына тікелей байланысты. Егер республикалықтардың өкілі –
Д.Трамп сайлауда қайта жеңсе, онда Қытаймен сауда қақ­ты­ғысы жалғаса түседі. Ал егер демо­краттардан, айталық Джо Байден бәйгеде оза шауып келсе, онда Аме­риканың сыртқы саясаты күрт өзгеруі ғажап емес. Яғни, сау­да соғысы бәсеңдеп қалар. Сон­дық­тан АҚШ-Қытай жанжалы келер жылы жалғасады, жағдай қиындай түседі деп айту – дүдәмал ой.

4. Жаһандық қарулану жары­сының жаңа кезеңі. 2019 жылы қырғи-қабақты бәсеңдетуде бәсі жоғары болған Жақын және орта қашықтықтағы зымырандарды жою жөніндегі келісімінің күшін жой­­ғанын көз көрді. 2020 жылы әлем стратегиялық қару саласындағы «ойын ережелерінің» жаппай жойылу ықтималдығына тап келеді. Бұл – жоғарыда ай­тылған сарапшылардың пікірі. Бірақ дәл солай болады деп айту қиын. Неге? Биыл АҚШ пен Ре­сей әлгі атауы ұзақ құжаттың кү­шін жойып, 500-ден 5 500 ша­қырым қашықтыққа ұша ала­тын зымырандарды өндіруге, қол­дануға мүмкіндік алды. Қауіп. Халықаралық қауіпсіздік жүйесіне қатер. Дегенмен мұндай зымыран қазір әлемнің біраз елінде бар. Мы­салы, еуропалықтарда, Қы­тайда. Оған қоса, бұл АҚШ пен Ресей арасында тікелей зымыран қолданатын жанжал жүріп жат­қан жоқ. Басқаша айтса, бұл ұзақ­мерзімді қатер, бірақ 2020 жылы әлем бетпе-бет келетін қауіп емес.

5. Технологиялық үстемдік жарысының үдеуі. Технологиялық кеңістіктің геосаяси астары айқын бола түседі. Қытайлық Huawei және ZTE компанияларының мы­салдары IT нарықта бәсеке өрши түсетінін көрсетті. Бұл оймен келісуге болады. Өйткені АҚШ өзінің технологиялық көш­бас­шылығын Қытайға бермеу үшін әкімшілік ресурстарын да қол­данып жатыр: америкалық ком­панияларды қытайлықтарға сатуға тыйым салды, қытайлық ұялы телефондардың АҚШ-та саудалануын шектеді және т.б. Алдағы уақытта IT нарықтағы бәсеке чип, бағдарламалау және 5G бағытында жүруі әбден мүмкін. Себебі біріншіден, олар – ұзақ интеллектуалды еңбектің жемісі. Екіншіден, аталған технологиялық өнімдердің құны өте қымбат. Үшін­шіден, бұл үш бағыттың да перс­пективасы жоғары. Осы себепті әр ел осы бағыттағы нарықта үстем болуға барын салады.

6. Иранға қарсы әскери со­ғыс. Ядролық келісімді жою Иран төңірегіндегі қарама-қайшы­лық­тардың одан ары ушығуына ұласуы мүмкін. Иранның геосаяси қарсыластарымен текетіресі ки­бер­кеңістікке кең таралады. Бұл болжаммен келісу қиын. Оған себеп жетерлік. Алдымен, Иранның бас қарсыласы – АҚШ қазір 2020 жыл­ғы президент сайлануына дайын­дық үстінде. Яғни, сайлауалды кезеңде ешбір саналы президент Иран секілді мемлекетке соғыс ашпайды. Екіншіден, Ауғанстан, Ирак, Ливия, Сирияда қатар со­ғыс жүргізген елдің тағы басқа мем­лекетке әскер кіргізуі ақылға сый­майды әрі АҚШ экономикасына қауіп. Үшіншіден, Иран оңай шағылар Ирак емес. Армиясы ай­батты, қару-жарақтың түр-түрін Ресейден жеткізіп жатыр. Төртіншіден, осы жолы Қытай мен Ресей Иранды Америкаға оңай «азық» ретінде беріп қоя сал­мас. Қос ел Венесуэланы Вашинг­тонның құрығынан аман алып шықты. Ресей Сирияны қорғап қалды. Осыдан-ақ Мәскеу мен Бейжің Тегеранды қорғауы үшін барын салары белгілі. Сондықтан АҚШ-тың Иранға толыққанды соғыс жариялауы неғайбыл.

