Жөнсіз куәлік – жол байлар

Жөнсіз куәлік – жол байлар

Елімізде бейресми дерек­тер бойынша тәуелсіздік жыл­­да­рында жүргізуші куәлігі бес рет ауыстырылыпты. Со­дан халық арасында: «ІІМ-ге жаңа министр келсе, бірден жа­ңа куәлік жасата бастайды» деген «тәмсіл» пайда болды. Рас, 1991 жылдан бері ішкі іс­тер министрі лауазымында 5 емес, 9 тұлға алмасты. Бі­рақ мәселе оқалы жағалы бас­шылар санында емес, «темір тұлпары» бар жұрт­шы­лық­тың олардың тірлігінен ығыр болғанында.

Әлеуметтік желілерде жүр­гізуші куәлігіне (ЖК) қатысты айтыс-талас тууда. Оған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың «Жүргізуші куәлігі және көлік құралын тіркеу туралы куәлік бланкілерінің нысандары мен үлгілерін бекіту туралы» Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 8 желтоқсандағы №874 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» жаңа бұйрығына қол қоюы себеп болды.

Аты айтып тұрғандай, құжат ЖК мен техпаспорттың жаңа үлгілерін бекітті. Өзгерістер 2019 жылғы 15 қарашада күшіне енді.

Жаңа үлгіге сәйкес, жүргізуші куәлігінің интегралдық микро­сызбасы келесі мәліметтерді қам­тиды: біріншіден, оған ЖК туралы деректер, атап айтқанда, оның сериясы мен нөмірі; берілген күні; оны берген органның атауы кіреді. Екіншіден, онда жүргізушінің өзі туралы мағлұматтар – тегі, аты, әкесінің аты; туған күні және жері; тұрғылықты жері; жеке сәй­кестендіру нөмірі (ЖСН); жеке басты куәландыратын құжаттың түрі, сериясы, нөмірі және берілген күні; фотосуреті басылған. Үшін­шіден, онда көлікті басқаруға рұқсат ету туралы ақпарат, на­қ­тылай кетсек, жүргізушінің са­нат-категориясы; куәлігінің қол­­да­нылу мерзімінің аяқталуы; ерекше белгілер көрсетілген.

Ал «Қазақстанның көлік құ­ралын тіркеу туралы куәліктің үлгілеріне» келсек, «темір тұл­пардың» техпаспортының ин­те­грал­дық микросызбасына мы­­на­дай мәліметтер енеді: 1) мем­­ле­кеттік тіркеу нөмірінің бел­гісі; 2) куәліктің сериясы мен тір­­кеу нөмірі; 3) берілген күні; 4) авто­­мобильдің маркасы, моделі; 5) өндірістен шыққан жылы; 6) санат-категориясы; 7) есептен шы­ғарылғаны туралы белгі; 8) сәй­кестендіру нөмірі (VIN, шанақ, шасси); 9) жүктемесіз салмағы; 10) қозғалтқышының көле­мі, см. куб.; 11) рұқсат етіл­ген max массасы, kg; 12) көлік құралы­ның түсі; 13) оның қожайыны; 14) ие­сінің тұрғылықты жері; 15) ерек­ше белгілері; 16) бастапқы тір­келген күні; 17) көлік құралын қай­та жабдықтау түрлері туралы мәлі­меттер; 18) ЖСН не бизнес сәй­кес­тендіру нөмірі; 19) көлік құра­лын тіркеу органының атауы; 20) дайын­даушы ел. Бұйрықта қажет­тілігіне қарай жолдар өзгер­тілуі және қосылуы мүмкін екені айтылады.

 

Қазақшаға қырын қарады

Біз үлгі етіп, дәрежесіне же­туге ынтық болып жүрген дамы­ған елдерде егер мемлекеттік тіл бі­реу болса, Driver's ID сол тілде тол­ты­­ры­лады. Мысалы, Францияда мем­­лекеттік тілдің бар ерекшелігі сақ­талып, ағылшын тіліне бұрма­ланбай, Valérie Stéphane деп жа­зады. Германияда Helga Müller деп таң­балайды. Өзгелерінде де солай.

Ал Тәуелсіздіктің 30 жылдық бе­лесіне бет алған қазақ елін­де Ішкі істер министрлігі жүргізу­ші куә­лігінде үлгі ретінде қазақстан­дық­тардың аты-жөнінің орысша нұсқасын жазуды белгілепті: «Му­сатов Алмаз Серикович». Рас, бұл ха­лықаралық үлгідегі Driver's License болғандықтан, орыс­шасына қоса, ағылшынша нұсқасы берілмек (мемлекеттік тілдің латынша қарпінде емес!): Musatov Almaz. Ары қарай азамат­тың тұрғылықты жері ретінде «Ка­захстан/Kazakhstan» деп көр­сетілген. Яғни, жаңадан қабыл­дан­ған, тіпті Елтаңбамызға дейін бейнеленген Qazaqstan деген де жазу жоқ.

