Тоғыз айда Қазақстаннан 34 мыңнан астам адам көшті
Тоғыз айда Қазақстаннан 34 мыңнан астам адам көшті
174
оқылды

2019 жылдың үш тоқсанында (қаңтар-қыркүйек аралығы) Қазақстаннан 34,2 мың адам көшіп кетті, бұл былтырғы жылдың осы кезеңінен 8,3% артық,– деп хабарлайды Ranking.kz.

Сонымен бірге, елімізге биылғы үш тоқсанда сегіз мың адам көшіп келген, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 14,4% аз.

Елден кеткендердің дені қала тұрғындары: 28,8 мың адам немесе көшкендердің жалпы санының 84,1%. Ал ауылдық жерлерден сыртқа 5,4 мың көшіпті.

Сыртқы көші-қонның ең елеулі теріс сальдосы 16 жастан зейнеткерлік жасқа дейінгі қазақстандықтар арасында байқалады – 17,4 мың адам (23,6 мың кетті, 6,2 мың келді). 15 жасқа дейінгі балалар көші-қонының теріс сальдосы 8 мың адам болды (9,1 мың кетті, 1,1 мың адам келді).

Сонымен, 2019 жылдың тоғыз айында 30,4 мың адам Ресейге көшкен. Ал ол елден келгендер саны – 2,2 мың адам.

Қазақстандықтар таңдаған екінші ел – Германия: онда 2,1 мың адам кетті. Үшінші орында – Беларусь (297 адам).

Сондай-ақ, бестікке Өзбекстан мен АҚШ кірді, онда тиісінше 220 және 190 адам көшкен.

Қазақстандықтар сонымен қатар, Қырғызстанға, Израиль, Қытай, Түркия және Канадаға жиі барады.

Ал Қазақстанға Өзбекстан (2,9 мың адам), Ресей (2,2 мың адам) және Қытай (686 адам) тұрғындары келеді.

Өңірлер бойынша шетелге ең көп кететін облыс тұрғындары – Шығыс Қазақстан (5,4 мың адам), Қарағанды (4,8 мың адам) және Қостанай (4,3 мың адам). Сондай-ақ, бестікке Павлодар (4,2 мың адам) және Солтүстік Қазақстан (3,3 мың адам) облыстары кірді.

Көші-қонның оң сальдосы еліміздің үш өңірінде ғана байқалады, олардың ішінде Шымкент (293 адам кетті, 622 адам келді), Алматы облысы (1155 адам кетті, 1456 адам келді) және Түркістан облысы (196 адам кетті, 261 адам келді) бар.