«Ешнәрсені ойдан шығармадық» – Рүстем Әбдіраш
«Ешнәрсені ойдан шығармадық» – Рүстем Әбдіраш
425
оқылды

Кинорежиссер Рүстем Әбдіраштың «Мен үшін кино — ол өнер. Өзімді суреткер сезінемін» дегені бар. Расымен, ол түсірген фильмді тамашалай қалсаңыз, талғам мен эстетика, ұлттық танымды бірден байқайсыз. Өзі суретші болғандықтан кішкентай детальдің өзін көркем етіп көрсеткісі келеді. Бұл біздің емес, актерлердің Рүстем Әбдіраштың бойынан байқаған қасиеті. Талантты режиссер, сценарист «Елбасы жолы» кинодастанына да жан бітіріп, көрерменін еліктірген-ді. Сондықтан режиссерден Тұңғыш Президентіміздің өмір жолын суреттеген киноэпопея жайлы толғамын білгіміз келді.

– Рүстем аға, «Елбасы жо­лын» киноэпопея жасау әуел­гіден жос­пар­да болды ма? Мұн­дай идея қалай дүниеге келді? – Бастапқыда ми­нистр­ліктен ұсыныс түскен. Содан Елбасының есімі қазақ тари­­хының парақ­тарында алтын әріппен жазылып жатқанда, қа­лайша қолдау біл­дірмеске деген ой туды. Сондықтан күрескер тұлға жайлы кино­туынды түсіруге шешім қа­былдадық. Кинодастан адами оқиға желісіне толы. Сондықтан кинода әртүрлі қызық оқиға бо­ларын біліп, тәуекел еттік. Бас салып, ойланбастан сүңгіп кет­кен жоқпыз. Дайындалып ба­рып, шешім шығардық. Әуелден ауқымды дүние боларын біліп, білек сыбана кірістім. Кі­тап­тарды оқып, әртүрлі дерек­терді ақтардым. Алла сәтін сал­ды. Елбасының балалық бал дәу­рені мен жастық шағы су­реттелген «Балалық ша­ғым­ның аспаны» фильмінің түсірі­лімі 2011 жылы басталды. Осы кинодастанның жалғасы «Теміртау» мен «Отты өзен» де іле-шала дү­ниеге келді. Мен таспалаған туын­дыларды көрсеңіз, мынаны тү­сінесіз. Маңыздысы – уақыт пен адам. Яғни, уақыт сынына адамның берген жауабы. Іс- әрекетімен төтеп беруі. Өз заманының әуе­ні, дыбыс­талуына да басымдық берген дұрыс. Өйткені адам өз заманынан бөлек тіршілік ете алмайды. Қалай бол­ғанда да, тұлғаның қалыптасуы – сол уа­қыттың жемісі. – Көпшілік «Балалық ша­ғымның аспанын» жылы қа­былдады. Ал «Теміртау» мен «Отты өзенді» тү­сіруге қанша уақыт дайын­дал­дыңыздар? Те­міртаудағы түсірілім жұмысы туралы айта кетсеңіз. – Аталған туындылардың сце­нарийі Елбасының еңбектері және әріптестері мен дос­тары­ның ес­теліктері бойынша жа­зылды. Қазақстан мен Ресейде түсірілім жұмыстары жүрді. Кадрда Киев, Минск, Днепрод­зержинск, Ал­маты, Астана, Қарағанды, Теміртау мен Мәс­кеу қалалары бар. Темір­таудағы түсірілім жұмыстарына келсек, фильм қаланың ескі жа­ғында таспаланды. Өйткені қа­ланың сол бөлігінде ескі ғима­раттар бар. Мысалы, мәдениет сарайы, трамвай депосы, метал­лур­гиялық комбинат, энерге­тиктердің мә­дениет сарайы, яхта-клубын түсір­дік. Әрі негізгі түсірілім «Ар­­селорМиттал Те­міртау» АҚ ірі тау-кен кәсіп­орнында өтті. Әрине, тү­сірілім барысында жергілікті тұрғын­дарды көптеп тарттық. – Кинодастанда ойдан құ­растырылған бір-екі элемент болды ма? Жалпы, сценарий қалай жа­зылды? Елбасы тікелей