Мәжіліс микроқаржы және коллектор қызметтеріне қатысты жаңа заң жобасын қарайды. Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның бюросы өтіп, онда алдағы жалпы отырыстың күн тәртібінің жобасы қалыптастырылды.
Келесі сәрсенбідегі жиында депутаттар қарауына микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда ұсынылмақ. Бұған қоса халықаралық келісімдерді ратификациялайтын заң жобалары да қаралады деп күтілуде. Олардың қатарында Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы «ЮНЕСКО аясында мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығын құру туралы», сондай-ақ Қазақстан мен Грузия арасындағы халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімдер бар. Екінші оқылымда депутаттар техникалық реттеу және жол жүрісіне қатысты заң жобаларын талқыламақ. Бұдан бөлек, дене шынықтыру мен спорт жөніндегі заңнамалық түзетулерді қарайды деп жоспарлануда. Депутаттық корпусқа мемлекеттік басқару деңгейлері арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, отбасылық және гендерлік саясат мәселелеріне қатысты заң жобаларымен жұмысты жалғастыру ұсынылады. Сонымен қатар Мәжіліс Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің темекі өнімдеріне акциздер саласындағы салық саясатын жүргізу қағидаттары туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа қабылдап, ол бойынша бейінді комитеттің қорытынды әзірлеу мерзімін бекітеді.А.ШӘРІП