7. Корей түбегіндегі ядролық дағдарыс. Солтүстік Кореяның бейбіт келісімге келу және АҚШ-пен қарым-қатынасын қалыпқа келтірудегі қадамдары баяу қар­қынмен жүруде. Екі тарап ара­сын­дағы келіспеушіліктер артқан сайын келісімдердің құрдымға кету қаупі күшейеді. Аталған болжамды теріс шығару не қолдау оңай емес. Өйткені Солтүстік Кореяның ядро­лық арсеналы – әзірге уақытша сең болып қатқан мәселе. Ким Чен Ын ара-тұра зымырандарын атқылап, көршілерінің мазасын алғанымен, ол Трамппен екі рет кездесіп, АҚШ-пен арақатынасын түзеуге мүдделі екенін көрсетті. Сондықтан Солтүстік Кореядағы ядролық қақтығыс туралы айтып, әлемді шошытудың қажеті шамалы секілді.

8. Терроризмнің жаңа толқыны. ДАИШ-тың талқандалғанына қарамастан, террористік топ­тар дамудың жаңа сатысына кө­­­­теріліп, әрекет ету ауқымын кеңей­те түсуде. Жалғыз өзі күрес ұйым­­­дас­тырғандардың қатары кө­беюде. Бұдан бөлек, әлем мұ­сыл­­мандар мен мигранттардың өзге конфессиялар терроризмі мен «ақ» терроризм аталған топтар­дың құрбаны болғанына куә бол­ды. Бұл ойға қосылуға негіз бар. Не себепті? Өйткені ДАИШ тер­рористік ұйымы басшысынан айы­рылып, әскері жойылғанымен, оның қалдықтары шартарапқа жайы­лып кетті. Кәлләсында террористік ойды пісіріп жүрген 1 адамның өзі қоғамға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Оған қоса, ДАИШ қалдықтары Сирия мен Ирактың өзінде, Ливия мен Йеменде, Ау­ғанс­танда, тіпті Африка елдері мен Мьянмаға баруы мүмкін. Заңсыздық орнаған жерде тер­роризм­нің жайылуына жағдай жа­са­лады. Бұған қоса, Африка мен Таяу Шығыстан Еуропаға бет алған миллиондаған мигрант ара­сында терроршы жоқ деп ешкім айта алмайды. Осы факторларды ес­керсек, келер жылы да біраз тер­рак­тілердің дүмпуі жайлы ха­бар кеш­кі жаңалықтарға шығуы мүм­кін.

9. Басқыншы ұлтшылдық пен популизм толқыны. Популист сая­саткерлердің күрделі мәселелерді оңай шешуге деген ниеті қиратушы әлеуметтік қақтығыстарды кү­шейтеді, сондай-ақ этникалық және діни араздық қаупін туды­рады. Рас. Қолдауға тұрарлық пікір. Өйткені популизм арқылы жылдам жеңіске жету саяси тренд­ке айналды. Мексикамен шекараға қабырға салам деген Трамптың президент сайлануы, Еуроодақтан елді шығару керек деген Б.Джонсонның Британияда премьер атануы популизмнің мүмкіндігін көрсетті. «5 жұлдыз» партиясы Италияда жеңіске жетіп, Еуропа тарихындағы алғашқы по­­пулистік үкімет атанды. Үндіс­тан­ның премьер-министрі Нарендра Моди да биылғы сайлау алдында біраз ұлтшыл бағыттағы ұран тас­тап, саяси додада топ жар­ды. Яғ­ни, саясаткерлердің жеңіс­ке жету үшін арзан уәде, оңай жол ұсы­нып, билікке келуі әдетке, қа­­лып­ты жағдайға алып барады. Алай­да оларға сенген жұрт уәде­лер­дің соңы қандай қақтығысқа әке­лерін салмақтап жатқан жоқ секілді.

10. Климаттың өзгеруі туды­ра­тын ауқымды мәселелер. Ірі дер­жавалар арасындағы кикілжіңдер мен келіспеушіліктер 2020 жылы климат­тың өзгеруіне қарсы күрес­ті түбегейлі тоқтату қаупін тудырады. Бұл басқа мемлекеттердің ұлттық мүддені желеу еткен өзімшілдік саясатын жүргізуін жеңілдетеді. Аталған долбардың жүзеге асуы – 50 пайыздың төңірегінде. Себебі АҚШ-тың әлемдік климатты қор­­ғауға бағытталған Париж ке­лісі­мінен шығуы теріс тренд қалып­тастырды. Ауаға зиянды қал­дық­тарды азайту туралы Еуроодақ­тың жоспарына Польша вето қоюы мүмкін. Себебі бұл экос­тратегияның іске асуы көп­теген елдің экономикасына үл­кен шығын әкеледі. Ал Польша сияқ­ты дамушы елдердің бюджеті оған дайын емес. Сондықтан эко­номикасы әлсіз елдер жаһандық жылынумен күресуден гөрі жаңа зауыт салуды құп көріп отыр.