Алматыдағы наубайханада 3 жыл құлдықта болған қыз құтқарылды
Алматыдағы наубайханада 3 жыл құлдықта болған қыз құтқарылды
202
оқылды
Алматыда арнайы жасақ сарбаздары Алғабас ықшам ауданындағы наубайханаға басып кірді. 31 арнаға 25 жастағы қызымды үш жылдан бері құлдықта ұстап отыр деген ана көмек сұрап хабарласқан болатын. Расымен де сарбаздар Камила Етназарованы сол жерден тапты. Жас қызды құтқаруға келген арнайы операция күдіктілерді ұстады. Өзін құтқаруға келгенін көрген бойжеткен еңіреп жылап жіберді.
"Анамды көргім келеді, бірақ мені жібермейді. Үш жыл болды. 150 мың теңге жалақы береміз деген еді. Тек 20-30 мың теңге ғана береді. Оған керек заттарымды аламын", – деді Камила. 
Сағат таңғы 11:00-де жұмысы басталып, келесі күні сағат 17:00-де аяқталады екен. Жұмысты баяу істеп қалса, кәсіпорын басшысы жұдырық ала жүгіреді. "Шоққа көсеуді қыздырып, денемді бірнеше рет күйдірді" дейді жәбірленуші. Ащы суға сылқия тойып алған күні сан мәрте келіп, тепкінің астына алғанын айтады. Бұл қорлыққа шыдап келген қыз шешесін уайымға салмау үшін тіс жармай келген.  Жұмысқа жеккендер "аузыңды ашсаң, айтпады деме" дегенге салып, қоқан-лоқы көрсеткен. Ерлі-зайыпты кәсіпкерлер жұмысшылардың ешқайсысында еңбек кітапшасы жоқ екенін, цехте тазалық талаптарының жоқ екенін мойындады. Мұнда Камиладан басқа тағы 7-8 адам заңсыз жұмыс істейді. Полиция жұмысшылармен бірге кәсіпорын басшыларын бөлімшеге алып кетті. Оқиға полицияның бақылауына алынды.