Кәсіпкерлер ісіне араласқаны, рейдерлік жасағаны үшін жазаны күшейту ұсынылды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың қатысуымен жоғарғы палатада «Жаңа жағдайдағы экономикалық даму: Қазақстанда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау саласындағы мемлекеттік саясатты және құқықтық реттеуді жетілдіру» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті.
Сенат басшысы отандық бизнестің маңызды мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары шағын және орта бизнесте белсенді нысандар саны артып келеді. Бірақ соған қарамастан қазақстандық шағын кәсіпорындар қызметінің негізгі саласы сауда ғана болып қалуда. Көптеген бизнес субъектілері көлеңкеде жұмыс істеуге бет бұрған. Орта бизнес нысандарының саны қысқаруда. Сенат Төрағасы банктердің шағын және орта бизнеске несие беруді азайтқанын, мемлекеттік қолдау шаралары жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары деңгейінің төмендігін және ұлттық компаниялардағы сатып алуға кәсіпкерлер үшін қолжетімді болмай отырғанын және басқа да проблемалар туралы айтты. М.Әшімбаев пандемия кезінде елімізде бизнесті қолдау жөнінде қосымша шаралар қабылданғанын атап өтті. Сенаторлар тыңдауға дайындық барысында Үкіметке шағын және орта бизнес мәселелерін шешуге ықпал етуге арналған бірқатар ұсыныс әзірледі. Олар кәсіпкерлердің қызметіне араласқаны және рейдерлік жасағаны үшін лауазымды тұлғаларға жазаны күшейтуге бағытталған нақты шараларды ұсынды. – Сенаторлар лауазымды тұлғалардың кәсіпкерлер қызметіне араласқаны үшін жауапкершілікті күшейту шараларын қолдайды. Президент атап өткендей, кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі жасау мемлекетке қарсы ауыр қылмыс ретінде қарастырылуы керек. Мемлекет басшысының бұл нұсқауын заңнамаға өзгеріс енгізу арқылы жүзеге асыруға болады. Әкімшілік құқықбұзушылық және Қылмыстық кодекстерге өзгерістер енгізу көзделуде, – деді М.Әшімбаев. Сөз соңында спикер шағын және орта бизнес саласындағы заңнаманы толық ревизиялау мен жүйелеу қажеттігіне баса назар аударды.Ерік ЕРДЕН