Футболдан Қазақстан Премьер-лигасы аяқталды. Карантиннің кесірінен екі рет тоқтатылып, екі рет қайта жалғасқан чемпионат әдеттегідей үш айналым емес, қос айналым қорытындысы бойынша тәмамдалды.
Иә, бұл маусым алдыңғы маусымдардай емес, мүлдем өзгеше өрбіді. Ойындардың бәрі – бір қалада, яғни Алматы шаһарында өтті. Осыған орай жанкүйерлер ішкі біріншілікке АПЛ (Алматы Премьер-лигасы) деген жаңа айдар тақты. Спорт сарапшылары да бұл маусымды кейінгі 6 жылдағы ең әлсіз доп додасы деп атады. Оның бірнеше себебі бар. Соңғы 5 жылда алғаш рет бірде-бір команда еурокубоктық ойындардың топтық кезеңіне өте алмады. ҚПЛ тарихында бірінші рет матчтар көрерменсіз өтті. Әрі біріншілік ойындары бір жерде өткен еуропадағы жалғыз чемпионат атандық. Тағы бір ел күтпеген нәтиже, биыл чемпиондық атақ Алматының «Қайратына» бұйырды. Ал қостанайлық «Тобыл» күміс, елордалық «Астана» қола жүлдегер атанды. Премьер лиганың дебютанты ақтаулық «Каспий» командасы ҚПЛ-дағы орнын сақтап қалды. Көкшенің «Оқжетпесі» келер жылы Бірінші лигада өнер көрсетеді. Турнирлік кестеде төртінші орында тұрған «Шахтер» ойыншылары соңғы турда «Тобылды» жеңіп, Еуропа лигасына берілетін жолдамаға ие болды. Бесінші сатыға жайғасқан «Ордабасы» қомақты бюджетімен, қаптаған легионерлерімен ішкі біріншілікте түк те бітіре алмады. Осылайша карантиндегі доп додасы түрлі қызықтармен есте қалды. Қайрат Боранбаев басқаратын «Қайрат» футбол клубы араға 16 жыл салып Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атағына қол жеткізді. Өз тарихында үшінші рет алтыннан алқа тақты. Бұған дейін 1992 және 2004 жылдары топ жарған еді. Сондай-ақ «Қайрат» командасы биыл ең нәтижелі клуб (48 гол) атанды. Абат Айымбетов пен Вагнер Лавтың көп голы алматылық ұжымды жеңіске жетеледі. Жүлдесіз қалған «Ордабасының» шабуылшысы Жао Пауло 12 голымен чемпионаттың үздік сұрмергені атағына ие болды. Григорий Бабаян «Ордабасыдан» 2 есе аз бюджеті бар «Тобылды» бұрынғы деңгейіне қайта көтерді. «Каспий» жаттықтырушысы Срджан Благоевич те ақтаулық клубтың тізгінін ұстағалы бері команда ойыны жанданып шыға келді. Турнир кестесінде 8-9-10 орындарға жайғасқан «Тараз», «Қызылжар», «Каспий» биыл қазақстандық жас футболшыларға мүмкіндік беріп, өзіміздің футболшылардың да легионерлерден кем түспейтінін дәлелдеді. Бірінші лигадан «Ақтөбе» мен «Атырау» оралды. Келесі жылы чемпионатта енді батыс өңірінен үш команда сынға түседі. Ең өкініштісі, «Ертіс» командасының чемпионаттан ерте шығып қалуы болды. Өз кезегінде спорт журналисі Айбар Рысдәулет 2020 жыл қазақ футболы үшін сәтсіз жылдардың бірі болғанын айтты. – Биылғы ел чемпионаты барлық жағынан алып қарағанда өзгеше болды. Оның ішінде, «Қайраттың» 6 жылға созылған «Астананың» гегемониясын тоқтатқанын атап өтпеуге болмас. Шпилевскийдің жаттықтырған командасы әдемі ойын өрнегін көрсетіп, нағыз чемпиондық ұжымға айнала білді. Ал «Астана» биыл жанкүйер күткен нәтижені де, ойынды да көрсете алмады. Бұған түрлі себеп бар. Алайда