Ресейдегі Рязань облысына қарасты Қасымов қаласында Жошы ұлысынан шыққан Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнатылды. Қасым хандығын басқарған Ораз-Мұхаммед сұлтанға ескерткіш тақтаны орнату идеясының авторы – Ресейдегі Қазақстанның Төтенше және өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов.
Естелік белгі Ораз-Мұхаммед жерленген Ескі татар зиратындағы Ресейдің мәдени мұралар нысанына енген Ауған-Мұхаммед сұлтанның кесенесіне жақын жерде орнатылды.
Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романы арқылы Ораз-Мұхаммедтің өлмейтін, өшпейтін бейнесін жасады. Ораз-Мұхаммед десе «Аласапыран», «Аласапыран» десе Мағауин еске түсетіні даусыз. Енді ескерткіш тақта орнатуға себеп болған Иманғали Тасмағамбетовтің бұл еңбегі тарихқа енері анық.
«Сөз жоқ, бұл – бір тұлғаға ғана емес, тұтас бір дәуірге, сонау аласапыран дәуірдегі қазақ сұлтандығының Ресейдегі тарихи ізіне, екі халықтың арасындағы достық пен ынтымақтың, бірлік пен тірліктің өзіне қойылған ескерткіш деп білемін. Сол себепті Ораз-Мұхаммедтің есімі бүгінгі ұрпақ санасында орыс-қазақ достығының символы әрі екі ел арасындағы дипломатиялық алыс-берістің қарлығашы ретінде мәңгі сақталады» деді елші.
Ескерткіш тақтаның орнауына Рязань облысы әкімшілігі мен дипломатиялық өкілдік те бастамашы болып отыр. Естелік тақтада «Ораз-Мұхаммед Оңданұлы, 1573-1610. Қазақ сұлтаны. Қасым хандығын билеуші» деп жазылған.
Сонымен, Ораз-Мұхаммед кім? Оның сүйегі неге Ресейде қалды? Шығай ханның бір ұлы – Ондан сұлтан. Ал Ондан сұлтан отыз жасында шейіт болған. Онданның ұлы – Ораз-Мұхаммед. Әкесі өлген кезде Ораз он үштегі ғана бала екен. Оған қамқорлық көрсеткен – ағасы Тәуекел хан. Тәуекелдің бір ойы Көшім әулетінен Сібір даласын қайтару болғаны рас. Осы мақсатта Ораз-Мұхаммедті башқұрттарға қарай жібереді. Сол кезде Ораз-Мұхаммед сұлтанды нөкерлерімен бірге орыс жасақтары қолға түсіріп, қазақ ханы Тәуекелдің бауыры екенін білген соң, оны Мәскеуге жіберткен. Патшаның қазақ сұлтанын өзіне алдыртудағы ойы түркілерді түркілерге қарсы қою болатын. Орыстар Ораз-Мұхаммедті мұсылман жасақтарының қолбасшысы етіп тағайындап, шведтерге қарсы салды. Сұлтан патшаның сенімінен шығып, жеңіспен оралады. Ораздың бұл жеңісінен кейін Тәуекел хан патшаға елші жіберіп, інісін қайтаруды сұрайды. Алайда Ораз-Мұхаммедтен айырылғысы келмеген патша ханға бауырын қайтарып бермейді. Осылайша, сұлтан өзге елде аманатта, яғни кепілдікте қалады. Кейінірек патша тағына Борис Годунов отырғаннан кейін де, сұлтанды елге қайтаруға асықпады. Батыр, ержүрек сұлтаннан айырылғысы келмеген шығар бір жағынан. Жаңа патша оны орыстардың Қырым хандығына қарсы жорығына қосты. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Ораз-Мұхаммедке Қасым қаласын сыйға тартады. Бұл туралы Қадырғали Жалайыр: «Жиырма жасында ұлы мәртебелі Ораз-Мұхаммед хан хандыққа отырды» деп жазды.
