Университеттегілер әлі де ескі әдетінен арыла алмай отыр – Асхат Аймағамбетов
Университеттегілер әлі де ескі әдетінен арыла алмай отыр – Асхат Аймағамбетов
117
оқылды

Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды.

«Біз ҚР БҒМ бұйрықтарына өзгерістер енгізіп, оқытушылар толтыратын құжаттар көлемін айтарлықтай қысқарттық. Тек соңғы өзгерткен бір бұйрықтың негізінде мысал келтірейін. Қатаң есептілік нысандарынан 11 құжат алынып тасталды. Олардың арасында оқу уақытын ай сайынғы және жылдық есепке алу ведомостары, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауға арналған бірнеше емтихан ведомостары, қорытынды аттестаттауды өткізу жөніндегі комиссия отырыстарының әртүрлі хаттамалары және тағы басқасы бар», – деп жазды министр.

Оның айтуынша, оқытушылар бір ғана кафедраның жұмыс жоспарын жасау үшін 21 тармақтан құралған құжатты толтыруы тиіс еді.

«Оның бәрі міндетті құжаттардың тізімінен қысқартылды. Дегенмен кейбір университеттер бұрынғы әдетіне салып, ескі талаптардан бас тарта алмай келеді. Оқытушылардан алдағы уақытта басшылық сол құжаттарды талап етсе, ҚР БҒМ-нің бұйрықтарына сүйенуіне болады. Жалпы барлық құжаттар цифрлық форматта жүргізілуі қажет», – деді Асхат Аймағамбетов.