Жалпы, алақан аясына ға­на сиятын куәлік бетінде үштіл­ді­лікті сақтаймын деп, ІІМ әбден ша­тас­қанға ұқсайды. Қоғам белсен­дісі, белгілі заңгер Жангелді Сү­лейменов алғашқылардың бірі болып жүргізу құқығын беретін құжаттың жаңа үлгісіндегі қате­лерге назар аудартты.

Оның қасбетінде былай жа­зылған: 1. Мусатов/Musatov. 2. Алмаз Серикович/Almaz. 3. 19.11.1982, Казахстан/Kazakhstan. 4с) ІІД Алматы қ./DIA of Almaty. 4d) ЖСН/IIN.

– Жаңа ЖК-дағы ІІМ-нің бірінші қателігіне тоқталсам, бұйрық «Жүргізуші куәлігі және кө­лік құралын тіркеу туралы куәлік бланкілерінің нысандары мен үл­гілерін бекіту туралы» деп аталады. Шынында, тек үлгілерін ғана бекітіп отыр. Бұл – заңсыз. Себебі нысан мен үлгі әртүрлі ұғымдар. Екінші қателігі сол, 1, 2 және 3-ші жолдар тек орыс және ағылшын тілдерінде толтырылған. Мемлекеттік тілдегісі жоқ. Ал 4-жолы керісінше, орысшасынсыз, тек қазақша және ағылшынша бе­рілген. Ресми құжатта тілдерді бұлай араластыра қолдану өте оғаш көрінеді. Үшінші қателігіне келсек, тұрғылықты жері ретінде Қазақстан көрсетіле салған. Дұ­рысы, ең құрығанда, облысты не қаланы жазу керек. Төртіншіден, Вена конвенциясына сәйкес, 9-жол қосымша ақпарат үшін бос тұрмауы керек, онда санат-категориялар жазылғаны жөн, – дейді заңгер.

Ж.Сүлейменов Ішкі істер ми­нистрлігінен осы қателерді түзетуді және жаңа үлгісін Вена конвенциясы талаптарына сәйкес­тен­діруді сұрады: «Қазақстан­дықтар Еуропаға осындай жүргізу куәлігімен барар болса, қандай да бір жандарм мұның нендей құжат екенін түсінбей, жалған деп ойлап, азаматтың басы бәлеге қалар еді» дейді заңгер.

 

Әлеуметтік желінің «күрсінісі»

Бұл жаңалықты қамыға қабыл­даған жұртшылық іштегі бар қы­жылын әлеуметтік желілерде білдіріп жатыр.

«Әбден азған, өзін сыйлаудан қалған байғұс халық. Өз еліңнің мемлекеттік құжаттарында өз тіліңде де жаза алмайсың» деп аһ ұрады Ғабит Айдарбек.

«ІІМ осы арқылы халықтың саналылығы мен зерделілігін тек­серіп көрген сияқты. Немесе осы арқылы өз ведомствосындағы бы­лықты паш етуде» деп тұспал­дайды Рүстем Рақымжанов деген азамат.

«Қазақстандық үлгідегі жүр­гізу­ші куәлігі барларға Еуропада машинаны прокатқа беруден бас тарту оқиғалары кездесті. Халықаралық дұрыс үлгідегі куәліктерді талап етеді, ал ондай бізде берілмейді. Осындай куә­ліксымақ үшін салынатын айыппұл көлемі 500 евроға дейін жетеді. Әрине, халқымыздың шағын па­йызы ғана шетелге шықса, кө­лікті жалға алады. Сондықтан бұл проб­лемаға қалың жұртшылық назар аудармауы да мүмкін» дейді тағы бір ғаламторды пайдаланушы Ольга Мирошниченко.

«Халықаралық үлгідегі құжаты осы ма?! Аз сөйлемнен қаншама қате мен жөнсіздік жіберген. Ке­зінде Елбасы арқасында ядролық қарудан бас тартқанымыз қан­дай жақсы болған. Әйтпесе, біл­гішсымақтардың бірі код, пароль­ды жаңы­лыс жазып, жарты әлемді жа­рып жібе­ретін едік» деп әжуа­лайды Жазира Иманова.