Тарихи деректер бойынша, Ораз-Мұхаммедтің өліміне кінәлі адам – II Дмитрий. Ол сұлтанды өлтіріп, денесін Ока өзеніне ағызып жіберген. Ұзамай ноғай мырзасы, сұлтанның жолдасы Петр Урусов жалған ІІ Дмитрийді ажал құштырады. Досының денесін Окадан тауып, арулап жерлеген. Осылайша, Ораз-Мұхаммедке жат жердің топырағы бұйырған екен. Өзі билеген Қасым қаласына жерленген. Мазары тұрғызылған. 1702 жылы Орыс патшасы І Петрдің бұйрығымен Қасым қаласының мешіті қираған кезде Ораз-Мұхаммедтің де мазары талқандалған екен. 1860 жылы түрколог Хусаин Фаизханов Старопосал зиратынан Ораз-Мұхаммедтің құлпытасын тауыпты. Таста: «1009 жылы Рамазан айының 16 күні Ондан сұлтанның ұлы Ораз-Мұхаммед хан опат болды. Жаратушы Құдай жар болсын!» деген жазу болған көрінеді.
Ораз-Мұхаммед сұлтан – өз заманында орыс патшасына бағынышты аймақта хандық билік жүргізіп, қазақ сұлтандарының арасында шетелде үлкен абыройға ие болған әйгілі тарихи тұлғаның бірі. Оның ерлігі мен өмірі туралы көптеген деректі жат жерде сұлтанның сенімді серігіне айналған шежіреші Қадырғали Жалайыр жазып қалдырған.
Тарихи деректер, оның алғыр әрі қайсар болғанын жазады. Орыс патша Годунов та жас сұлтанның алғырлығын байқап, оны швед, поляк елшілерін қабылдау рәсімдеріне қатыстырып, өзімен бірге алып жүрген. 24 жасында швед жорығына қатысып, армиядағы негізгі үшінші адамға айналған.Тұтқынға түскен қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед сияқты Қазан, Қырым, Сібір, Астраханды билеген төрелер де орыс патшалығында аманатта болды. Соған қарамастан, қазақ сұлтанын көтермеледі. Әрине, Ораз-Мұхаммедтің қолбасшы саясаткер, дипломат ретінде өз қайраткерлігі де айрықша сапаға ие. Дегенмен ол өзіне назар аударту арқылы Мәскеу билеу шілерін қазақ хандығымен са насуы тиіс екенін ұғындырды.
«1612 жылы Ресейде аласапыран басталды. Жалған патшалар қаптап, әрқайсысы қала-деревняны өз жағына тартуға тырысты. Әр патша келіп салық салып кеткеннен, халықтың ішерге тамағы болмай, қырыла бастады. Зығырданы қайнаған шаруа-кедейлер, бұрқ етіп көтеріліс жасайды. Осы кезде Ораз-Мұхаммед қол қусырып отырмай, орыс мәселесіне араласуды ойға алады. Бірақ кім болып, қай жаққа жақтасу қажет?! Поляк тарихшыларының дерегіне сенсек, Ораз сұлтан қазақтың сол кездегі ханы Есіммен хат-хабар алмасқан. Көктем шыға Есім хан Ораз-Мұхаммедке армия жіберіп, Мәскеу тағына отыруға көмектесемін деп уәде еткен дейді. Бұған таңғалатын түгі жоқ. Қырым ханы Дәулет Керей Иван Грозныйдың армиясын талқандап, Мәскеуді өртеп, ал орыс тағына Сайын Бекболатоғлы деген татарды қойып кетіп еді. Алайда патша жансыздары Ораз-Мұхаммедтің бүлікшілерге дем бергенін анықтады. Олар қазақ сұлтанының бұл ісін сатқындыққа балап, бар қаһарын төкпек болды» деп жазады журналист Нұрбек Бекбау.
Біздің қазақ Ораз-Мұхаммед туралы тек Мағауин романы арқылы біледі. Басқа толымды тарихи деректер жоқтың қасы. Оның тарихи рөлі әлі толық бағаланбағаны туралы орыс зерттеушілері де жиі мәселе қозғап жүр. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы» қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институтының бас сарапшысы Радик Темірғалиев қазақ пен орыс қатынастарының ресми дипломатиялық қатынасы Ораз-Мұхаммед тұсында орнағанын айтады. «Мәскеу билігі Тәуекел ханға дейін қазақ хандарын одақтас ретінде пайдалануға талпынған шақтары болмаса, қою барыс-келіс жасаған жоқ. Тұтқынға түскен қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммед сияқты Қазан, Қырым, Сібір, Астраханды билеген төрелер де орыс патшалығында аманатта болды. Соған қарамастан, қазақ сұлтанын көтермеледі. Әрине, Ораз-Мұхаммедтің қолбасшы саясаткер, дипломат ретінде өз қайраткерлігі де айрықша сапаға ие. Дегенмен ол өзіне назар аударту арқылы Мәскеу билеушілерін қазақ хандығымен санасуы тиіс екенін ұғындырды» дейді ол.
