Мемлекеттік бағдарламалардың насихаты күшейеді
Мемлекеттік бағдарламалардың насихаты күшейеді
370
оқылды

Басқосуда өңірдегі еңбек құқықтары мен азаматтарды әлеуметтік қорғау мәселелері жан-жақты талқыланды. Жиын барысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов көтерілген мәселеге қатысты мемлекеттік бағдарламалардың орындалу жайын баяндады.

– «Еңбек» мемлекеттік бағ­дарламасы шеңберінде 2020 жылдың 1 қарашасына 67 мың адам жұмыспен қамту шарасына қатысты. Нәтижесінде, жұмыс­сыздық деңгейі – 5,2 пайыз, жас­тар жұмыссыздығы – 3,8 пайыз, әйелдер арасындағы жұмыссыз­дық деңгейі 6,6 пайызды құрады. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту жол картасы» шеңберінде 475 жобаны іске асыруға 105,3 млрд теңге қа­ралған. Бүгінге дейін жоспардағы барлық жоба бойынша жұмыс басталып, 346 жобаның құрылыс-жөндеу жұмыстары аяқталған. Жобаларды іске асыру барысында 12 579 жаңа жұмыс орындары ашылып, 10 926 адам халықты жұ­мыспен қамту орталықтары арқылы құрылған уақытша жұ­мыс орындарына орналасты, – деді Н.Нұрашов. Өңірде аз қамтамасыз етілген азаматтар саны 198 мың адамды немесе облыс халқының 9,7 па­йызын құрайды. Оның 168,9 мыңына төтенше жағдай кезінде 3,8 млрд теңгенің азық-түлік тұр­мыстық жиынтығы берілген. «Nur Otan» партиясымен бірге «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 1 643 өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға 421,4 млн теңгеге демеушілік көмек көрсетіліп, 43 отбасы тұр­ғын үймен қамтамасыз етілді. Жиынға қатысушылар мем­лекеттік бірқатар мәселеге тоқ­талды. Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалардың халық ара­сында насихатталу барысына да сыни пікірлер айтылды. Тұрғын­дарды солтүстік өңірлерге көшіру бойынша да ақпарат пен насихат төмен. «Nur Otan» партиясы Түркіс­тан облыстық филиалының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев аталған саладағы осын­дай проблемаларды болдырмау мақсатында тиісті басқарма ма­мандары мен партия мүшелерінен мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына мониторинг жүргізетін арнайы жұмысшы топ құрып, жұмысты ширата түсуге шақырды.

Әбілмансұр ЖАСАН