Жолда қалған 49 жолаушыға көмек көрсетілді
Жолда қалған 49 жолаушыға көмек көрсетілді
5,263
оқылды

«Нұр-Сұлтан – Семей» бағытында қатынайтын автобус жолаушыларына полиция қызметкерлері көмек көрсетті, деп хабарлайды Павлодар облыстық полиция департаменті.

«16 қараша күні сағат 04.15 уақытында «Павлодар – Қызылорда» жолында, Шідерті ауылына жақын маңда Павлодар облысының полиция патрулі – капитан Аманжол Бейсембаев пен лейтенант Қанат Нұриманов қозғалыссыз тұрған автобусты көреді. Тәртіп сақшылары автобусқа жақындап, оның «Нұр-Сұлтан – Семей» бағытында жүретінін, ішінде 49 жолаушы бар екенін анықтаған. Оның төртеуі – бала», - деп хабарлайды полиция департаментінен.

Автобус жазғы дизель отынымен жүргені белгілі болып отыр.

«Полиция қызметкерлері оқиға туралы Төтенше жағдайлар департаментіне хабар беріп, басқа автобус тауып беруге күш салды. Жолаушыларды «Ақжол» кэмпингіне жеткізіп, жылы жерге орналастырған. Зардап шеккендер жоқ»,– делінген хабарламада.

Таңғы сағат 07.40 кезінде жолаушылар басқа автобусқа отырып, діттеген жеріне аттанып кеткен.