Тарихшылар Ораз-Мұхаммедтің есімі Қазақстан мен Ресейге ғана емес, басқа елдерге де ізін қалдырған тұлға екенін айтады. Иран, Литва, Польша архивтерінде оның есімі айрықша жазулы тұр. «Ол жай ғана қарапайым сұлтан болып, Борис Годуновтың төрінде отырмай, Қасымов хандығының билеушісі болды. Халықтың тұрмысын жақсартып, бір-бірімен араздығын тоқтатып, көпұлтты өкілдердің өзара татулығын сақтаған, ерекше әдіспен өз хандығын билеген саясаткерлігі орыс тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Ораз-Мұхаммед 1812-1845 жылдардың ортасында Еділ мен Жайық арасында құрылған ішкі орда Бөкей ордасын, Жәңгір ханды есептемегенде, Ресейдің ішкі жағында жүріп, хан болған жалғыз тұлға. Ол Мәскеудің түбінде отырса да, қазақтың мемлекет басқару үлгісін көрсетіп кетті. Өзінің тарихи Отаны қазақ хандығының мүддесін де ойлап отырды. 16 жасқа дейін мықты білім, жақсы әскери тәлім алған қазақ сұлтаны өзін жақсы сардар, үлгілі қолбасшы ретінде жоғары көрсете білді» дейді тарихшы Зиябек Қабылдинов.
Халық тарихи тұлғаларын білуі тиіс. Ораз-Мұхаммед Мағауиннің «Аласапыран» романы болмаса мүлдем ұмыт қалар еді. Жазушы араға үш жарым ғасыр салып, қазақ сұлтанын елімен қайта қауыштырды. «Аласапыран» арқылы Ораз-Мұхаммедтің биік тұлғасы әр оқырманның есінде қалды. Ал біздің жадымыздан «Күйреу» бөлімі шығар емес. Ай-Шешек бегімді де, Ділшат сұлтанымды да жанымыздай жақсы көрдік. Ораз-Мұхаммедке ынтық еткен де осы аяулы бейнелер еді. Ораз-Мұхаммедтің бата алмағаны секілді, біз де Ділшатты өлімге қимай, шырқырап едік. Ділшаттың өліміне жанымыз егіліп, жүрегіміз езіліп жүре берген. «Аласапыранды» парақтаған сайын Ораз-Мұхаммед те, Борис Годунов та, Петр Урусов та еске түспейді. Біз үшін қымбаты – Ай-Шешек бегім мен Ділшат сұлтаным ғана.
«Аласапырандай» ұлы шығарма жазып, Ораз-Мұхаммедке сөзден ұмытылмайтын белгі қойған Мұхтар Мағауин ескерткіш-тақта қою рәсіміне келе алған жоқ. Жазушының мұхиттың ар жағынан жолдаған хаты ғана жетті. Хатында: «Имаш қалқам! Назарыңнан тастамағаныңа рақмет! Көптеген игілікті шаруаға ұйытқы болып жатырсың. Бірақ мен қайткенде бара алмаймын. Мәселе уақыт, жұмыс жағдайында ғана емес. Мен ұшақпен ұзақ сапарды көтере алмаймын. Сондықтан айып етпе. Әйтпесе, Ораз-Мұхаммедтің ескі жұртына отыз жылдан соң, тауап етіп қайтқан жақсы болар еді. Өкпелеме. Өзіңе қашанда тілектес, Мұхтар ағаң. 5.Х.2019. АҚШ» деп жазылған.
Бұл хатты оқып, мұңайып қалған қандастарымыз аз емес. Мұхтар Мағауиннің елге ұшып келуі де қиындап қалғанын ойлағанда еріксіз күрсінгенбіз.
Кезінде Мағауин есімін ұлықтап, әдеби ескерткіш сомдаған еді. Қазақстанның Ресейдегі елшілігі Ораз-Мұхаммед сұлтанға мемориалдық тақта орнату арқылы екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты тереңдетумен бірге қазақтың арда оғланын ардақтаудың жарқын үлгісін көрсетіп отыр. Алдағы Жошы ұлысының 750 жылдық мерейтойы қарсаңында Ораз-Мұхаммед сұлтанға қатысты тарихи деректерді қалың қатпарлы көмбеден аршып алу да сондай парасатты тірліктің қатарына қосылса, нұр үстіне нұр болар еді!