Исламбек Салжанов: Волонтерлік қызмет еткен кезді ең­бек кітапшасына еңбек өтілі ретінде енгізу во­лон­терлер санын көбейтуге сеп болады
Исламбек Салжанов: Волонтерлік қызмет еткен кезді ең­бек кітапшасына еңбек өтілі ретінде енгізу во­лон­терлер санын көбейтуге сеп болады
226
оқылды
Қайырымдылық пен волонтерлік – қазақ халқына тән қасиет. Қилы замандарда қазақ даласына қоныс аударған өзге ұлт өкілдеріне құшағын ашқан, қолындағы нанын бөліп берген  халқымыздың жомарттығы соған дәлел.  Бүгіндері де  қайырымдылықпен   айналысатын адамдар мен ұйымдар баршылық. Олардың белсенді жұмысына пандемия кезінде куә болдық та. Тек волонтерлер мен қайырымдылық қорларының жұмысын зерттеп, зерделеп отырған ешкім жоқ.  Сондықтан елімізде қайырымдылық мәселесі бойынша зерттеу жүргізетін институт құру қажет.  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг қатысушылары – қайырымдылық жасауды өмірлік салтына айналдырған жандар осындай ұсыныс тастады. Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжановтың айтуынша, GIVING USA  дерегіне сәйкес, 2018 жылы америкалықтардың қайырымдылыққа  жұмсаған 400 млрд доллары­ның 71%-ын қатардағы америкалықтар, яғни қарапайым халық аударады екен. 16%-ын қо­ғам­дық қорлар жинаған. Корпорациялар 5%-ын ғана аударған. Бұл дерек АҚШ халқының қайырымдылыққа тұтас ел болып қатысатынын көрсетеді.  Ал біздің елде мұндай статистика жоқ. Тек бейресми статистика  Қазақстандағы әр сегізінші тұрғын  волонтер екені айтылады.
 «Мемлекет басшысы 2020 жылды  Волонтер жылы деп жариялады. Биыл бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да  волонтерлік ұйымдардың жұмысының қалай күшейгеніне куә болдық. Пандемия кезінде еріктілер аянбай еңбек етіп, үлгі көрсетті. Тәжірибе көрсеткендей, біз  осы жылмен шектелмей, одан әрі елімізде еріктілерді де, қайырымдылық қорларын да белсенді дамытуымыз керек. Осы ретте, Қазақстанда қайырымдылық мәселелері бойынша зерттеу­лерді, оқыту мен қоғамдық түсінікті ілгерілететін Giving USA Foundation сияқты өз инсти­тутымызды құру керек», – деді Исламбек Сал­жанов.  
«Шұғыла» қоғамдық қоры пандемия кезінде танымал бола түсті. Себебі дәл осы қордың ұйымдастыруымен халықтан қаржы жиналып, 4 мыңнан астам оттегі концентраттары сатып алынды.  «Шұғыла» қоғамдық қорының құрылтайшысы Мейірхан Абдрахмановтың айтуынша, қор  жағдайы төмен, оның ішінде көпбалалы, толық емес, сондай-ақ мүгедек бала­лары бар отбасыларға бірнеше бағыт бойынша көмек көрсетеді.
«Соның бірі «Береке»  жобасы бойынша азық-түлік қорабын жасап, жергілікті әкімдіктен  мұқтаж жандар тізімін алып таратамыз. Екінші жобамыз «Жылу сыйла» деп аталады, тұрмысы төмен отбасыларға көмір таратамыз.  Соңғы 5 жылда 3 млн 600 мың тонна көмір үлестірдік.  «Отбасы отбасыға көмектеседі» жобасы аясында тұрмысы жақсы адамдардың  артылып қалған киімдерін арнайы дүкендерімізде қабылдаймыз, мұқтаж адамдар өздері келіп, ұнағанын алып кетеді. 3-4 жылдың арасында 96 тонна киім тараттық. «Мектепке жол» жобасы аясын­да баласын мектепте дайындауға қиналып отыр­ған отбасылардың балаларын кеңсе заттарымен жабдықтаймыз. 5 жылда 36 млн теңгенің затып әпердік. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға флюрография, МРТ ақысын төлейміз. Сал ауруына ұшыраған балалардың массаж шығы­нын көтеріп, кинезатерапиясына көмектесеміз», – дейді қор жетекшісі.
Қор бұдан бөлек,  биыл «Білім жолы» жобасына қатысып,  тұрмысы төмен отбасы­лардың мектеп бітіруші балаларын ҰБТ-ға да­йын­дады, ағылшын тілін үйретті. «Клуб добряков» еріктілер қозғалысының не­гізін қалаушы Гүлмира Әбдірашева биыл еріктілікке көп адам келе бастағанын айтады.
«Әлеуметтік желілер мен әлеуметтік медиа – инфлюенсерлердің арқасында еріктінің патриот екенін жеткізу күннен-күнге оңайырақ болып келеді. Десе де, волонтерлерді ынталан­дыру үшін әлі қолдау шаралары керек. Адамдар көмектескісі келеді, бірақ қалай көмектесу ке­ре­гін білмейді. Біздің клуб балалар үйі мен қарт­тар үйіне барады. Оларға айпад пен айфон қа­жет емес, ең бастысы көңіл керек, сондықтан во­лонтерлердің бірі тоқашы мен бәлішін пісіріп апа­рады, енді бірі шұлық тоқып береді. Қарттар үйінің тұрғындары   әңгіме-дүкен айтатындарды, шахмат пен дойбы ойнайтындарды асыға күте­ді», – дейді. 
Ал    Green Tal әлеуметтік шеберханасының не­гізін салушы кәсіпкер Эмин  Аскеров волон­терлік трендке айналатындай заңға толықтыру­лар енгізілсе деген әріптестінің ұсынысын қол­дады.
«Мысалы, волонтерлік қызмет еткен кезді ең­бек кітапшасына еңбек өтілі ретінде енгізу во­лон­терлер санын көбейтуге сеп болар еді. Сонымен бірге, қайырымдылықпен айналы­сатын адамдарды ақпараттық қолдауға назар ау­д­арылса деймін, себебі менің жанымда осы зама­нның батырлары отыр, ал оларды ел білуі керек. Олардың өмірлік тәжірибесімен таныс­қаннан кейін өзгелер де қайырымдылықпен айналысуға бет бұрады», – дейді ол.
Қайырымдылықпен айналысып жүрген­дердің барлығы дерлік қор жұмысы, қайырым­дылық жұмыс ашық әрі жариялы болса, халық сенімі  арта түсетінін айтады. Бұл қайырымды жандардың қатарын көбейтуге сеп болары сөз­сіз.

Айдана БЕГІМ