Атыраудағы «Ақ желкен» шығармашылық орталығында «Қайта оралған құмаршық» атты шара өтті. Оған қаладағы көнекөз қариялар, қоғам қайраткерлері, құмаршық атты қасиетті өсімдіктің дәмін татып, оны қадір тұтқан азаматтар қатысты. Олардың арасында Азғыр мен Нарын құмын қоныс еткен бабаларымыздың ұрпақтары да бар.
«Құмаршықты айтқанда, сонау отызыншы жылдардың ойраны, қазақ халқын қынадай қырған аштықтың азалы, ыңырси шыққан үні құлаққа жететіндей. Аштықтан арып-азып, тентіреп кеткен ел-жұртты түбірімен, тегімен жойылып кетпеуіне септескен, қасиетіңе мың тағзым деуге келетін осы бір Құмаршық аталатын құмды өңірде өсетін, жабайы, құнарлы өсімдік еді. Сол аштықтың азалы желі өңмендей соғып, жұртымызды қайрансыз қалдырып, көзің қарауытып, өзегін талдырған уақытта оған ауызы жеткендердің тамыры қайыра бүлкілдеп соғып кеткені аңыз емес, шындық» дейді шараны жүргізген журналист Таңатар Дәрелұлы.
Құмаршықтың пайдасы көп. Оның сыртқы жараға емдік қасиеті анық дәлелденген. Егер де оны дайындап, сұйық күйінде пайдаланса, асқазан-ішек ауруларының бірден-бір емі әрі мұндай сырқаттардан сақтандырады. «Құмаршықтың емдік-дәрумендік қасиетін зерттеу – ғалымдардың еншісіндегі тақырып. Ел оған үлкен үмітпен қарайды. Құмаршықтан азық ретінде көже ғана емес, оны өңдеу арқылы түрлі сапалы сусындар дайындауға болады. Оны зерттеуді ғылыми-зерттеу институты қолға алады деген үміттеміз» дейді ұйымдастырушылар.
Құмды аймақта тамыр тартқан киелі өсімдікті еске салып, тағылымды шара ұйымдастыруға себеп болған – өзі де қолымен диірмен айналдырып, құмаршықтың талқанын да, нанын да жеген халқымыздың зерделі ұлы, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов.
– Әжем Жұмажан осы өңірдің жұртшылығын аштықтан аман алып қалған құмаршық екенін құлағымызға құйып өсірді. Әкем де диірменнің құлағын аз ұстамаған, жоқшылық көріп өскен азамат. Реті келгенде өзім де диірмен тартып, талқан дайындадым. Сайысқа қатысушы Мәрия Ғұмарова апайдың құмаршықты қағудан бастап, одан ас мәзірін дайындауға дейінгі мехнатын Қошалаққа барып, арнайы тамашалап қайттық. Бірге барып, киелі астың дәмін татқан дос-жаран маған көп қолдау білдірді. Құмаршық туралы аз ойланғаным жоқ. Аштық азабын шеккеннің барлығына дерлік құрметіміз шексіз. Сол аламат қиын заманда елді азып-тозудан сақтап қалған өсімдіктің қасиетін білгеніміз жөн, – деді Сәрсенбай Құрманұлы.
Сенатор құмаршықтың бар ізгі қасиетін айшықтайтын ескерткіш-белгінің дайын тұрғанын, ол ескерткіштің Алла бұйыртса, «Атырау-Астрахан» күрежолының Құрманғазы ауданына жақын бір бөлігіне орнатылатынын жеткізді. Аталған шараға ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, Парламент депутаттары қатысуға ықылас білдіріп отыр. Бұл ауқымды шара келесі жылдың мамыр айына белгіленіп отыр. Ал Сәрсенбай Құрманұлының ұсынысымен ғылыми-зерттеу институты құмаршықты зерттеуді қолға алды.
Жиында сөз алған Сенат депутаты, белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп, осы шараны ұйымдастырушы, «Жерұйық» қоғамдық қорының төрағасы Нұрберген Әбдірешұлы құмаршықтың мән-маңызына тоқталды.
Қол диірмендер зырылдап айналды. Сайысқа қатысушылар әкелген құмаршық наны, көжесі, талқаны, одан дайындалған тағамнан ел-жұрт ауыз тиіп, ризашылықтарын білдіріп жатты. «Ақ желкеннің» үлкен залында құмды өлкенің байырғы тұрғындары көшіп келгендей әсер қалдырды. Исатай ауданы Хамит Ерғалиев ауылы, Қамысқала округінің жүз шақырым қашықтықтағы «Әйтіш» құмын мекендейтін Гүлпара Қабекенова есімді шопан келіншек қолдаушыларымен бірге қол диірменін арқалап, арнайы келіпті. Құмаршық өскен алқаптың бір қапшық құмын көтеріп әкеліп, еденге төгіп, өсімдікті сол өсіп тұрған күйінде құмға қадап қойды.
Одан бөлек, ұлт-аспаптар оркестрінің орындауында Құрманғазы бабамыздың күйлері тұлпар дүбірімен дүр сілкіндіріп, қан қоздырса, «Ақ Жайық» ансамблінің қос қарлығыштай әнші қыздары Мұхит болып көктен сорғалап, Ғарифолла болып егілдірді. Дина оркестрінің солисі Бақытбек Сәрсенов Нұрпейіс Байғаниннің «Еңбек термесін» тарту етті.
Қазылар алқасына да жүлдегерлерді анықтау оңайға түспеді. Қазылар алқасының төрағасы Өмірзақ Қажымғалиұлы шараның айрықша маңызына тоқтала отырып, жеңімпаздарды құттықтап, ризашылық сезімін білдірді. «Тарихқа тағзым» аталымы бойынша Құрманғазы ауданының Дыңғызыл ауылдық округінен қатысқан Лена Ризуанова жеңімпаз атанды. «Бабалар жолын сақтағаны үшін» аталымы Исатай ауданының Тұщықұдық ауылдық округінен келген Хайрошева Айгүлге бұйырды. «Салт-дәстүрге беріктігі үшін» аталымы Құрманғазы ауданының Мақаш ауылдық округінен қатысқан ерлі-зайыпты Қыдырсиық Құсайынұлы мен Галя Садиыққызына берілді. 1-орын исатайлық Гүлпара Қабекенқызына сыйланса, көрермен көзайымына ие болған зейнеткер әже Мәрия Ғұмарова Құрманғазы ауданындағы әйгілі Қошалақтан арнайы келіпті. 3-орын ақтоғайлық диірменші Мұстахима Әлиеваның қанжығасына байланды. Барлық қатысушыға ақшалай сый-сияпаттар ұсынылды. Бір ескерерлігі, мұның бәріне Сәрсенбай Еңсегенов мұрындық болды. Сөйтіп, мұнайлы астана төрінде тұңғыш рет диірмендер зырыл қағып, салтанат құрды.
Айнагүл ШАКУПОВА