Айтқандай, көліктің техпас­портының жаңа үлгісінде тіпті француз тілі де ұшырасады: «көлік құралын тіркеу туралы куәлік/certificat d'immatriculation» деп жазылған. Сарапшылардың түсін­діруінше, бұл Қазақстан ратифи­кациялаған 1969 жылғы жол жүрісі туралы конвенция талабы көрінеді. Әлемде XVIII ғасырдан бері ха­лықаралық құжаттардың ресми тілі ағылшын емес, француз тілі болған. Тек ХХ ғасырдың екінші жартысында, ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін ағылшын тілі ба­сым­дық ала бастады. Дегенмен аталған конвенция француз тілін­де әзірленген.

Ирина Ибрагимова халықара­лық деңгейде жүретін құжаттың кемел болуы керегін ескертеді: «Дамыған елдерде қазақстандық куәлікті көрсе, көлікті жалға бе­руге құлықсыз болып тұрады. Ал мысалы, Украина тұрғындары жүр­гізуші куәліктерін кез келген еуро­палық елде еуропалық үлгідегі куәлікке оңай айырбастай алады. Қазақстандықтарға қайтадан авто­мектепке баруға және барлық сынақтан қайта өтуге тура келеді» дейді ол.

 

Жеке куәліктің теңі емес

Дамыған елдерде ЖК адамның жеке басын куәландырушы құ­жаттың бірі болып есептеледі. Айталық, АҚШ-та әр штаттың көлік министрлігі азаматтарға көлік жүргізуге құқық беретін құ­жатқа алфавиттік-цифрлы код бекітеді. Бұл ретте код екін­ші рет қайталанбайды. Амери­кадағы осындай куәлікте адам­ның фотосуреті, қолтаңбасы, тұрғы­лықты тұрып жатқан мекенжайы, санаты, қосымша санаттары, туған күні және өзге деректері егжей-тегжейлі енгізіледі. Кей штатта саусақ таңбасы, штрих-код, магниттік жолақ және басқасы да қоса беріледі. Құрама Штаттарда жүргізуші куәлігін меморгандар да, жеке компаниялар да жеке куәлік ретінде қабылдай береді. Бұл тәжірибе Батыстың басқа елдеріне таралуда.

Қазақстанда да ЖК-ны жеке басты куәландыратын құжат ретінде тану туралы бастама дүркін-дүркін көтеріледі. Мәселен, 2012 жылы Мәжіліс «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» заңын қабылдағанда депутаттар тиісті ұсыныспен шыққан. Бірақ оған ІІМ басшысы үзілді-кесілді қарсы болды.

– ЖК – көлік жүргізуге құқық беретін рұқсат етуші құжат. Егер жүргізуші заң бұзса, онысы да тәр­кіленуге жатады. Ал жеке бас­­ты куәландыратын құжаттар бойын­ша қазақстандықтар аза­мат­­тық-құқықтық қатынастарын рәсім­дейді. ЖК-ны осы мақсатта пайдалануға болмайды. Егер Қазақстанда да осындай құқық берсек, онда кез келген шетелдік жүргізуші куәлігімен некеге отырып, мүлік сатып ала беретін болады, – деп дәйектеді сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Кейіндері сотта жүргізуші куә­лігін қазақстандықтың жеке басын куәландыратын құжат ретінде тануды сенаторлар да ұсынды.

Жүргізуге құқық беретін құ­жатқа осындай биік мәртебе бе­руге болмайтынын айғақтайтын тағы бір дәйектеме бар екенін айта кеткен жөн. Себебі Қазақстанда бұл куәліктің сатылатын кездері аз кездеспейді. Мысалы, таяу­да Шымкентте 26 полицей қыз­мет­кері кірген қылмыстық топ­қа қатысты үкім шыққанда, олар­дың жүргізуші куәліктерін заң­сыз үлестіруінің 144 дерегі әш­ке­реленген. 2019 жылғы сәуір айында сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің қызметкерлері журналистермен бірлесіп, рейд жүргізіп, Жамбыл облысында да осы құжатты сатып алу еш қиын­дық тудырмайтынын дәлелдеді.

 

Түйін

Құжат айналымын оң­тайлан­дырған жөн. Өйткені қаптаған куә­ліктерді әзірлеуге мем­ле­кет пен азаматтардың қы­руар қара­­жаты кетеді. Оның үс­тіне, талап еті­летін құжаттар саны­ның азаюы адам­дардың жү­ріп-тұру ер­­кін­дігін кеңейт­пек. Мә­селен, жүр­гізу­ші куәлігімен темір­жол не авиаби­леттерді алу­ға, қонақүйде тіркелуге рұқсат ету қи­сынды. Бірақ осы үрдіске жемқор­лықпен пәрменді күрес серік болғаны аб­зал. Олай бол­маса, бұл қылмыстық топтар мен заңсыз схемалардың құ­ралына ай­налып кетуі ықтимал.



Елдос СЕНБАЙ