Тағдырдың жазуымен жарымжан болып қалған азаматтардың жұмысқа орналасуы – қиынның қиыны. Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев мүгедектерді жұмыспен қамту мәселесін көтерді.
Оған себеп, жұмыс берушілер мүгедектерді жұмысқа алуға құлықсыз. Тіпті, бекітілген квотаның міндеттерін де орындамай отыр.
«Бүгінде шамамен 690 мың мүгедек бар. Оның 90 мыңға жуығы – бала. Биыл Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейін ұлттық жоспар қабылданды. Басты мақсаты — жұмыспен қамту. Мүгедектердің 67 проценті, яғни 424 мың адам еңбекке жарамды. Бірақ оның тек 106,5 мыңы, яғни 25 проценті ғана жұмыс істейді. Жұмыс берушілер мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру квотасын орындамай отыр», – деген Сапарбаев оларды қоғамнан шеттетпеу керегін айтты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, жарымжан адамдарға мүмкіндігінше көмек көрсетіліп жатыр. 47 мың мүмкіндігі шектеулі адамға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының шарапаты тиген. Соның ішінде, 40 мың адам жұмысқа орналасқан. 900-іне шағын несие алған. Сондай-ақ министр «Алдағы екі жылда бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізу міндеті тұр. Осы мақсатта қосымша 20 мың адамды жұмыспен қамту қажет» деді.
Жоғары білімі бола тұра, «Екі қолға бір күрек таппай» сандалып жүргендер жетерлік. Бір жылда бірнеше рет жұмыспен қамту жәрмеңкесі барлық аймақта өтеді. Кәсіби кадр іздейтін мекеме басшыларының қояр талабы да жоғары. Себебі жұмыс берушілердің сылтауы көп. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін ең әуелі он жыл бұрын Елбасы көтерген болатын. «Біз оларды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймайды. Сонымен бірге өздерін қоғамның мүшесі, еңбекқор азамат ретінде сезінетін болады» деген Елбасының бастамасынан соң, сең қозғалғандай болған.
Сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова республика бойынша нақты санын анықтап, оларды тұрақты жұмыспен қамту мәселесін шешуді қолға алды. Бірақ он шақты жыл бұрын басталған бастаманың жүзеге асуына жемқорлық кедергі келтіріп отыр. Сол себепті вице-министр Бердібек Сапарбаев мүгедектікті тағайындау кезіндегі сыбайлас жемқорлықты жою үшін қос министрлікті біріктіру керек деп санайды.
«Мүгедектікті анықтау кезінде жемқорлықтың барын ашық мойындауымыз керек. Сыбайлас жемқорлықты жою үшін сырттай куәландыру тәртібін енгізуді жоспарлап отырмыз. Сондықтан екі министрліктің ақпараттық базасын біріктіру қажет. Пилоттық жоба бірнеше аймақта жүзеге асып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл процесті жылдамдатуы тиіс» деген Сапарбаевтың тапсырмасы екі жыл ішінде іске асуы тиіс.
Вице-премьер айтқан мәселе жойылса, жарымжан жандардың жолы ашыла ма? Шама-шарқына қарай шағын кәсіп ашсам деген мүмкіндігі шектеулі жандарға банктердің есігі әлі де жабық. Несиені алғанмен, уақытында төлей алмайды деп сенбейді. Нәтижесінде, мемлекетке алақан жаймай-ақ шағын кәсіп ашып, өз күнімді өзім көремін оларды кеудесінен кері итереді.
Мәселен, дені сау кезінде 8 жылдай теміржолда еңбек еткен қостанайлық Азамат Ерғалиев өндірістік жарақат алып, мүгедек болып қалады. Күні-түні табандап еңбек еткен мекеме «еңбекке жарамсыз» деп, жұмыстан шығарған. Ұзақ жыл бір бүйрегін аман сақтап қалу үшін үздіксіз емдеген дәрігерлердің үміті ақталмаған. Бір бүйрегін алып тастауға тура келген. Тағдырдың сынағына мойынсұнған азамат күнкөріс үшін, кәсіп айналысуға бел буады. Талай табалдырықты тоздырып жүріп, шағын сұлулық салонын ашады. Тағдырластарына үміт сыйлау үшін жұмысынан бос уақытында олардың шашын тегін қиып беріп, кәсіп ашуға жол сілтейді.
