600 адам баспана кезегіне заңсыз тұрған
600 адам баспана кезегіне заңсыз тұрған
130
оқылды

Шығыс Қазақстанда 600 мемлекеттік қызметкер баспана кезегіне заңсыз тұрған. Бұл облыстық прокуратура жүргізген тексерудің нәтижесінде белгілі болды.

Атап айтқанда, олардың алтауы елден кетіп, өзге мемлекетте тұрып жатыр. 164 адамның тұрақты тіркеуі болмай шықты. 107 тұрғынның өз баспанасы бар екені және 283 тұрғынның басқа облыс аумағында тұратыны анықталған.

Мәселен, кезекте тұрғандардың бірі үш жылдан бері елордада тұрады екен. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте емес, ЖШС-да істейді. Осыған қарамастан Өскеменде баспана кезегінде тұр.

Сонымен қатар облыс бойынша «мүгедек баланы тәрбиелеп отырған отбасы» санаты бойынша есепте 761 отбасы тұр. Алайда 47 отбасының баласы кәмелетке толған. Сол себепті оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мүмкін емес. Яғни, ондай заңнамалық норма жоқ. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес 18 жасқа толған мүмкіндігі шектеулі балаларға қайтадан есепке тұру қажет.