Е.Ертісбаев: Оппозиция 90-жылдардағы ауруынан айыға алар емес
Е.Ертісбаев: Оппозиция 90-жылдардағы ауруынан айыға алар емес
185
оқылды

Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламенттік оппозиция мәртебесін заң жүзінде бекітті. Атап айтқанда, билеуші партия өкілі саналмайтын, оппозициядан сайланған депутаттарды парламенттік тыңдауларда да, бірлескен отырыстарда да ешкім микрофоннан айыра алмайды, міндетті түрде сөз берілуі керек. Олардың Парламент төрінен кез келген мәселені көтеруіне жол ашық.

Өз кезегінде билеуші партия Nur Otan да жүйелі «қайта жандандыру» процесін іске қосып, халық арасынан астарлы ақиқатты, ащы шындықты жеріне жеткізе айта алатын, кешенді мәселелерді көтеруге қабілеті жететін беделді қоғам өкілдерін праймериз арқылы өзінің партиялық тізіміне іріктеп алды. Олардың біразы бұған дейін партияға мүше болмаған, тіпті оны аяусыз сынап келген. Бұл – демократияландыру бағытындағы маңызды қадам. Бұқараға осылайша, Парламентке ең озық өкілдерін жіберуге мүмкіндік берілді. Саяси ғылымдарының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Ермұхамет Ертісбаев zakon.kz ақпараттық агенттігінде жариялаған сараптамасында өзін «конструктивті оппозиция» деп атайтындар ескі дәйектемелерін өзгертпей, әлі күнге соны малданып отырғанына назар аудартты. Әлем де, заман да, ел де өзгерді. Ал оппозиционерлер туындаған кезде-ақ көнеріп қалған «аңыздарға» жабысуын қояр емес. «Мысалы, былтыр Н.Назарбаев президенттік билікті Қ.Тоқаевқа тапсырғаннан бастап, биылғы күзге дейін олар бір ойды қайталаумен болды: «Парламенттің сайлауы мерзімінен бұрын өтеді». Олар мұның оқиғалардың өрбу қисынына сай келмейтініне де назар аудармады: тіпті Nur Otan-ға ішкі реформаларды және праймеризді өткізу үшін уақыт қажет болатын. Бұған бір жылдан артық дайындалды. Дәл сол сияқты оппозиция Үкіметтің отставкаға кететінін айтумен болды. Соған қарамастан Қ.Тоқаев мемлекеттің институттарға адалдығын сақтады, сайлау конституциялық мерзімінде, яғни 2021 жылы өтеді», – деді Е.Ертісбаев. Ол тағы бір «аңызды» еске салды: оппозициялық орта «Назарбаев Президент лауазымына қайта оралады» деп дүркін-дүркін дүрлігіп қояды. Мұны Nur Otan-ның таяудағы ХХ съезі жоққа шығарды: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір-біріне қолдау білдірді, екеуінің де күн тәртібі ортақ екенін анық аңғартты. Партия Төрағасы партиялық істерге күш-жігерін шоғырландырады. Президент болса, жаңа бесжылдық партиялық бағдарламаны өзі ұсынды, елдің алда қалай әлеуметтік-экономикалық дамитынын да баршаға өзі түсіндірді. «Негізі, билік қуатты болған жағдайда оппозиция күш біріктіріп, ортақ майдан болып күреске шыққаны абзал. Саяси қисын барлық оппозициялық күштерді кез келген шиеленістерін кері ысырып, ортақ мақсат үшін бірігуге итермелеуі тиіс еді. Олай болмады. Оппозицияның дәйектесі біреу ғана: оппозициялық күштердің бірігуіне билік кедергі жасап отыр. Неге ЖСДП әрекеттерінен түк шықпады? Өйткені ол қажетті ресурстарды, соның ішінде қаражатты жинай алмады. Ал материалдық тұғырың мықты болмай, билікке таласың – есіл іс. Бұл – Қазақстандағы наразы күштердің ескі ауруы. Олар онымен 90-шы жылдары да науқастанған. Қазір де айыға алар емес. Мұның себебі, ол өмірмен бірге өзгергісі, жұмыстың жаңа әдістерін үйренгісі келмейді. Салдарынан, олар өз қателіктеріне өзгелерді, сыртқы факторларды кінәлай береді», – деді Ермұхамет Ертісбаев. Саясаткер әлемдік тәжірибеге сілтеме жасай отырып, билікті күшпен құлату бұқара халықтың тұрмысының құлдырауына, елдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің нашарлауына, тіпті азаматтық соғысқа соқтыратынын еске салды. «Алайда билік қарсыластарын тыңдасаңыз, олар бір байламды қайталай береді: «революция деген жақсы, бұл әлденені өзгертудің жалғыз мүмкіндігі» дейді. Көрші Қырғыз республикасында ХХІ ғасыр басталғалы үшінші революция болды. Енді бір клан екіншісін төңкеруде. Кезінде «орталықазиялық Швейцария» мәртебесінен үмітті болған ел өзгеден, Ресейден, Қазақстаннан қаржылық, азық-түліктік және дәрі-дәрмектік көмек сұрап, алақан жаюға мәжбүр. Мысалы, Қырғызстанның сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев қазан айының соңында елімізге көмек сұрай келді. Мемлекеттік институттар әлсіреген шақта төл қарулы күштері бар элементтер, көбіне қылмыстық топтар үстемдікке ие болады. Осыны ұмытпайық!» – деді Ермұхамет Ертісбаев.