Алматы қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
ҚХА Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев БАҚ өкілдерін 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтай отырып, мемлекет саясатын ақпараттық тұрғыдан қолдауға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін насихаттауға үлес қосып жүрген журналистерге алғысын білдірді. – Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде жүзеге асқан барлық реформалар мен маңызды бағдарламалар, еліміздің қол жеткен табыстары журналистер назарынан тыс қалған емес. Биылғы жылы күллі әлем жұртшылығын бір тарының қауызына сыйғызған қатерлі пандемия Қазақстан халқын айналып өткен жоқ. Қиын күндерге қарамастан республика жұртшылығы биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, ұлы ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығы, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы сияқты маңызды шараларды түрлі форматта атап өтті. Осындай ұлық мерекелердің ел арасында кең көлемде насихатталуына сіздер зор үлес қосып, айрықша қолдау білдірдіңіздер. ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісімді нығайту туралы тапсырма берген болатын. Осы орайда отандық журналистика қоғамдық келісімді дамыту, арандатушы ақпараттарға қарсы иммунитетті қалыптастыру және қоғам бірлігін сақтау тақырыптарын жиі көтеруі тиіс. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мен мемлекет саясатын халыққа түсіндіру мәселесінде де қолына қалам ұстаған ағайынның атқаратын рөлі айрықша, – деді ол. Іс-шараға этномәдени бірлестік өкілдері, Ассамблея мүшелері және республикалық БАҚ бас редакторлары қатысты.