Скриптонит рейтингте көш бастады
Скриптонит рейтингте көш бастады
117
оқылды

Қазақстандық әншілер соңғы кездері біраз байқаудан төбе көрсетіп, бірнеше музыкалық рейтингке ілініп, көш бастап жүр. Мәселен, Apple Music нұсқасы бойынша Ресейдегі ең танымал музыкант рейтингіне қазақстандық рэпер Әділ Жәлелов енді. Сонымен қатар осы тізімде қазақстандық The Limba да бар.

Apple Music нұсқасы бойынша ең танымал орындаушылар рейтингіне ену – үлкен абырой. Себебі музыкант еңбегінің еленгенін, тыңдарманның таңдауын көрсетеді. Аталған платформаның көшін отандасымыз Скриптонит бастап, одан кейін MORGENSHTERN, Zivert сынды ресейлік әншілер қостап тұр. Үштіктің реті осындай. Скриптонит – Әділ Жәлелов рэп жанрының өкілі, әнші. 1990 жылы Павлодарда туған. Юрий Дудьқа берген сұхбатында Қазақстанда жанармай құю бекетінде істегенін айтқан. Ал 2013 жылы Ресейде Gazgolder лейблымен келісімшарт жасасты. Осы ұжыммен әріптестікте бірнеше альбомын жариялады. Ол рэпты өзге де жанрлармен араластырып, әннің сөздерін түсініксіздеу орындауымен ерекшеленеді. 2018 жылы Gruppa Skryptonite жобасын ашты. Айтқандай, аталған рейтингте тағы бір қазақстандық орындаушы бар. Ол – The Limba. Оның есімі – Мұхамет Ахметжанов. Қазір әндері TikTok трендтерінен түспейтін ол жақында ресейлік Егор Кридпен бірлесіп ән жазғанын да атап өту керек. 22 жастағы Мұхамет Ахметжанов өнер жолына түскенше сантехника дүкенінде сатушы болған. Кейін ол жазған лирикалық әуендер тыңдармандар арасында сұранысқа ие бола бастады. «Подруга», «Все просто», «Синие фиалки» әндері Ресейде таныла бастаған соң оны түрлі продюсерлер әріптестікке шақырды. Әдетте тәжірибелі әншілер жаңа есімдермен қосылып, ән шырқап, сұраныста қалуды көздейді. Осылайша, Егор Крид, Андро сынды белгілі әншілер The Limba-мен дуэт болып, бірге ән шығарды.