Түлкібастықтар өз үздіктерін таңдады
Түлкібастықтар өз үздіктерін таңдады
137
оқылды

Елбасы, Nur Otan партиясының Төрағасы Н.Назарбаев «Сенім. Диа­лог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan пар­тиясының 7 серпіні» атты пар­тия­ны жаңғырту бағдарламасын ұсын­ған болатын. Бағдарлама ая­сын­да партия қатарына отаншыл, елге жанашыр азаматтар тартыл­сын деген талап қойылды. Сол мін­детке сәйкес, Түр­кістан облысының Түлкібас ауданында Nur Otan пар­тия­сының кадрлық ре­зервіне үміт­кер­лерді іріктеу жүргі­зілді. 28 қа­занда басталған пилоттық жоба 16 қарашада түйінделді.

Еліміз бойынша пилоттық жоба ретінде алғаш рет өткізілген бастаманың ұйымдас­тыру жұмыстары жоспарға сай, кезең-ке­зеңімен атқарылды. Nur Otan партиясының Түлкібас аудандық филиалына қарасты 23 бастауыш партия ұйымның мүшелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, канди­дат­тар ашық және әділетті түрде тіркелді. Ірік­теу жұмыстары партияның орталық аппа­раты бекіткен нұсаулыққа сай атқарылып, үміткерлер бастауыш партия ұйымдарына таныстырылды. Жобаны жүзеге асыруда Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы мен Түлкібас аудандық филиалы және Түлкібас ауданы әкімдігі жемісті жұмыс атқарды.

Дауыс беру шарасы барысында Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филилалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен­бай Тәжібаевты сөзге тарттық.

– Елбасының «Сенім. Диалог. Болашақ­қа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 сер­пі­ні» атты партияны жаңғырту бағдарла­масын жүзеге асыру бастамасына сәйкес еліміздің әрбір облыстарынан бір-бір ауданда пилоттық жоба негізінде партиялық кадрлық резервтерді дайындау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Аталған шара мақсаты – халықтың ортасынан шынайы көшбасшыларды анықтап, оларды партия қатарына резервке тарта отырып, елдік мәселелер мен проблемаларды бірге көтеру және оларды нақты шешу. Бұл жерде тұр­ғын­дарға бір партияға мүше болу деген мін­дет болған жоқ. Өйткені халықтың кез кел­ген өкілі халықтың өзінің жақсы баста­ма­ларын, осы ауданды дамытуға қатысты өздерінің бір жақсы ұстанымдары болса, біз бәрін қабылдауға ашық түрде шақырдық. Соған сәйкес, партияға мүше емес 23 азамат та кадрлық резервтік іріктеуге қатысып отыр. Сонымен қатар бұл жерде басым беріп отырғанымыз, көпбалалы аналарға да мүмкіндік беріп отырмыз. Бұлардың қата­рында 40 әйел мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да мүмкіндік беріп отырмыз. Сондай-ақ қатысқандардың 20 пайызын жастар құрайды, – деді ол.

28 қазан мен 4 қараша аралығында пар­тиялық кадрлық резервіне іріктеу жұ­мыс­тары жүргізілді. 100 үміткер тіркелді. Оның ішін­­де 60 ер, 40 әйел бақ сынауды жөн көр­ген. Жас ерекшеліктеріне орай, тіркел­ген үміт­керлер арасында 35 жасқа дейін 21 адам, 35-50 жас аралығында 38 адам, 50 жастан жоғары 41 адам, сондай-ақ 7 көп­ба­лалы ана олардың қатарында өзін ұсынған. Қорытынды дебаттар мен да­уыс беру кезе­ңіне 96 үміткер өтті. Олардың қа­тарында ұстаздар мен белсенді жастар да бар.

Пилоттық жоба бойынша, 5-15 қараша аралығында екінші кезеңдегі үгіт-насихат жұмыстары өтті. Тіркелген кандидаттар өз бағдарламалары мен ұсыныстарын таныс­тыру үшін ауданның әр ауылында болып, партия мүшелерімен кездесулер мен де­баттар өткізді. Сонымен қатар әлеуметтік же­лілер мен жергілікті газеттерде үміт­керлердің өмірдерегі мен бағдарламалары жарияланды. Инфрақұрылымды дамыту, жұмыссыздықты азайту, жастарға жағдай жасау, туризм мен спортты дамыту және өзге де түйткілді мәселелерді қозғап, шешу жолдарын ұсынды.

Тіркелген үміткерлерге дауыс беру 16 қарашада ауданның 15 аумағында ашық және еркін түрде өткізілді. Тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Аудандағы Nur Otan партиясының 6 мыңнан астам және Jas Otan Жастар қанатының бір мыңнан астам мүшесі, жалпы 7 мыңнан астам тұр­ғын өз таңдауын жасады. Жаңа көшбас­шы­ларды таныған түлкібастықтар билік тар­мағына азаматтар осылай таңдалғаны жөн екенін айтты. Пилоттық жоба арқылы ау­дан­ның белсенді азаматтары бір арнаға топ­тасып, Nur Otan партиясының бұл бас­тамасына ризашылықтарын білдірді.


Түркістан облысы