Адал ақысын ала алмай жүр
Адал ақысын ала алмай жүр
255
оқылды

Маңдай терімен тапқан жалақысына жету үшін сотта­сушылар көбеймесе, азаяр емес. Келі­сім­шарт­сыз жұмыс іс­теудің арты дауға бастайды. Жақында Ал­матыда еңбека­қысын ала алмай жүрген жұмысшылар биліктен көмек сұрады. Құрылысшылардың айтуынша, мекеме әр жұмыс­шыға шамамен миллион теңгеден қарыз.

Көпір салумен айналы­са­тын «Мо-25 мостоотряд» ком­па­ниясының (Рязанов атындағы №25 көпір құрылысы отряды) бір топ жұмысшысы қазан айында ком­панияның Алматыдағы кең­сесіне барып, қаңтар айынан бері жалақы алмағандарын айтып ша­ғымданған болатын. Олар жұмыс беруші мекеме әр жұмысшыға ша­мамен миллион теңге қарыз еке­нін айтқан еді. Мекемедегі кей­бір қызметкерлер 2018 жылдың қараша айынан бері жалақы ал­маған. Компанияға жалақы бо­йынша шағымданған жұмысшылар тізімінде 32 жұмысшының аты-жөні көрсетілген. Ондағы дерекке сәйкес, компания оларға 18 мил­лионнан астам теңге қарыз.

Негізінде айлықты уақытында немесе мүлде бермеу сыбайлас жем­қорлықтан бөлек, ортада мер­дігер болып бірнеше компанияның жүруінен орын алатыны рас. 2019 жылдың ақпан айында Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Бер­шүгір ауылындағы қиыршық тас шығаратын зауыт жұмысшылары жалақысын әлі ала алмай жүрміз деп наразылық танытып, облыс әкімдігінен көмек сұраған бола­тын. Инвестордың жұмысшыларға берешегі 44 миллион теңге екен. Сол кезде облыс әкімінің орын­басары Қайрат Бекенов инвестор өз міндетін толық орындамаса ке­­лісімшартты үзетінін мәлім­де­ген. Арада алты ай өткенде де «Жа­ңа­тас-Ақтөбе» ЖШС-ның жұ­мыс­шы­лар алдындағы қарызы өтел­меген. Жоспардан тыс жеті тек­серу жұмысы жүргізіліп, анық­талған заңбұзушылықтарды жою үшін нұсқау берілген. Оларға қа­тысты әкімшілік іс қозғалып, 2,4 млн теңге айыппұл салынған. Жүр­гі­зілген жұмыстың нәтижесінде 64 қызметкерге 6,4 млн теңге тө­лен­генімен, бүгінгі күні кәсіпорынның 100 қызметкер алдындағы жалақы қарызы 44 млн теңгені құрайды. Ақпан айында Алматыда психо­неврологиялық интернаттың кір­пішін қалап, сыртын әктеп, сыр­лаған құрылысшылар жарты жыл­дан бері маңдай тер ақыларын ала алмай сабылып жүргенін айтып, біраз мекеменің есігін қағып, та­банын тоздырған болатын. Мер­дігер компания 400-ге жуық жұ­мысшыға 40 миллион теңге бе­решек болып қалған. Сол кезде «құр­ғақ уәдеге тойдық» деген құ­рылысшылар ақыл-есі кеміс бала­ларға арналған интернаттың құ­рылысын тоқтатып та тастаған еді.

Әрине, өз қаражатына қол жеткізе алмай жүрген жұмыс­шылардың көбі істеген жұмысын нақтылайтын қағаз жүзіндегі келісім болмағаннан зардап ше­геді. Көбіне бұл жағдайға құрылыс саласында, ауылдық жерде мал бағушылар ауызша келісіммен жұмыс істеп ұрынатыны анық. Бұ­ларды құл десе де болады. Ал біреу­дің табанақысын жейтіндерді құл иеленуші демегенде, кім дейміз?

Мысалы, халықаралық Walk Free Foundation қорының мәлі­метінше, әлемде 40 миллионнан аса адам құлдық қамытын киіп жүр. Құлдар саны жөнінен Сол­түстік Корея – бірінші орында. Ал алғашқы ондық құрамына Эри­трея, Бурунди, Ауғанстан, Пәкіс­тан, Иран мен Камбоджа кіреді. Біз­дің елде де құлдыққа ұшыраған­дар жетерлік. Соңғы он жылда Қа­зақстанда 1,5 мың адам құл­дық­қа түскен. Мысалы, 11 ай бұрын із-түзсіз кетіп табылған Ақтөбе қаласының тұрғыны Жангелді Міржақып Темір ауданы Кеңқияқ ауылында құлдықта болған. Орта­лық базарда жүрген оған бөгде адам келіп ұсыныс білдірген. Сөй­т­іп, ол айына 30 мың теңгеге мал бағуға келіскен. Осы келісіммен Жангелді Міржақып ауылға барып, ірі қара мал мен қой баққан. Бірақ шаруашылық иесі оған жалақы төлемей қойған. Кейде ұрып, жа­залап келген. Жангелді Міржа­қып­қа бірнеше ай бұрын іздеу жа­рияланып, ішкі істер органда­рының жоғалғандар тізіміне қо­йылған. Қойды қозысына қоса алмаған кезде шаруашылық иесі оны кезекті рет соққыға жыққан, сол жерде сауыншы болып жұмыс істейтін ауыл тұрғыны полицияға хабар береді.

Құқық қорғау орындары тек­серу барысында еркінен тыс жұ­мысқа жегілгендер де табылып жатады. Олардың көбі жаңа сөз болған Жангелді сияқты іздеу жарияланып, жоғалып кеткендер тізіміне енгендер. Осындай тексе­ріс кезінде 59 жастағы қараған­дылық азаматты Ақтоғай ауда­нын­да қыстақтың бірінде мал бағып жүрген жерінен тапқан. Құлдықта үш жылын өткізген Михаил қашып кетуге мүмкіндік болғанын, бірақ қыстақ облыс орталығынан 400 шақырым жерде орналасқан­дық­тан, жолда ұсталып, тепкінің ас­тында қалудан қорыққанын ай­та­ды. Ол да ауызша келісіп, артынан осы ісінен опық жеген адам.

Ал елімізде зейнетақы ауда­рым­дарының жаңа ережелері қа­былданып, келесі жылдың 1 қаң­тарынан бастап әр жұмыс беруші өз қызметкерінің есепшотына 10 пайыздық міндетті зейнетақы жар­насынан бөлек, өз қаражаты есе­бінен 5 пайыз зейнетақы жарнасын аударуға міндеттелетін болды. Міне, осы кезенде нақты жұмыс­шы­лардың санын жасыру амал­дары жүзеге асып кетер ме деген де күдік басым. Сондықтан әр адам қандай жұмыс істесе де, келісім­шарт­қа отырып жұмысқа кіріскені абзал. Келісімшарт болмаса, ең­бек­тің арты дауға ұласатыны сөзсіз!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