«Мылтық жоқ» – Атырауда қасқыр қаптап кетті
«Мылтық жоқ» – Атырауда қасқыр қаптап кетті
142
оқылды

Шопандардың қолында бар қару-жарағын, құжаттары болмаған соң, полиция тәркілеп алған, – деп жазады «Спутник Қазақстан».

Азғырдың құмында қасқыр қаптап кетті. Шопандардың көзінше малды тамақтап кетіп жатыр. Шопандардың қолында мылтығы жоқ болғандықтан, шарасыз күйде отыр. Бірлі жарым мылтықты полиция жинап алған.

«Күні кеше ғана қасқыр шауып, бір бас қойды тартып жеп кетті. Оны не істейміз? Ататын мылтық жоқ. Жинап алып кетті. Енді кері алайық десек, қырғын құжат керек. Малды төлетеді, нанбайды. Мал бағу қиындап барады», - деп мұңын шақты асыл тұқымды қой зауытының шопаны Аманғали Ғаббасов.

Шаруашалыққа қарасты он бес отарда 12 мыңнан астам қой қыстауға түсті. Әзірге күн жылы болғандықтан мал өрісте жайылады. Бірақ қасқыр тыным берер емес. Шаруашылықта экспортқа асыл тұқымды еділбай қойы бағылатындықтан, мұнда мал басы қымбат. Саулық қой 60 мың, қошқары 120 мың теңге тұрады. Қасқырға жығылған қойларды қалтасынан төлейтін шопандар шаш етектен шығынға батып жүр.

«Барлық жерде де ит-құс көбейіп кетті. Аулауға заң жоқ. Қазір мылтықты рұқсат жоқ деп полиция тәркілеп алды. Мысалы, көрші Ресейде милиция келіп, өздері тіркеп заңдастырады. Бізге де сондай көмек бола ма екен?», – дейді қой фермасының меңгерушісі Амангелді Қабдолов.

Көмек болмайды екен. Себебі заңсыз от қару ұстауға рұқсат етудің өзіндік ережесі бар. Тек биылдың өзінде Азғыр өңірінен 6 мылтық тәркіленген. Себебі құжаттары жоқ. Атырау облысы полиция департаментінің ресми өкілі Гүлнәзира Мұхтарова: «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау" туралы заңға сәйкес, органдарда тіркелмеген қару-жарақтар тәркіленеді. Үйінде заңсыз қару ұстаған адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді.

Полиция шопандарға қару иелену үшін, алдымен, құжаттарын рәсімдеуге кеңес берді. Содан кейін учаскелік инспектордың рұқсатымен ғана мылтық сатып ала алады. Ал жергілікті билік құқық қорғау органдарымен бірлесіп түйткілді мәселені шешпек.