Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен елорда тұрғыны мен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Хабарламада 30-дан астам зардап шеккен тұрғын полицияға жүгінгені айтылған. WhatsApp-та жоба құрып, оның әрекеті бірнеше нақты чаттарда жүзеге асырылған: «Нақты кіріс -1», «Нақты табыс -2», «Триумф» және басқа да жалған жобалар жасаған әйел өзгелерді алдап, ақшасын иемденген.
«Күдікті тұрғындардың сенімі мен қаржылық сауатының төмендігін пайдаланған, салған қаржылары жоғалмайды деп сендірген. Жобаға салынған ақша 5-15 күн ішінде 100 пайыз кіріспен қайтарылады деп алдаған», - деді Нұр-Сұлтан полициясының баспасөз қызметі.
ПД хабарлағандай, күдікті әйел өзі құрған қаржы пирамидасы арқылы 32 адамның 60 миллионнан астам теңгесін алып кеткен. Дегенмен, алданғандар саны анағұрлым көп болуы мүмкін, деп ескертеді полиция.
«Егер сіз немесе сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасы іс-әрекеттерін байқаған болсаңыздар, полицияға хабарласыңыз (Бейбітшілік 19)», – деп хабарлады баспасөз қызметі.