«Денім сау кезде теміржолда 8 жыл қызмет атқардым. Жарақат алған соң, бір бүйрегімді алып тастауға тура келді. Операциядан соң кемтар болып қалдым. Араға көп жыл салып, денсаулығым жақсара бастаған соң, еңбек етейін деп намысқа тырыстым. Шамама қарай, кәсіп ашпақ болдым. Бірақ қымбатшылық, несие бермейтіндігі көп кедергісін келтірді. Шаш қиюға қажетті құрал-жабдық сатып алуға қаржым болмады» деді ол. Азаматтың басындағы жағдай – бір ғана мысал. Ал киім-кешек тігіп, кондитер өнімдерін пісіріп, сатып күн көрсем деген тағдырластарының алдынан да шығатын кедергі көп. Азамат кәсіп ашу үшін қағазбастылықтың соңында жүргенде көрген қиындығына налиды. «Дені сау адамның өзі ұзын-сонар кезекке тұрғанға жүйкесі жұқарады. Бізге Алла сабыр берсін деп шыдамдылық танытуға тырысамын. Он есік бізге жабық болғанмен, он біріншісі ашылады. Сондықтан мақсатым жүзеге асу үшін табандылықпен күресемін» дейді. Ол қоғамдық орындарда мүгедек жандардың жүріп-тұруына қиындық келтіретін келеңсіздіктер жойылса дегенді алға тартады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту үлкен қалаларда қолға алынған. Мәселен, биыл Нұр-Сұлтан қаласында 448 мүмкіндігі шектеулі азамат Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс сұрап, өтініш айтқан. Мүмкіндігіне қарай 300 адам жұмысқа орналасқан. Мүгедектерді жұмысқа орналастыру квотасы бойынша 300 азаматтың 38-і тұрақты жұмыс тапқан. 235 азамат қоғамдық жұмыс істейді. Қалған 22-сі әлеуметтік салада еңбек етіп жүр. Тігінші, дәнекерлеуші, тігінші, аспаз болу үшін қысқамерзімді курстардан өтуде. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Абай Баймульдин мемлекеттік міндетті квотаны орындауды міндеттеу керек деген ұсынысын айтты.
– Жұмыс берушілерді еңбекке қабілетті азаматтарға жұмыс берсін. Аталған квотаны орындамағандар әкімшілік жауапқа тартылады. Бірақ, дәл осы сұраққа келгенде тағылатын айыппұл емес, азаматтық жауапкершілік басты орында тұруы қажет, – дейді ол.
Тіпті, Мемлекеттік еңбек инспекторы – Нұр-Сұлтан қаласының Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бас маманы Нұрлыбек Алшынбаевтың айтуынша, квота талабын орындамаған жұмыс берушілерге бірінші кезекте ескерту беріледі. Екінші рет талапты ескермесе, әкімшілік айыппұл салады.
Мемлекет міндеттемей-ақ жарымжан жандарға тұрақты жұмыс тауып беріп отырған кәсіпкерлер бар. Олардың пікірінше, жұмысты он екі мүшесі сау азаматтармен бірдей тындырымды істейді. Ойыншықтар шығаратын ShR Navruz plastik компаниясының директоры Рабиға Байтемірова қоғамда жарымжан адамдарды шеттету адамгершілікке жат деген пікірімен бөлісті.
– Меніңше, оларға жұмыс беруден, жауапты тапсырманы жүктеуден қашпау керек. Тағдыр болған соң, оқыс оқиғалардың алдын алу мүмкін емес. Дені сау азамат күні ертең мүгедек болып қаламын деп ойламайды. Мәселен, оқыс оқиғадан зардап шеккен, жұмыс істегісі келетін талабы болса, қолын қақпаған жөн. Олар аяқ-қолы сау жұмыссыз сенделіп жүрген тұрақсыз жұмысшылардан он есе артық. Адамның еңбекқорлығы денінің саулығымен өлшенбейді. Жарымжан жандарды көбінесе, тігін шеберханалары, қоғамдық тамақтану орындары, наубайхана, сұлулық салонына жұмысқа алады. Ойланып қараған адамға күнделікті тұрмысқа ең қажетті жұмысшылар – осылар. Себебі күнделікті тұтынатын, қолданатын заттар, қызмет көрсету қай кезде де сұранысқа ие. «Бес саусақ бірдей емес». Бірақ біз күнделікті өмірге қажет қарапайым дүниелерді ескермейміз, – дейді Рабиға Байтемірова.
Ал құрылыс заттарын өндіретін «Зерде керамика» зауытының менеджері Әкімжан Парузовтың пікірінше, зауыт-фабрикаларға мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа алу қиындық әкелмейді. Өйткені соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жұмыс істейтін алып зауыттарда адамның қол еңбегі бұрынғыдай қажет емес.
– Барлық ауыр жұмысты техника атқарады. Тек қана бір нүктені басып отырса жеткілікті. Дені сау кезінде өндірістік жарақат алған жұмысшыны «зауытта жұмыс істей алмайды» деп асығыс қорытынды шығармау керек. Жауапты жұмысшы жарымжан болып қалса да, оның көпжылдық тәжірибесі, білімі өндіріс орны үшін құнды екенін жұмыс берушілер түсінетін кез жетті, – дейді Әкімжан Парузов.
Десек те, вице-министр айтқан мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Жұмыс берушілерге айыппұл салғанның нәтижесін уақыт көрсетеді. Жігерлендіру үшін бірді-екілі кәсіп ашқан мүмкіндігі шектеулі азаматты БАҚ арқылы насихаттағаннан қайран болмай тұр.