Монополистер баға өсіруге кірісетін жаңа жыл да жақындап келеді. Азық-түлік бағасы мен коммуналдық қызметтің төлемдері тағы да қымбаттайтын уақыт алда. Қазірдің өзінде инфляция өсіміне азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы елеулі үлес қосып жатыр. Жыл басынан бері азық-түлік бағасы 9,7 пайызға қымбаттаған. Онсыз да жыл бойы көтеріліп келген бағалар әлеуметтің әмиянын тонап, қалтасын аз қаққан жоқ еді. Қымбатшылық құрсауына түскен жұрттың қамын кім ойлайды? Бұған «кінәлі» кім?
Күні кеше тамақтың негізсіз қымбаттауы сынға алынған Үкіметтің жиынында Cауда және интеграция министрлігінің басшысы Бақыт Сұлтанов бағаның негізсіз өсіміне, өңір басшыларының өздері кінәлі деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, бағаны тежеуге болатын арнайы тетіктер баяғыдан құрылып қойылыпты. Тек бұл мүмкіндікті жергілікті атқарушы билік пайдаланбай отыр.
Сұлтановтың айтуынша, қазан айының басынан 12 қарашадағы жағдай бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 1,1 пайызға өсті. Бұл ретте егін жинау маусымына қарамастан, бірнеше тауарлардың бағаларының он шақты пайызға өсуі байқалады.
Бүгінде еліміздегі тауар өндірушілер санынан ортадағы делдалдардың саны жүздеген есе көп. Қымбаттауларына зер салсақ, әсіресе, ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы шарықтап отырғанын аңғарамыз. Осыған қарап-ақ, өзіміздің өнімдердің сонау шекара асып келетін импорттан қымбат болып отырғанын аңғару қиын емес.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының максималдық өсуі Атырау (13,5%), Павлодар (12%) облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында (11,8%), Жамбыл және Ақтөбе облыстарында (11,4%) байқалып отыр.
«Өңіраралық тауарларды жеткізу бойынша талдау жүргізу кезінде, біз әкімдіктердің өз өңірлерінде қандай тауарлар өндірілетінін және қайдан әкелетінін жиі білмейтінін байқадық», – деді Бақыт Сұлтанов.
Осыған дейін бағаны тежеудің әртүрлі тетіктері әзірленді. Алайда әлеуметтанушылар үкімет бір қаулыны шығарумен ғана шектелмей, дамыған елдердегідей әлеуметтік пакеттер жасаудың түрлі жолдарын қарастыру қажет деп есептейді. Қалай болған күнде де нарықтағы бағаның өсуін еріксіз тежейтін қоғам құра алмай келе жатқанымыз өкінішті.