Түркістан облысы Қазығұрт ауданының бір топ балабақша тәрбиешілері жалақының төмендеп кеткенін айтып, басшылыққа наразылық білдіріп, редакциямызға хабарласты. Атап айтқанда, Қазығұрт ауданындағы «Шолпан» бөбекжай-балабақшасында жұмыс істейтін көмекші тәрбиеші Мухаббат Шындәулетова балабақша басшылары «қаржы жетіспейді» деген сылтау айтып, бір топ қызметкердің штат бірлігінің бөлігін қысқартып тастады деп шағымданады. Ал аудандық білім бөлімі қысқарту балабақшадағы бала санының кемуіне байланысты екенін жеткізді.
«Шолпан» бөбекжай-балабақшасында жұмыс істейтін 9 тәрбиешінің атынан редакциямызға және Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаевтың атына жағдайға араласып, оң шешуге ықпал етуге өтініштерін жеткізді. хат жолдаған көмекші тәрбиеші Мухаббат Шындәулетова былай дейді:
«Мен, Мухаббат Шындәулетова Қазығұрт ауданы «Шолпан» балабақшасында 2005 жылдан бері тәрбиешінің көмекшісі болып жұмыс істеймін. Жұмыс өтілім 15 жыл. №77 қаулы бойынша бекітілген 1,15 штат бірлігімен осы уақытқа дейін жұмыс істеп келгенмін. Алайда 2019 жылдың маусым айынан бастап аудан әкімі Т.Телғараев мырзаның штат қысқарту керек деген қаулысы бойынша неше уақыттан бері алынбаған 1,15 штаттық бірліктен (ставка) әрқайсымыздан 0,10 ставкамызды, қарсылық танытсақ та, балабақша меңгерушісі Саяра Ноғаева ханым алып қойды. Балабақшада 12 топ жұмыс істейді. Сол топтардың 11 көмекші тәрбиешісінен қыркүйек айының 26-нан бастап алды. Айтатындары – «қаржы жоқ, жетпейді, қарызбыз» деген бітпейтін мәселе. Зейнетақы қорымызға да ақшамызды дұрыс аудармайды. Негізінде, көмекші тәрбиешілерге 0,15 қысқарту келген. Сондай-ақ бізде қауіпті топ деп аталатын «Санаторный» тобы бар. Ол топқа келетін балалар апта бойы балабақшада жатып тәрбиеленеді. Қысқарту негізінде сол топтың 1 штаттық бірлігіндегі тәрбиешісіне келген еді. Алайда балабақша меңгерушісі С.Ноғаева ханым қайта-қайта жиналыс жасағанмен, ол штатты ала алмай, соңында оны бізден алып қойды. Оның шамасы тек бізге жетті. Қанша айқай болды, біз келіспесек те, ештеңеге қол қоймасақ та, бізден заңсыз түрде алды. Жалақымыз енді ғана көтеріліп жатыр еді. Осылайша, аудан әкімдігі, аудандық білім бөлімі және қаржы бөлімі бар – бәрі сыртымыздан келісіп, 10 штаттық бірлігімізді қысқартты.
Көмекші тәрбиешінің мәліметінше, ашынған қызметкерлер жиналып, аудан әкімі Т.Телғараевқа, білім бөлімінің басшысы А.Үйсінбев пен қаржы бөлімінің басшысы М.Сапиевке барған. Олардан ешқандай көмек болмапты. «Халыққа қызмет жасап отырған азаматтарымыз ештеңе шешпеді. Аудандық білім бөлімінің басшысы қасындағы нөкерлерімен келіп, жиналыс өткізіп кетті. Бәрі балабақшада бала саны аз, сондықтан бала тауып, санын көбейтіңдер дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Ал басшымыз С.Ноғаева «мен балабақшаның жүйесін онша түсінбеймін, мектеп болса, онда қатырар едім дейді» деген Мухаббат Шындәулетова жиналысқа көңілі толмағанын айтады.
Айтуынша, балабақшада басқа да қысқартулар болған. Атап айтқанда, көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ауыспалы тәрбиешілер де бар. Араларындағы 0,5 штаттық бірлікте жұмыс істеп жүрген 3-4-5 балалары бар аналарға обал болыпты. Себебі алатын жалақыларының мөлшері – бар-жоғы 20-25 мың теңгенің төңірегінде. Оладың араларында жалғызбасты аналар бар. «Бұрын Үкіметтен қаржыға қатысты ешқандай мәселе болмай келді. Қаржы жеткілікті болды. Енді қымбатшылық болған сайын алатын ақшамыз да ештеңеге жетпей жатыр. Ең болмаса, топқа қажетті ойыншықтар мен оқу құралдарын да дұрыстап әпермейді. Ойыншықты ата-аналар өздері сатып әпереді. Ал төсек-орын, сүлгілер тозған» дейді ол.
