Алматы облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының отырысы өтті. Оған облыстық мәслихат депутаттары қатысты. Жиынның күн тәртібінде еңбек құқығын қорғау және азаматтардың әлеуметтік кепілдемелері бойынша кәсіподақ мүшелерімен талқылау мәселесі қаралды.
Басқосуды Алматы облыстық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі Жанболат Жөргенбаев кіріспе сөзімен ашты. Әрі қарай Алматы облысының еңбек инспекциясы бойынша басқарма басшысының орынбасары, партия мүшесі Әділбек Далбағаев еңбек заңнамасының сақталуын бақылау бойынша баяндама жасады. – 2020 жылдың басынан мемлекеттік еңбек инспекторлары жалақыға қарыздары бар мекемелер мен кәсіпорындардың 509 қызметкерлері алдында 42,7 млн теңге жалақы қарыздары барын анықтады. Аталған мекемелердің басшыларына еңбек заңнамасы талабын жою мақсатында нұсқама беріліп, 1,7 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Нәтижесінде, 509 қызметкердің құқығы қорғалды. Биыл басқармаға 600-ден астам арыз-шағым түсіп, оған тиісті жауаптар жолданды, – деді Әділбек Егеубекұлы. Ол сонымен қатар еңбек дауларын, жалақы бойынша берешекті, қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізіліп жатқанын айтты. Келесі кезекте Алматы облысының кәсіподақ орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов мекемелердегі еңбек ұжымдарын кәсіподақ қозғалысына тарту, жаңадан бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру, жұмыс істеп жатқан кәсіподақтардың қызметін ретке келтіру бойынша жұмыстарды көпшілік назарына ұсынды. – «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрамына салалық кәсіподақтардың 12 облыстық филиалы кіреді. Мұнда 69 мыңнан астам адам мүшелікке өткен, 673 бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Орталық құрылғаннан бері 29 рет үйлестіру кеңесі өткізілді. Бұл отырыстарда кәсіподақ мүшелерінің еңбек және әлеуметтік-экономикаға байланысты маңызды сұрақтары қаралып, шешім қабылданды. Алматы облысы әкімдігі, «Атамекен» Алматы облысының кәсіпкерлер палатасы, Алматы облысының кәсіподақтар арасындағы 2018-2020 жылдарға арналған «Үшжақты келісімге» сәйкес бекітілген іс-шаралар жоспары бойынша жұмыстар жалғасын табуда, – деді Әсет Серікқалиұлы. Сөз арасында Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Алматы облыстық ұйымы көпбалалы және әлеуметтік жағынан осал отбасыларды, барлығы 800 мыңнан астам қаржыға 110 отбасына азық-түлік себеттерімен қамтамасыз еткенін де айтты. Сондай-ақ өңір бойынша 25 мың медициналық бетперде таратылып, Алматы облысында қабылданған төтенше жағдайға байланысты құрылған Birgemiz Jetisy қоғамдық қордың есепшотына біркүндік еңбекақының 242 мың теңгеден астамы аударылғанына ерекше тоқталып өтті. Жиынды қорытындылаған Жанболат Әкебайұлы еңбек құқығын қорғау бойынша жұмыстар әрі қарай жалғаса беретінін жеткізді.Әбілмансұр ЖАСАН