Шатыры өртенген көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары далада қаңғып жүр
Шатыры өртенген көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындары далада қаңғып жүр
664
оқылды

Ақтөбеде маскүнемдердің кесірінен көпқабатты үйдің шатыры отқа оранды. Шатырға шығып арақ ішкендер темекі тұқылын сөндірмей кеткен. Соның салдарынан ондаған пәтердің дүние-мүлкі бүлініп, тұрғындар баспанасына  кіре алмай жүр.

Ақтөбенің қақ ортасындағы үй тұрғындары таң атысымен дүние-мүлкін түгендеп жүр. Түнде шатырдан өрт шығып, 200-ге жуық адам бас сауғалап баспанасынан қашқан. Аязды күні көбі қаладағы туыстарының үйінде түнеп шықса, біразына жақын маңдағы колледж жатақханасын ұсынған. Үйдің шатырына маскүнемдер жиі жиналады. Төбеге шығатын есікті тұрғындар құлыптап қойғанымен, адам жоқта бұзып кіреді екен. Енді соның салдарынан шатыр өртеніп кеткен.

Ақтөбе облыстық ТЖД басқарма бастығы Құмар Тұрмағанбетов: «Өрттің себебі: шатырда темекі тұтатқан. Соның кесірі деп мәлімет беріп отыр. Шатырға диван қойған. Қоқыс үйіп тастаған. Сол жерде ішімдік ішкен, бөтелкелер жатыр. Соның салдары осындай өртке оранған», – дейді.

Шатыры отқа оранған үйдегі пәтерлер өрттен аман қалғанымен, баспананы ыс басыпты. Отты сөндірген кезде түгел су алып кеткен.

Астана ауданының әкімі Дариға Исмағанбетова: «Комиссия құрылып, іс қозғалды. Содан кейін қандай көмек берілетінінің шешімі шығады. Бір реттік көмек болады. Қандай құжат керек, барлығы айтылды. Өртке сараптама жасалып жатыр», – деді.

Қазір бес қабатты үйдің шатырынан шыққан өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Мамандар отты тұтатқан адамды табу қиын екенін айтады.

«Егер ұсталған жағдайда, заңға сәйкес, келтірген шығынды сол адамнан өндірер едік», – дейді мамандар.