Зейнетақы жинақтарын баспана сатып алуға жұмсауға жол ашатын заңнамалық түзетулерді Сенат пысықтап жатыр. Соның ішінде жинаққа 10 пайыз табыс салығын салуды кейінге қалдыратын Салық кодексіне өзгерістер құпталды. Дегенмен Парламент осы реформаға қатысты құжаттар пакетін әзірге толық қабылдап үлгерген жоқ. Оның үстіне, кейбір толықтыруларға қазақстандықтар сын-ескертпе айтуда.
Жалпы, қазақстандықтар, шетелге көшкен экс-отандастар зейнетақы жинағындағы қаржысын алдын ала алған кезде оның 10 пайызын бірреттік салық ретінде төлейді. Тиісінше, бұл тәжірибені Үкімет келесі жылы жинағын тұрғын үй мен емдеуге алатын азаматтарға да қолданбақ. Депутаттар қазіргідей қиын кезеңде халық үшін бұл тиімсіз деп есептейді. Сондықтан табыс салығын зейнетақы жинағын алған кезде емес, зейнетке шыққан соң ғана төлеуді ұсынып, мұны Салық кодексіне өзгеріс ретінде енгізді. Оның өзінде бәрін бірдей аудармай, 16 жылдың ішінде бөліп төлеуге мүмкіндік берілді. Сонда халық оның ауыртпалығын сезінбеуі тиіс. Мысалы, егер БЖЗҚ салымшысы келер жылы 500 мың теңге жинағын алып қойса, оған 50 мың теңге салық есептеледі. Ол адам зейнетке шыққаннан кейін 16 жыл ішінде сол шегерілген салығын төлеуі шарт. Бұл ретте 50 мың теңгені әр жылға бөлгенде, 3 мың 125 теңгеден келеді. Егер де 1 миллион теңгесін алса, онда зейнет жасында жыл сайынғы салығы 6 мың 250 теңге болады.Үй сатуға тыйым – жекеменшікке қол сұғу
Дегенмен кейбір қазақстандықтар бұл жеңілдікті де азсынады. Олар жинақты алуға қатысты барлық шектеуді алып тастауды сұрауда. Мәселен, заң жобасына сәйкес, егер азамат зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға не соны жөндеуге жұмсаса, онда ол үйін 5 жыл бойы сата алмайды. Еліміздің іргелі өнеркәсіптік кәсіпорында басшылық қызмет істейтін Қайырбек Жәрдемов бұл шектеудің экономикалық залалы барын айтады. Ол алдағы жылы жинағына үй алмақ ниетте. «Үкімет пен Парламент зейнетақы жинағын үй алуға, үйі бар болса, тұрғын үй жағдайын одан әрі жақсартуға, сондай-ақ ипотека бойынша кредиттерін қайта қаржыландыруға пайдалану мәселесін қарастыруда. Бұл – құптарлық іс. Әйтсе де, пысықтау барысында ұсынылғандай, осы жинаққа алынған үйді саудаға қоюға 5 жылдық тыйым салу көзделіп отыр. Бұл норма менің құқығымды шектейді деп есептеймін! Өйткені БЖЗҚ-дағы жинақ – менің меншігім саналады. Демек, билік жеке ақшамды, меншігімдегі жылжымайтын мүлікті еркін қолдануымды шектеуіне құқығы жоқ. Бәлкім, мен ол үйді әлдеқайда қымбатқа сатып, зейнетақы жинағымды лезде көбейтіп алатын шығармын. Азаматтардың мұндай экономикалық белсенділігін тыюға болмайды. Бұл тұралаған экономикаға серпін береді ғой. Сондықтан ел Үкіметінен және депутаттардан мұндай норманы алып тастауды сұраймын», – дейді Қ. Жәрдемов өз хатында. Оған жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов зейнетақы жинағына сатып алынған баспананы сатуға не өзгенің меншігіне рәсімдеуге 5 жылдық шектеу қою қарастырылып жатқанын растады. – Зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заң жобасына бұл норманы әзірлеушінің өзі – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі енгізді. Бұл зейнетақы жинақтарын пайдалану кезінде спекуляциялы мәмілелерге жол бермеу үшін жасалып отыр, – деп қысқаша түсініктеме берді министр.Нұрымбетов нарықты күйретіп алмасын...
Бұл жерде Еңбек министрі басы артық сақтық танытып, асыра сілтегенге ұқсайды. Себебі ондай алыпсатарлыққа тіпті бізге үлгі дамыған елдер де жол береді. Мысалы, Сингапур ай сайынғы жалпы табысы 14 мың доллардан аспайтын жалғызбасты адамдарды және бүкіл кірісі 21 мың долларға жетпейтін отбасыларды баспанамен қамтиды: олар көппәтерлі аудандардың құрылысын жоспарлаумен және салумен айналысатын мемлекеттік ұйымға жүгінеді. Біздің Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне ұқсас осы ұйым ол отбасыға арзан кредит ұсынады. Несиені борышкер 95 жасқа дейін төлей алады.Үй кезегі азая ма?
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің дерегінше, биылғы 10 айда құрылыс саласының қарқыны 10,7%-ға өсті. Бірақ соның өзінде сала қазақстандықтардың қажеттілігін қанағаттандыра алмай отыр. Қазақстанның жалпы тұрғын үй қоры 364,3 миллион шаршы метрді құрайды. Жыл сайын ол шамамен тек 10-15 миллион м3-ке ғана көбейеді. Елімізде әрбір қазақстандыққа шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз ету 2019 жылы 22,2 шаршы метрді ғана құрады. Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-та бұл 69,7 шаршы метрге, Германия, Францияда – 39 шаршы метрге, Польшада – 25 шаршы метрге тең. Мұның сыртында әкімдіктерде тұрғын үй кезегінде тұрған адамдар проблемасы шешіле қойған жоқ. 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі аралықта осы кезекте тұрғандар жыл сайын шамамен 50 мың адамға өсіп келеді: 7 жыл ішінде 3,7 есе – 146,9 мың адамнан қазіргі 540,7 мың адамға дейін ұлғайды. Зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсау үй кезегіндегілердің қатарын селдіретеді деп күтілуде. Өйткені олардың арасында шенеуніктер, жалақысы өсіп жатқан мұғалім, дәрігер секілді бюджеттік сала мамандары бар. Олардың үлкен бөлігі зейнетақы салымын пайдаланып, «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» секілді жеңілдетілген тұрғын үй несиесі бағдарламалары немесе ипотека арқылы өз үйіне қол жеткізуі мүмкін. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, қымбат тұратын емді төлеуге немесе жеке қаржы компанияларына басқаруға беруге пайдалану мәселесі пысықталғанын жеткізді: «Мемлекет басшысының осы тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін барлық қажетті заңнамалық түзетулер қабылданатын болады», – деп уәде етті министрлік. Асыққан кімнің ісі екенін қазақ біледі. Жыл соңына дейін жылдам қабылдауға асыққанына қарамастан, жауапты мамандар заң жобасын әлден табылып жатқан олқылықтардан барынша арылтуға күш салғаны маңызды. Ал заңды қолдану кезінде анықталатын кемшіліктерді заңға түзету енгізу арқылы да түзеуге мүмкіндік болар.