бағдар берді ме? – Елбасының жазған ең­бек­терін оқып, қарап зертте­геннен кейін сценарий жа­зылды. Ал­ғашқы бөлігін «Әді­леттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысқанда», «Еуразия жү­регінде» атты кітаптардан құ­растырдық. Фильмнің аты ай­тып тұрғандай, бала кезден ұшқыш болуды армандаған, биікті бағ­дарлаған, романтикалық образ шығардық. Айта кетерлігі, біз еш­­теңені қолдан ойлап тапқан жоқ­пыз. Бәрі түп­нұсқасында бол­­ған­­нан кейін қызығушылықтың бәрі содан оянды. Ары қарай зерттеу барысында, оқу барысында өзі үсті-үстіне деректер жи­нақ­талды. Әри­не, Елбасымен бірге жұмыс істеу – өте жауапты, күрделі іс. Елба­сымыз сондай ақкөңіл кісі. Жалпы, ол кісімен жүздескеніме, бірге жұмыс істегеніме өте қуа­ныш­тымын. – «Фильмнің жақсы шығуы сценарий мен актерге бай­ланысты» деп жатады. Осы орайда, Нұрлан Әлімжанды рөлге қалай таңдап ал­дыңыз? Кастингтің басы-қасында жүрдіңіз бе? – Фильмнің түсірілім жұ­мыс­тары басталған тұста кейбір қиын­дықтар болды. Себебі Ел­басы­мызды жұрттың бәрі біледі. Сон­дықтан Мемлекет бас­шысына ұқсайтын, яғни сомдай алатын актерлерді іріктеу оңайға түскен жоқ. Актерлерді іздеу кезінде түріне, қимыл әрекетіне ерекше назар аудардық. Басты рөлді ой­найтын актерді таңдау кезінде де осыған мән бердік. – Кинодастан болғасын тосын жайт пен қызық қатар жүрген болар. Бірді-екілі жағ­даймен оқырманды хабардар етсеңіз. – Түсірілім кезінде қызық оқиға болары анық. Мәселен, «Балалық шағымның аспа­нында» бас кейіп­кердің әжесі қайтыс болып, кә­­­дімгідей жоқ­тау айтылатын эпи­зодты түсірер тұста аяқастынан ауылда жел тұрып, жауын жауып, күн күр­кіреді. Әжесінің аруағы қол­дағандай әсер қалдырды. Ес­теріңізде болса, Әбіш пен Әлжан перзентханадан баласын алып шығып, ән айтып келе жататын эпизод бар. Сонда екеуінің ба­қытына ортақтасқандай көкте кемпірқосақ пайда болды. Мұндай оқиға «Отты өзенде» де қайталанды. Мысалы, Дне­продзержинскіде қоштасып жатқан кезде жаңбыр жауады. Нөсер жаңбыр қолдан жасалды. Бірақ кадрдың ішінде жарқ етіп шыға келген кемпірқосақ компью­термен салынған жоқ, ол – шын. Бұл есте қаларлық ғажап оқиға болды. – Ал режиссер Рүстем Әб­діраш алдағы уақытта көрерменін қалай таңғалдырмақ? Тағы қандай кино түсіру ойда бар? – Сұхбаттарымның бірінде айтқанымдай, қарапайым бір ма­хаббат оқиғасын түсіргім келетіні рас. Фильмнің тағдыры болашаққа аян. Қарапайым, көпке ұғынықты, адами бір туынды түсіргім келеді. Өз ба­сымыздан да талай хикая өт­кені тағы бар. Өзімнің жан дү­нием­мен сезінген, жүрегімнен өткен дү­­ниелерді сараптап, содан бір жақ­сы фильм жасасам деймін. Содан кейін 8- сыныптан бері іш­тей жетілдіріп жүрген тарихи кар­тинам бар. Бұл картинаның тақы­­рыбы бұрын тас­палаған тарихи туын­дыларыма жақын, бірақ көз­дегенім – басқа фильм. Алайда әлі жарыққа шық­паған дүние туралы алдын ала еш­теңе айтпай-ақ қояйын.

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