Көмекші тәрбиешімен сөйлесіп білгеніміздей, бұрын 1,15 штаттық бірлік бойынша алып келген жалақының шамамен қолға тиетіні 66 мың теңгедей болған. Ал 0,10 штат бірлігін қысқартқан соң жалақысы шамамен 5-6 мың теңгеге кеміген. Көзге аз көрінгенмен, бұл сома олар қымбатшылық қысқан заманда өте қажет екенін айтады. Сондай-ақ балабақшаға жетпейтін баланы қайдан табамыз дегенді алға тартқан ол қысқарту кезінде бірқатар келеңсіз жағдайдың болғаны туралы айтты.
«Меңгеруші Саяра Ноғаева ханым «қайда барсаңдар да баратын жерлеріңе бара беріңдер, қолдарыңнан ештеңе келмейді. Есік ашық, білгендеріңді істеңдер» дейді. «Маған десеңдер, телевидение шақырсаңдар да бәрібір, менікі дұрыс. Соттассаңдар, сотта мен жеңіп шығамын» деп үстелді ұрып, кілтін лақтырып айқаймен шығарып салады. «Кабинетке кірмеңдер» деп әкесінен мұраға қалған кабинеттей қызметін асыра пайдаланады. Nur Otan партиясы Қазығұрт аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары – С.Ноғаеваның күйеуі. Ол соған сенеді. Сондықтан біз Ноғаевадан мардымды жауап ала алмадық және әділдік болмаған соң өздеріңізден «Шолпан» бөбекжай-балабақшасының қызметкерлері атынан бізге тиесілі штат бірлігімізді қайтарып беруге ықпал етуді өтінеміз», – деп бір топ көпбалалы аналардың жанайқайын жеткізген Мухаббат Шындәулетова.
«Шолпан» бөбекжай-балабақшасында жағдайдың анық-қанығын білмек болып, Қазығұрт аудандық білім бөлімінің басшысы Асан Үйсінбаевқа хабарластық. Редакция мен Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне ұжым атынан Шындәулетова Мухаббаттан келіп түскен Қазығұрт елді мекеніндегі «Шолпан» бөбекжай-балабақшасы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны меңгерушісі Саяра Ноғаева іс-әрекетіне қатысты жазған арызы бойынша берген мәліметінде білім бөлім басшылығы былай дейді:
«Аудандық білім бөліміне қарасты «Шолпан» бөбекжай-балабақшасының қаржылық жағдайы.
Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесін бекіту туралы №597 бұйрығына сәйкес, әрбір балаға 30 150 теңгеден белгіленген. «Шолпан» балабақшасы 320 орынға арналған, бірақ қазіргі таңда 280 бала келіп жатыр.
Қазығұрт аудандық «Шолпан» бөбекжай-балабақшасына 1-3 жас аралығындағы 110 балаға 20 284 теңгеден, 3-6 жас аралығындағы 170 балаға 30 150 теңгеден белгіленген.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 24 қыркүйектегі №248 қаулысына сәйкес, «Шолпан» бөбекжай-балабақшасынан 13,9 штат бірлігі қысқарып, 69,15 штат бірлігі бекітілген. Мекеме қызметкерлерінің еңбекақысы, әлеуметтік жарналары және басқа да шығындарға 1 айда жалпы 7 200 теңге жұмсалуда. Яғни, ай сайын 1 500 теңге қаржы жетіспеушілігі бар. Осыған байланысты, биыл 1 қазанда 14 344 419 теңге қарыз қордаланды, жыл соңына қарай қарыз 20 093 теңгеге жетуі мүмкін. Мұнда қаржының 90 пайызы айлық жалақы қорына жұмсалады.
Алдағы уақытта осындай қарыздардың алдын алу мақсатында, әлі де штат бірліктеріне оңтайландыру жұмыстарын жүргізу қажеті туындап отыр.
Аудан әкімдігінің 2019 жылғы 24 қыркүйектегі №248 қаулысына сәйкес, Мухаббат Шындәулетованың 1,05 штат бірлікте жұмыс істейтіні рас (8 сағат 33 мин) делінген жауапта.
Осы жағдай бойынша Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаевпен тілдестік. Бейсенбай Дәулетұлы, аталған мәселенің анық-қанығын анықтау үшін нақты тапсырма берілгенін жеткізді.
Әрине, бұл мәселеде аудандық білім бөлімі мен басқа да тиісті жергілікті биліктегі басшылық жағдайды ушықтырмай, түзде де, үйде де бала тәрбиелеп жүрген аналар мен өзара түсіністік орнатып, проблеманың оң шешілуіне ықпал етеді деп сенім артамыз.
Түркістан облысы