тым құрығанда «Қайратқа» бәсекелес бола алмағаны өкінішті. Көптен бері жүлдеге таласып жүрген «Тобыл» күміске қол созды. Ал біраз уақыт құлдырауда болған «Шахтер» соңғы сәтте «Ордабасыдан» оза шауып, еурокубоктың жолдамасына ие болды. Мұны ешкім күткен де жоқ. Жалпы, 2020 жыл қазақ футболы үшін сәтсіз болды. Ұлттық құраманың Ұлттар лигасындағы сүреңсіз ойыны, клубтарымыздың еурокубоктағы сәтсіздігі, әйелдер мен жастар құрамаларынан да жақсы нәтиже көре алмадық, – дейді ол. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының қатысуымен клуб басшыларымен кездесу өтеді деп күтілуде. Онда келесі маусымға арналған қазақстандық спорт клубтарының бюджеттері қайта қаралмақшы. Goalkz.kz-тің хабарлауынша, футбол клубтарын мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру жалғаса береді, бірақ барлық клубтың бюджеті 30%-дан 70%-ға дейін қысқартылады. Жуырда қызылордалық «Қайсардың» қаржыландыруы 50%-ға қысқарды. Яғни, клубтың келесі маусымға арналған бюджеті 1,6 млрд теңге болды. Бұл биылғыдан 2 есе аз сома. Сондай-ақ клубты келесі маусымда жергілікті маман жаттықтыратын болды. – Қазіргі уақытта жаттықтырушылық қызметке үш үміткер бар. Атап айтқанда, бұған дейін «Қайсардың» аналитикалық жаттықтырушысы болған Қанат Шерімбетов, «Байқоңырдың» бас бапкері Ерлан Шойтымов пен жергілікті жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаев. Біз осы үш жаттықтырушының жұмыс жоспарын анықтап, лайықтысын жауапты қызметке тағайындаймыз. Жергілікті мамандар команданы Премьер-лигадағы ең жақсы нәтижеге жеткізетініне сенімдімін, – дейді Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов. Не де болса, келер жылы Қазақстан Премьер-лигасын үлкен өзгеріс күтіп тұр. Қомақты бюджетімен жақсы нәтиже көрсете алмай жүрген отандық клубтар қаржыны қысқартса қалай өнер көрсетері біз үшін де қызық. Ал УЕФА келесі маусымда үшінші Еуропа кубогін бастағалы отыр. Яғни, 2021/22 маусымынан бастап еуропалық жарыстардың құрылымы түбегейлі өзгереді. Өзгерістер Чемпиондар лигасына әсер етпейді, бірақ Еуропа лигасының топтық кезеңі 16 командаға қысқарады және үшінші еуропалық жарыс – Конференция Лигасы пайда болады. Есесіне, қазақстандық клубтар бұдан былай Еуропа лигасында оңайлықпен ойнай алмайды. Аталған лига қазіргіден әлдеқайда жоғары мәртебелі турнирге айналады. Оған тек УЕФА рейтингіндегі үздік 15 елдің өкілі ғана қатысады. (Қазақстан 24-орында). Алайда ел чемпионы «Қайрат» егер Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне өтіп, онда қарсыласынан жеңілсе, бірден Еуропа лигасының топтық кезеңіне түседі. Ал өзге 2-3 орынға ие болған қазақстандық командалар жаңа турнирде бақ сынайды. Қызықтың көкесі 2021 жылы болатын секілді. Алда маусымаралық үзіліс, сосын жаңа жылдан кейін жаңа маусым қайтадан басталады. Чемпионаттың нақты қай кезде басталатыны да жақын күндері белгілі болып қалар. Жаңа чемпионның анықталуымен, жаңа турнирдің пайда болуымен алдағы біріншілік те қыза түспек.Абылайхан ЖҰМАШ